Жамбыл ауданы Қарақыстақ ауылындағы Сүйінбай Аронұлының әдеби-мемориалды музейінде Республика күніне арналған «Бөрілі менің байрағым» атты тарихи-танымдық кеш өтті. Тағылымды шараға құрметті қонақ ретінде Сүйінбай бабаның ұрпақтары Ғабиден және Ғабит Садырбаевтар, белгілі реставратор Қырым Алтынбеков, тілші-ғалым Айсұлу Қасымбек қатысты.
Кездесуге, сондай-ақ «Таңбалы», «Атамекен», Жамбыл Жабаев, Үмбетәлі Кәрібаев музейлері мен аудандық, ауылдық кітапхана қызметкерлері, ауыл тұрғындары, жастар қатысты. Келушілер музейдің негізгі қорларының бірі саналатын «Бөрілі байрақ», «Найза» сияқты жәдігерлер қойылған залға жиналды.
Елдің бірлігі мен егемендігін ұлықтайтын мерекеге орайлас ұйымдастырылған шараның өзіндік мәні бар. Мұны басқосуды жүргізген осы музейдің меңгерушісі Гүлзат Асқарова атап өтті. Мақсат – мемлекеттің төл мерекесі құрметіне Сүйінбай Аронұлының биылғы 210 жылдығы аясында ақын мұрасын дәріптеу арқылы ұрпақ санасына елдік пен ерлік рухын сіңіру, ұлт тарихындағы ұлы тұлғаларды ұлықтау екенін айтты. Сонымен қатар тарихи жәдігерлерді зерттеп, насихаттауға үлес қосып жүрген қоғам белсенділерінің еңбегін көпшілікке таныстыру.
Алғашқы сөз Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Суретшілер одағының мүшесі, академик, «Қырым аралы» ғылыми-қалпына келтіру зертханасының жетекшісі Қырым Алтынбековке берілді. Ол реставратор ретінде халқымыздың көнеден жеткен жәдігерлерін қалпына келтіруге үлкен үлес қосқан елдегі бірегей маман иесі екені белгілі. Қырым Қасенханұлы бөрілі байрақ ұғымын тереңірек насихаттау төңірегіндегі ой-пікірін ортаға салды. Өзі авторы ретінде осы музейде сақтаулы тұрған құнды жәдігердің бірі – сәукеленің қалай жасалғанын әңгімеледі. Залдан қойылған реставрацияның маңызы, тарихи-мәдени мұралардың зерттелуі туралы сұрақтарға жауап берді.
Жиында Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ғылыми қызметкері, ҚР Білім беру ісінің үздігі, әлеуметтік ғылымдар магистрі, «Қазақ тілі», «Жаһандық құзыреттер» оқу-әдістемелік құралдарының авторы Айсұлу Қасымбек қазақ тілінің құдіреттілігі төңірегіндегі зерттеулерімен бөлісті.
Кездесуде Сүйінбайдың «Бөрілі менің байрағым» өлеңіндегі рух әңгіме өзегіне айналды. Ұлт болып қалыптасудың негізгі тетіктері – рухани құндылықтар, тіл, тарих, мәдениет жайлы келелі сөз қозғалды. Бөрілі байрақ ұғымы қазақ халқының тарихы мен рухани дүниесінде терең орын алғаны, ерлік пен елдік символына айналған бейне екені айтылды. Бөрі – көне түркі халықтарының рухани қорғаушысы. Ежелгі түркілер өздерін көк бөріден тараған ұрпақ санаған. Сондықтан бөрі бейнесі бар ту жауынгерлік рухтың, батырлықтың және тәуелсіздіктің нышаны болған. Байрақ – елдің бірлігін, мемлекеттің тәуелсіздігін көрсететін қасиетті рәміз. Осы тұрғыда ақын өлеңінің мән-мағынасына кеңірек тоқталды.
Кеш барысында Жамбыл ауылдық Мәдениет үйінің директоры, жыршы-термеші Ермек Шаштайұлы Сүйінбайдың «Құсмұрын тастың үстінде» термесін орындады. Ауылдың жас өнерпаздары Жамбылдың сөзіне жазылған Жолдасхан Құрамысовтың «Менің пірім – Сүйінбай» әнін шырқады. Музей қызметкері Дана Меделхан қонақтарды жәдігерлермен таныстырып, Сүйінбайдың әйгілі «Бөрілі менің байрағым» өлеңін оқыды.
Соңында облыстық музейлер бірлестігі директорының міндетін уақытша атқарушы Мақсат Есмұратов өңірдегі руханият саласының тынысын, халқымыздың тарихи тұлғаларының мерейтойлары лайықты аталып өтіп жатқанын тілге тиек етіп, келесі жыл Сүйінбайдың ұлы шәкірті, жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 180 жылдығы екенін еске салды. Ұлттық құндылықтарды сақтау туралы маңызды ойларымен бөліскен кеш қонақтарына алғыс білдіріп, музей тарапынан сый-құрмет көрсетілді. Сүйінбай Аронұлының шөпшегі, Қазақстанның Құрметті сәулетшісі, «Құрмет» орденінің иегері Ғабит Сұлтанғалиұлы музей ұжымына ризашылығын білдіріп, өткеннің өнегесін жас ұрпақ санасына сіңірудегі еңбектеріне толайым табыс тіледі.
Серік САТЫБАЛДИЕВ
Жамбыл ауданы
