Перейти к содержимому
Главная страница » Еңбек жолы

Еңбек жолы

     Облыс әкімдігінің ұйымдастыруымен Талғар ауданының Мәдениет үйінде Еңбек күні және Жұмысшы мамандықтары жылына орайластырылған «Керуен» атты ауқымды іс-шара өтті. Оған аймақтың барлық ауданынан еңбек ұжымдары, ардагерлер, «Еңбек жолы» және «Парыз» байқауларының өңірлік кезеңдерінің жеңімпаздары мен жүлдегерлері қатысты.

Шара кезінде өткен көрмеде 10 ауданнан келген, өз ісін жаңа бастаған 42 кәсіпкер, 23 мемлекеттік грант иегері қатысушылар назарына өз өнімдері мен бұйымдарын ұсынды. Сондай-ақ бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылып, бірқатар кәсіпорын өкілдері жұмысшы мамандарын өз мекемелеріне жұмыс істеуге шақырды.
Қарасай ауданындағы Батан ауылын­да орналасқан «NUR-DIM» ғылыми-өндірістік орталығы» ЖШС электр тауарларын шығарады. 2016 жылдан бастап жұмыс істейтін бұл кәсіпорында қазірдің өзінде 100-ден аса адам еңбек етеді. Зауыттың өніміне деген сұраныс жоғары болғандықтан, оны ары қарай дамыту үшін тұрақты жұмыс істейтін технологтар мен операторлар қажет.
Ал Жамбыл ауданының Қарғалы ауылындағы «Жол» ЖШС жолдар мен автомагистральдар салу үшін осы бағыттағы мамандарды жұмысқа шақырды. «PepsiCo» компаниясы болса, Алатау қаласында ашылатын «LayS» картоп чипсілерін шығаратын жаңа зауытқа жұмысшылар қабылдайты­нын жариялады. Басқаша айтқанда, көрмеге келгендердің барлығына жұмыс берушілер ұсынған бос орындар бойынша өздеріне лайықты жұмыс табу мүмкіндігі туды. Осыған орай жұмысшы мамандар шара қатысушыларын өз мамандығының негізімен таныстырды.
Шараның ресми бөлігі ғимараттың көрермендер залында өтті. Оны ашқан облыстық мәслихаттың төрағасы Қуат Байғожаев Жұмысшы мамандықтары жылында өткізіліп жатқан бұл шараның маңызын айрықша атап өтті.
– Еңбек – әрбір адамның өміріндегі маңызды құндылық­тың бірі. Ел экономикасының дамуы, халықтың әл-ауқаты, қоғамдағы тұрақтылық – бұл еңбекқор азаматтардың қажырлы еңбегінің нәтижесі. Сонымен қатар Мемлекет басшысы осы жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялады. Бұл – жұмысшы мамандықтарының маңыздылығын арттыру, жастарды еңбекке тарту және нарықта сұранысқа ие мамандықтар үшін білікті кадрлар даярлау жолын­дағы нақты қадам. Жастарға еңбек ету, адал еңбектің құндылығын түсіндіру, жас ұрпақты Отанға және еңбекке деген сүйіспеншілік рухында тәрбиелеу – біздің басты міндетіміз, – деді ол.
Шараға Талғар ауданы әкімінің орынбасары Айбек Бидаев, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы аудандық филиалының өкілдері қатысты. Облыстық мәслихат төрағасы Қуат Байғожаев бастап келген делегация аймақтың түрлі аудандарынан келген кәсіпкерлер мен олардың көрмеге қойған өнімдерімен танысты. Шара барысында «Еңбек жолы» және «Парыз» өңірлік байқау­ларына қатысқан еңбек ұжымдары марапатталды. Оларға сертификат тапсырған Қуат Байғожаев еңбек ұжымдары мен бизнестің өзара іс-қимылы өңірдің әлеуметтік-эконо­микалық дамуы үшін аса маңызды екенін атап өтті. Шара мерекелік концертпен аяқталды.

Құтмағамбет ҚОНЫСБАЙ

Талғар ауданы