Қарасай ауданы Елтай ауылдық округінде заманауи логистикалық хаб ашылды. Бұл – «Focus Logistics» компаниясы жүзеге асырған ең ірі жобалардың бірі. Салтанатты рәсімге облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев қатысты.
Шараны ашқан аймақ басшысы өз сөзінде ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында Қазақстанның транзиттік-логистикалық әлеуетін дамытудың, сондай-ақ заманауи агрохабтар мен логистикалық орталықтар құрудың стратегиялық маңызы туралы айрықша атап өткенін жеткізді.
– «Focus Аksengir» логистикалық паркін ашу – қойылған міндеттерді шешудегі нақты қадам. Бұл ауқымды жобаның халықаралық сауданы дамытуда стратегиялық маңызы зор. Ол жаңа жұмыс орындарының ашылуы мен шағын және орта бизнестің дамуын қамтамасыз етеді, өңірдің инвестициялық мүмкіндігін нығайтады. Жобаны іске асыруға 17 миллиард теңге инвестиция салынып, бірінші кезең биылғы сәуір айында аяқталды. Өзінің орналасу орнының арқасында бұл аймақ еуразиялық көлік жүйесінің негізгі торабына айналуда, – деді Марат Елеусізұлы.
Облыс басшысы сондай-ақ хаб қазақстандық инвесторлардың қаражатына салынғанын, егер бұрын Алматы облысы негізінен аграрлық болып саналса, бүгінде осындай жобалардың арқасында оның өнеркәсіптік әлеуеті артып келе жатқанын жеткізді.
«Bazis-А» компаниялар тобының бірінші вице-президенті Павел Белович пайдалануға берілген нысанның 100 мың шаршы метрге жуығы екі жыл ішінде салынғанын атап өтті. Жалпы кешеннің аумағы 300 мың шаршы метр қойма ғимараттарын салуға мүмкіндік беретінін, алдағы төрт жыл ішінде алаңды толық игеру жоспарланып отырғанын тілге тиек етті.
«Focus Logistics» компаниясының бас директоры Диас Ғалиев те өз пікірін білдіріп, логистикалық хабтың іске қосылуы Алматы агломерациясын дамыту үшін маңызды бағыт болып саналатынын айтты. «Focus Aksengir» құрылысы үш кезеңге есептелгенін және барлық қажетті инфрақұрылым тартылғанын жеткізді. Бұл жұмыс кәсіпкерлікті қолдаудың мемлекеттік бағдарламасы аясында республикалық бюджет есебінен жүргізілгенін алға тартып, облыс басшылығына қолдау көрсеткені, ал инвесторларға сенім білдіргені үшін алғысын айтты.
Ресми бөлімнен кейін Марат Сұлтанғазиев құрылыстың үш кезеңі көрсетілген кешеннің макетімен танысты. Аталған жоба 2023 жылы басталған. Инвестицияның жалпы көлемі – 70 млрд теңге. Өткен жылы 13 млрд теңге игерілсе, биыл 17 млрд теңге бағыттылған.
Ресейлік Ozon маркетплейсі үшін ауданы 40 мың шаршы метрден асатын заманауи фулфилмент-орталық пайдалануға берілді. Ол сатушылар мен сатып алушыларға қолайлы жағдай ұсынып, тауарлардың кең таңдауын қамтамасыз етеді. Бүгінгі таңда 64,5 мың шаршы метрлік қоймалар жұмыс істеп тұр, ал жыл соңына қарай тағы 26 мың шаршы метр қосылады.
Келешекте А+ класындағы қоймаларды 300 мың шаршы метрге дейін кеңейту және контейнерлік терминал салу жоспарда бар. Жоба халықтың жұмыспен қамтылуына және салық базасының өсуіне тікелей әсер етеді. Осылайша, Ozon-мен ынтымақтастық 4,5 мың жұмыс орнын ашады, ал бюджетке жыл сайынғы түсімдер 5 млрд теңгеден асады. Егер қазір мұнда мыңнан астам адам еңбек етсе, онда құрылыстың барлық кезеңі аяқталғаннан кейін қызметкерлер саны 6-7 мыңға дейін өседі.
Қоймалардан басқа, «Bazis-А» компаниясы 50 мың шаршы метрге көтерме-азық-түлік тарату орталығын салуды, сондай-ақ 300 гектардан астам аумақта индустриялық аймақты дамытуды жоспарлап отыр. Оған жолдар, коммуникациялар, жатақханалар және сұрыптау стансасы кіреді.
«Focus Aksengir»-дің артықшылығы ірі көлік жолдарымен, Үлкен Алматы айналма автомобиль жолымен, теміржол вокзалымен және Қытай, Ресей және Орталық Азия елдері бағытындағы халықаралық бағыттармен тоғысады. Сондықтан бұл нысанды сауда, инвестиция және бизнес үшін жаңа мүмкіндіктер ашатын орталық десек болады.
Алма ЕСЕНБАЙ
Қарасай ауданы
