Облыс әкімінің орынбасары Ғани Майлыбаев Іле және Талғар аудандарындағы бірнеше мектепке атбасын бұрып, ондағы нақты жағдайды бағамдады. Сонымен қоса жауапты мердігерлерден мектептердегі құрылыс жұмыстарының сапалы жасалуын талап етіп, сала мамандарына тиісті тапсырмалар берді. Қадағалау шарасында Іле және Талғар аудандарының әкімдері Қайыржан Жақсымбетов пен Таңат Айдарбеков, прокуратура өкілі мен қоғам белсенділері болды.

Ең алдымен Ғани Айдарұлы Іле ауданының М.Түймебаев ауылындағы №20 орта мектебіне табан тіреді. Аталған мектеп өткен жылы ақпан айындағы жер сілкінісінен кейін жарамсыз болып қалған. Сол себепті мектеп ғимаратына төтенше жағдайдың салдарын жою және жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары жүргізілген. Сараптама қорытындысына сәйкес, мектепті қайта қалпына келтіруге қомақты қаржы бөлінген. Жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары «ARCH STROY INVEST» ЖШС-мен жасалған келісімшарт аясында «АРЛАН-проект құрылыс» ЖШС құрылыс жұмысын, ал «KA Lider LTD» ЖШС техникалық қадағалауды жүзеге асырған. Мердігер мекемелер мектептің барлық блогында ішкі инженерлік желілерді жаңартып, еден, қабырға, төбе және терезелерге толық әрлеу жұмыстарын жүргізген. Сонымен қатар ғимараттың қасбеті толығымен алюминий панельдермен қапталды. Алайда мектептің жертөлесінде су ағып, кәріз жүйесінен ақаулар табылған.
Мердігерлердің сөзінше, 8 қазандағы жылу жүйесінде анықталған ақаулар толығымен жойылып, жұмысқа жарамды күйге келтірілген. Бұған қосымша мектеп ғимаратының 2 және 3-қабаттарындағы 40-қа жуық жылыту радиаторы жаңартылып, кабинеттерге линолеум төселіп, терезелерге реставрация жасалған. Бүгінде №20 орта мектеп ғимаратында жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары ақсап тұр. Мектептің жылыту жүйесіндегі кінәратты жою жұмысымен танысқан Ғани Айдарұлы барлық жағдайды бақылауда ұстауды және кемшіліктерді жылдам түзетуді тапсырды.

Аймақ басшысының орынбасары аялдаған тағы бір нысан – Талғар ауданының Нұра ауылында орналасқан №12 орта мектеп. 2023 жылы мектепте күрделі жөндеу басталып, оған бюджеттен көлемді қаржы бөлінген. Алайда мердігер «SHEBERBUILD» ЖШС өз міндетін толық атқармағандықтан, 2025 жылғы 9 маусымда «Еңбек-Өскемен» компаниясымен жаңа келісім жасалады. Алайда 30 тамызға дейін оқу корпусы пайдалануға беріледі деп күтілгенімен, жас шәкірттер әлі күнге дейін жаңадан жаңғырған мектеп табалдырығын аттай алмай отыр. Аталған мектепте 1141 оқушы толыққанды білім алады. Уақытша оқыту үшін ауылдың Мәдениет үйі, округ әкімдігі және жеке ғимарат пайдаланылып, барлық сыныптарға қажетті жағдай жасалған. Сабақтар санитарлық нормаларға сай, екі ауысыммен 45 минуттан өткізіледі. Білім беру нысанындағы жөндеу жұмыстарының жай-жапсарымен танысқан Ғани Айдарұлы құрылыстың сапасына баса мән беруді, сондай-ақ жұмыстарды тездетіп қараша айының соңына дейін толығымен аяқтауды тапсырды.

Ғани Майлыбаев Талғар ауданындағы күрделі жөндеу жұмысы кешеуілдеп жатқан Белбұлақ ауылындағы №10 орта мектепке де айрықша назар аударды. 2023 жылдың 23 маусымында басталған жөндеу жұмысы әлі жалғасып келеді. Құрылыс жұмыстарының тоқтап қалуына байланысты 2025 жылдың 20 наурызында «SHEBERBUILD» ЖШС-мен келісімшартты бұзу және айыппұл өндіру туралы Алматы облысының мамандандырылған экономикалық сотына қайталама талап-арыз жолданып, сот шешімімен «SHEBERBUILD» ЖШС-на осы жылдың 30 қазанына дейін күрделі жөндеу жұмыстарын аяқтау міндеттеліпті. Мердігердің есепшотының бұғатталуына байланысты бүгінде жөндеу жұмыстарын қаржыландыруда қиындықтар туындаған көрінеді. Жергілікті әкімдік өкілдерінің сөзінше, ғимараттың сыртқы есіктері орнатылмаған, терезе әйнектері жартылай қойылмаған, жылу жүйесі қосылмаған, сыртқы, ішкі әрлеу жұмыстары толық аяқталмаған. Жауапты мамандар мердігерлер қаражат тапшылығына байланысты жұмысшыларға жалақы төлемегендіктен нысанда құрылыс жұмыстары тоқтап тұрғанын алға тартты.
Барлық мәселенің мән-жайын білген Ғани Майлыбаев жұмысты жүйелі түрде жалғастыру үшін тап болған қиындықтарды оңтайлы шешу қажет екенін атап өтті.
«Білім беру мекемелерінің қауіпсіздігі мен жайлылығы – бірінші кезекте тұруы шарт. Балалар заманауи, жылы әрі қауіпсіз мектептерде білім алуға тиіс. Қаражат мақсатты әрі тиімді жұмсалуы керек. Жіберілген кемшіліктер қайталанбауы қажет. Жылу маусымы, құрылысты мерзімінде аяқтау бойынша күнделікті есеп жіберіңіздер. Комиссия да осыған атсалыссын. Біз бұл жұмыстарды үнемі бақылауда ұстаймыз», – деді облыс әкімінің орынбасары.
Ғани Айдарұлы алдағы уақытта жөндеуден өтіп жатқан нысандардың барлығына тұрақты түрде мониторинг жүргізілетінін айтты. Оның айтуынша, білім беру облыстың дамуына тікелей әсер ететін маңызды сала болғандықтан, оған қай кезде де ерекше назар аударылуы қажет.
Ерзат АСЫЛ
Іле, Талғар аудандары




