Бұған дейін Алматы қаласында қазақ мәдениетінің қайта түлеуіне өлшеусіз үлес қосқан мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтің өмір жолына арналған «Өзбекәлі» драмалық қойылымының премьерасы өткен. Аншлагпен шымылдығы түрілген спектакль жұртшылықтың жүрегін тербетіп, үлкен сұранысқа ие болған. Осы орайда жеке жоба жетекшілері өнер туындысын гастрольдік сапармен өзге қалаларда да көрсетуді жөн көрген. Драманы дара талантымен таныта білген театр әртістерінің Алматыдан кейінгі аялдамасы Қонаев болды.
Облыс орталығындағы Мәдениет үйіне жиналған халықтың қарасы қалың. Көпшіліктің осылай ағылуы елдің оң бағасын алған туындыны тамашалауға деген ықыласының айғағы еді. «Өзбекәлі» қойылымы ұлт рухын оятқан тұлғаның тағдырын терең философиялық, көркем иіріммен бейнеледі. Көрерменге өткеннің үні, елдің зары, рухтың шындығы көрсетіліп, әр сюжет ел тағдырымен, адам жанының арпалысымен астаса түсті.
Сахнаның ауыр шымылдығы баяу көтерілді. Жарық сөнді де, зал іші тылсым тыныштыққа бөленді. Сол үнсіздіктің ар жағынан бар арманын қазақты қойшы қылып, қараң халық етуге бағыттаған Аты жоқ адамның жағымсыз пиғылы мен қой бағуға асық болған аңғал қазақ жастарының тағдыры залды түрпідей тындырды.
Келесі көрініс Жанайым есімді жас қыздың шопандыққа тізімделуге келген сәтінен басталды. Сахна төріне Өзбекәлі бейнесі шығып, қыздың болашағына бағыт береді.
– Сенің орның, қарағым, қойдың соңында емес, ойдың артында. Елдің ертеңі сен сияқты қыздардың білімінде, – деген оның сөздері көрермен көңілін тербеді.
Бұл бірауыз сөз Жанайымның ғана емес, тұтас бір ұрпақтың көзін ашқан рухани серпілістің бастауындай әсер қалдырды. Алайда игі істің ізіне қашанда пенделік пен күншілдік түсетіні бар. Өзбекәлінің елге сіңірген еңбегін көре алмай, «Аты жоқ адам» атты беймәлім кейіпкер оның жолын кесуге ұмтылады. Көңілі қараң, ниеті тар, жүрексіздің сөзімен адасқан Жанайымның әкесі Рысбай қой бағудан бас тартқан қызы үшін арыз жазып, парасат иесін қызметінен шеттетуге тырысады. Бірақ өз халқына адалдықпен қызмет еткен Өзбекәлі бұл сынақтан да сүрінбей өтті. Біртуар тұлғаның озық ойы мен ұлтқа деген махаббаты оның қарсыластарының үрейін үдеткендей. «Ол осылай жалғастыра берсе, қазақ оянады, білім алады, көзін ашады» деп қауіптенген аты жоқ адам оны жер аударуға қол жеткізеді.
Осылайша тағдыр желі оны Торғай даласына айдап әкеледі.
Бірақ далаға айдалу Өзбекәлі үшін жаза емес, жаңа тыныс болды. Арқалықтың қуаң топырағында ол мәдениет гүлін өсірді. Театрлар салды, өнер мен білімнің шамын жақты, қазақ рухының қадірін арттырды. Қайда барса да халқының болашағын ойлаған парасат иесінің соңына түскен қара ниетті адам бұл жолы да тыншымай, оны «ұлтшыл», «жікшіл» деп айыптайды. Ақыры, ел бірлігін бұзды деген жаламен ұлт жанашырын темір торға жеткізеді. Куәгерлер – бала күннен бірге өскен досы, есейгенде баукеспеге айналған Аян, жары Қалихан, қойшы Рысбай аты жоқ адамның салған арам ойына қарамастан Өзбекәліні сотта барынша ақтап алуға тырысады. Ал аты жоқ жүрексіз соттың шешімі өз пайдасына болатынын айтып, жағымсыз күлкісін тия алмайды. Сұрықсыз бейне мен арсыз күлкіні тоқтатқан мәртебелі сот төріне көтерілген тұлға баяғыда Өзбекәлінің ақылымен білім жолына түскен, нәтижесінде осындай қызметтен көрінген қазақ қызы Жанайым болып шығады.
Сахна тынышталып, көрерменнің демі ішіне тартылды. Әділеттің салмағы орнын тауып, ел рухын тұншықтырған азғынның өзі торға тоғытылды. Өткеннің қателігі, бүгіннің сабағы, болашақтың үміті тоғысып, зал толы көрерменнің көкірегінде жалын маздады.
Ұлттың өткенін ғана емес, оның болашаққа деген сенімін де суреттеген көркем дүниеге жоба продюсері Қайрат Кенжебекұлы мен режиссері Берікхан Төкенов тер төккен. Жандос Құсайыновтың сценарийін әртістер де өте жоғары деңгейде сомдап шықты. Барлығы да мықты, дегенмен Өзбекәлі рөліндегі актердің ойыны қалың көрерменге айрықша әсер қалдырды. Оның жүзіндегі әрбір қимыл, сөзіндегі әрбір екпін, иығындағы әрбір салмақ – тұлғаның өмірлік күресін паш етті. Аталмыш драма Санжар Керімбайдың «Өзбекәлі және Мәдени майдан» кітабының желісімен сахналанған.
Өзбекәлі Жәнібеков – ұлтының мәдени жадын сақтап қалған тұлға. Ол – кеңестік идеологияның тар қыспағында жүріп-ақ қазақ өнерін биіктетудің, ұмыт қалған дәстүрді қайта тірілтудің жолын тапқан қайсар азамат. Оның еңбегімен Наурыз мерекесі ұлтпен қайта қауышты, қасиетті Тайқазан туған топырағына оралды. Қазақ мектептерінің саны артты, ұлт өнері жаңа тыныс алды. Міне, осы ұлы істің барлығын көркемдік шешім арқылы сахнада көрсете білген режиссер тарихи бейнені деректі шындықтан гөрі көркем символика арқылы аша түскен.
Қойылымда көрермен тек кейіпкер тағдырын ғана емес, өз ұлтының кешегі тарихын, бүгінгі болмысын таныды. Бір сөзбен айтқанда, бұл спектакль ұлттың рухани шежіресін сахна арқылы сөйлеткен өнердің биік үлгісі болды. Өзбекәлі бейнесі арқылы қазақтың ұлт ретінде сақталып қалуының, мәдениет пен дәстүрдің мәңгілік жалғастығының көрінісі айқындалды.
Кеш соңында қошеметтің толассыз үні естілді. Қонаевтық көрермен орнынан тік тұрып, ұлттың ұлы перзентінің рухына тағзым етті.
Құралбек СӘБИТОВ
Қонаев қаласы