Жамбыл ауданының әкімі Нұрлан Ертас Алматы облыстық қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық «Алатау арайы» және «Огни Алатау» газеттерінің бас редакторлары Қуаныш Тұнғатар мен Забира Сайділдинаны және белгілі жазушы, облыстың Құрметті азаматы Нағашыбек Қапалбекұлын арнайы қабылдады. Қаламгерлермен кездесуде қоғам өмірінде баспасөздің маңызы туралы әңгіме өрбіді.
Басылым басшылары аудан әкімін қос газеттің заман талабына сай даму барысымен таныстырды. Жаңа айдарлар мен тың жобаларды, баспасөздің болашағын сөз етті. Жамбыл ауданы облыстық газетке жазылудан аймақта көш басында тұрғанын атап өтті. Сол дәстүрді сақтау бүгінгіге парыз десек, алдағы уақытта да осы үрдістің жарасымды жалғасын табатынына үміт зор. Ел Президентінің оқитын ұлт қалыптастыру бастамасына орай жамбылдықтардың газетке жазылуды одан әрі ширата түсетініне сенім білдірді. Сонымен қатар биылғы енгізілген бір жаңалық – «Алатау арайы» мен «Огни Алатау» газеттеріне Kaspi қосымшасы арқылы да жазылуға болатындығынан хабардар етті. Енді оқырмандар бұл міндетті бұрынғыдай пошта бөлімшесіне бармай-ақ, қолдағы ұялы телефонның көмегімен үйде отырып-ақ атқара алады.
– Мемлекеттің саясатын жалпақ жұртқа ұғынықты тілмен түсіндіретін, болып жатқан оқиғадан шынайы ақпарат тарататын газеттің алар орны қашанда бөлек, – деді аудан әкімі. – Сондықтан баспасөз ресми дерек көзі болып саналады. Қазір электронды ақпарат көздерінің көптігі соншалық, ондағы айтылғанның шыны мен өтірігі қайсы екенін ажырату қиындап кетті. Ал «Алатау арайы» мен «Огни Алатау» сияқты бұрыннан қалыптасқан басылымдарда олай емес, саралап, сараптап, шынайы ақпарат ұсынады. Жамбыл ауданы баспасөзге жазылуда алдыңғы қатардан көрінетінін сіздер лайықты атап өттіңіздер. Мұнда газетті іздеп жүріп оқитын тұрақты оқырмандарыңыз көптеп саналады. Басылымға жазылуды біз әрдайым назарда ұстап, қолдайтын боламыз. Өйткені облыстың төл газетіне оқырман әрқашан оң қабақ танытады деп ойлаймын. Бұл екі басылым бір ғасырдан астам уақыттан бері халықтың сенімді серігі болып келді, бұдан былай да солай бола береді, – деді Нұрлан Ертасұлы.
Аудан әкімі Kaspi қосымшасы баспасөзге жазылушылар үшін қолайлы болатынын айтты. Әкімдік қызметкерлері мен мекеме басшыларының алдағы жиындарында осы жаңалық таныстырылып, баспасөзге жазылу мәселесі көтерілетінін айтты.
Кездесуде Нағашыбек Қапалбекұлы да облыстың басты басылымдары жөнінде өз пікірін білдірді:
– «Огни Алатау» газеті бір кездерде атағы дүрілдеп, 100-200 мың данамен басылып шығатын. Сол сияқты «Жетісу» газетінің орнын басқан «Алатау арайы» газеті де қазір өзінің биігінде. Өзім оның тұрақты авторларының бірімін. Газет өте сапалы, мазмұнды шығып жатыр. Басқа өңірлердің облыстық газеттерімен салыстырғанда, біздің облыстың төл басылымы таралым жағынан да, мазмұны бойынша да өте жақсы көрсеткіштерге ие, – деді қарымды қаламгер, ардагер-журналист.
Кездесу соңында аудан әкімі биыл халықаралық деңгейде мерейтойы аталып өтіп жатқан Нұрғиса Тілендиевтің баспасөз бетінде насихатталуына тоқталды. Бұл орайда «Алатау арайы» және «Огни Алатау» газеттерінде Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына арналған мақалалар жыл басынан бері үзбей жарияланып келе жатқанын атап өтті. «Әйгілі композитордың мерейтойына қос басылым ақпараттық қолдау көрсетуде барынша белсенділік танытты. Газет бетінде арнаулы мақалалар, авторлардың материалдары жүйелі түрде беріліп отырды», – дей келе, Нұрлан Ертас осыған байланысты жазушы Нағашыбек Қапалбекұлын, бас редакторлар Қуаныш Тұнғатар мен Забира Сайділдинаны «Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығы» төсбелгісімен марапаттап, баспасөз саласындағы еңбектерінің табысты болуына тілектестік танытты.
Серік Сатыбалдиев
Жамбыл ауданы




