Перейти к содержимому
Главная страница » Орман – ортақ байлығымыз

Орман – ортақ байлығымыз

      Біз – адамзат баласы, табиғаттың төл перзенті және ең басты қорғаушысы, күтушісі болып саналамыз. Атадан балаға мирас болып келе жатқан Табиғат-анамызды аялап, көздің қарашығындай сақтау арқылы келер ұрпаққа қаймағы бұзылмаған бүтін күйінде қалдыру – басты парызымыз. Табиғат – тіршілік біткеннің бойына қуат, сезіміне шапағат ұялататын сұлулық пен әсемдік әлемі. Сол сұлулықты жоғалтпай, қастерлей білу әрқайсымызға үлкен міндет жүктейді. Зор жауапкершілікті талап етеді. «Атадан мал қалғанша, тал қалсын», «Бұлақ көрсең, көзін аш», «Бір тал кессең, он тал ек» деген ұғымның тәрбиелік мәні зор екенін ұрпақ бойына сіңіре білуіміз қажет.

Әр жылы қоңыр күзде, қазан айының үшінші жексенбісіне бел­гілен­ген орман шаруашылығы қызмет­­керлерінің төл мерекесін Аспантаулар аясындағы Райымбек аудандық «Нарынқол орман шаруа­шылығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің орман­шылары биыл да көңіл көркейтер көрсеткіш, зор жетістікпен қарсы алып отыр. Орманшылардың өз кәсібін жетік меңгеріп, міндетін жауапкершілікпен атқаруы таулы өңірдегі табиғат сұлулығының бүлінбей, қаз-қалпында сақталуына өзіндік ықпалын тигізіп келеді.
Нарынқол орман шаруашылы­ғының жалпы жер көлемі – 194066 гектар болса, оның 62042 гектары орманды алқаптың еншісінде. Осынау көлемі көп-көрім аймақ 6 орман­шылыққа бөлінген. Орманды қорғау, табиғат байлығын сақтау ісімен 123 адам айналысады. Олар­дың ішінде 6 орманшы, 6 көмекші, 10 орман шебері, 58 орман күтушісі тікелей өздеріне бекітілген аумақ­тарда осынау табиғаттың баға жет­пес байлығын қорғаумен, көле­мін ұлғай­тып, молықтырумен шұғыл­данады. Жыл сайын көктем шығы­сы­мен тау беткейлеріне тұқым­бақта өсіп-жетілген көшеттерді отыр­ғызу, жаңа отырғызылған екпе көшеттерді жерсіндіру, тұқымбақтарға агротех­никалық күтім жасау, планта­ция­ларды жаңартып отыру – тікелей осы орманшылардың жауапкер­шілігінде. Орманды алқаптарды күту мол тәжірибені қажет ететін болса, орманшыларымыз осынау талап деңгейінен көрініп келе жатқаны анық.
Биыл орман шаруашылығы бойын­ша 17 гектарға көшет отыр­ғызылды, 22 гектарға қосымша отыр­ғызу жұмы­сы жүргізілді. 0,4 га тұқым­баққа жаңа тұқым себілді. Екпе орман көшеттерінің жерсінуі 74 пайызды құрады. Келесі жылы 15 га жерге екпе көшеттерін отырғызу, 18 га жерге қосымша отырғызу, 1 га плантация мен 0,4 орман тұқымбағына тұқым отырғызу жоспарлануда. Белгілеген межеге алдын ала дайындық жұмысы жүргізіліп, 130 келі орман тұқымы жиналды. Оның 100 келісі шренк шыршасының, 30 келісі қайың мен қарағаштың тұқымы.
Мекеме иелігінде 32 орман күтуші үйі бар. Бәрі орман қорғау талабына сай жабдықталған. Табиғатты қорғау, орманды өрттен, тұтқиылдан болатын басқа да табиғи апаттардан сақтау тұрғысындағы үгіт-насихат көрнекі құралдарымен қамтамасыз етілген. Өрт сөндіру құралдары да жеткілікті. Орманшыларға өздеріне бекітілген алқаптарды күзетуі үшін 62 мініс аты берілді. Сондай-ақ 27 тұрақты, 18 авто­көліктік, 88 қозғалмалы радиостанса жұмыс істейді. Кордондардың 12-сі электр қуатымен, 17-сі күн нұрымен, 3-еуі жылжымалы электр қуатымен жарықтандырылған. Биыл орман өртінің алдын алу мақсатында Өгізбай сайындағы Өртеңсай шекара бекетіне тартылғанына 50 жылға жуықтаған 15 шақырымдық электр желісі «Алатау жарық компаниясының» қолдауымен қайта жаңартылды. Ойқарағай орман­шылығына қарасты Өгізбай сайынан электр желісі тартылатын аумақтағы 298 текше метр жерді ағаш­­тардан тазарту жұмысы толы­ғымен аяқталды. Тозығы жеткен желілері түгелге дерлік заманауи әуе желі­лерімен ауыстырылды. Аудан­дық орман шаруа­шылығы өз өнімі арқылы өзін қаржыландыруда да сүбелі табысқа қол жеткізіп келеді. Мекеме есебіне биылғы жылдың осы мерзіміне дейін 9 млн 600 мың теңге түсті. Әрине, бұл қаражат жылдағы дәстүр бойынша мекеме еңбек­керлерін ынталандыруға, әлеуметтік жағдайларын жақсартуға жұмсалатын болады.
Райымбек ауданы өз алдына қайта шаңырақ көтерген 8 жылға жуық аралықта аудан орталығы мен елді­мекендер қызметтік жаңа нысан­дармен, еуроүлгідегі тұрғын үйлермен, демалыс орындары, саябақ­тармен көркейіп келе жатқаны аян. Ауыл іші тал-терек, жас өскіндермен көріктенетіні белгілі. Осынау игі іс орман шаруашылығы еңбеккерлерінің ынта-ықыласы, еселі еңбегі арқылы қаланатынын мақтаныш еткеннің айыбы жоқ.
Әрбір адам табиғатқа мейірімділік, сүйіспеншілік, қамқорлықпен қарап, үйлесімділік сақтағанда қоршаған орта, талбесігіміз сәулетті сарай, мәңгі тозбас құтты қоныс болады. Осы бір қағиданы естен шығармағанымыз абзал.

Нұрбол ӘЛИЕВ,
«Нарынқол орман ­шаруашылығы» КММ директоры
Райымбек ауданы