Қонаев шаһарында Республика күніне орай мыңдаған тұрғын мен қала қонақтарын тамсандырған мерекелік шара өтті. Орталық алаңда эстрада жұлдыздары өнер көрсетіп, патриоттық әндер, тыңдарманның жүрегінен орын алған танымал әуендер шырқалды. Шараның ең әсерлі тұсы қала аспанын түрлі-түсті шаммен көмкерген дрондар шоуы болды. Мұндай шоу Қонаев қаласында бірінші рет өткізілді.


Әуеге көтерілген 500-ден астам дрон түрлі бейнеге еніп, ел тарихы мен өңір ерекшелігінен сыр шертті. Қазақстан Туы, картасы, киелі домбыра, Алматы облысының нышаны саналатын қар барысы, Алтын адам мен қып-қызыл апорт бейнесі, құттықтау жазбалары көрерменнің патриоттық сезімін оятып, еліне деген сүйіспеншілігін арттырды. Әсіресе ақырын басып, алға жылжып бара жатқан қар барысының көрінісі өңірдің де даму жолын, бағындырар белесін суреттегендей. Шоу аяғында жұртшылық көк аспанда дронмен жазылған Әнұран мәтіні мен Тутұғырға қарап, Мемлекеттік Гимнді шырқады.
Қала тұрғыны Ақбота Жұмағазы: «Мұндай шоуды алғаш көруім. Әсем бейнелер көздің жауын алып, көңілге ерекше қуаныш сыйлады. Әсіресе Қазақстан Туы бейнеленгенде кеудемді мақтаныш сезімі кернеді», – деп өз әсерімен бөлісті.
Осылайша орталық алаңға жиналған қауым керемет кештің куәсі болып, ән-жырдың әуезіне елітіп, әуеде қалықтаған ұлттық болмыстың көрінісін тамашалап, ерекше күйге бөленді.
Гүлзат БАЙҚОНЫСОВА
Қонаев қаласы




