Райымбек ауданы Талас ауылында ұрпаққа ұлағат болатын жақсы дәстүр жалғасын тапты. Атап айтқанда, ауыл жұрты бас қосып, осы ауылдың төл перзенті, саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне, балаларды спортқа баулуға арнаған ұстаз, еркін күрестен спорт шебері, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Нұрлан Әкімбайұлына құрмет көрсетті.
Бүгінде сексен жасқа толған ардагер-спортшы 1945 жылы Талас ауылында дүниеге келген. Жастайынан спортты серік етті. Мектеп қабырғасында оқып жүргенде аудандық жарыстарға қатысып, бозкілем үстіндегі белдесуде ұдайы жеңіс тұғырынан көрінді. Әскери борышын өтеген кезде де балуандығымен көзге түсіп, спорт шеберлігіне үміткер деген абыройлы атаққа ие болды. Өмірінің 40 жылдан астам уақытын жас буынды спортпен шынықтыруға арнады. Алақандай ауылдағы шағын мектептен күрес үйірмесін ашып, балаларды балуандық өнерге баулыды. Нұрлан ағаның тәлімін алып, тәжірибесіне қаныққан шәкірттер дүбірлі бәсекелерде талай мәрте топ жарып, аудан ғана емес, облыс намысын қорғап, абырой арқалаған.
Ардагер-ұстаздың спорттағы ерен еңбегі атаусыз қалған жоқ. «Білім беру ісінің үздігі» төсбелгісі мен Ы.Алтынсарин атындағы медаль алғаны, Райымбек ауданының Құрметті азаматы, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы деген атақтары – соның айқын белгісі. 1975 жылы Алматыда өткен Кеңес одағының батыры С.Баймағамбетов атындағы дүбірлі додада еркін күрестен топ жарып, спорт шебері атанған.
Нұрлан Әкімбайұлы – отбасының да орны бөлек отағасы, балаларының асқар тау әкесі. Құдай қосқан қосағы Сара Әбілмәжінқызы екеуі төрт қыз, екі ұлды дүниеге әкеліп, тәлімді тәрбие берді. Бүгінде бәрі де жоғары білімді. Қоғамның дамуына, елдің өсіп-өркендеуіне мамандықтары бойынша үлес қосып, көптің сый-құрметін арқалап жүрген азаматтар. Ардагер спортшының 80 жасқа толған мерейтойына ауыл тұрғындарымен қатар аудан әкімдігі мен аудандық мәслихаттың, спорт мектептерінің, білім ошақтарының, мәдениет саласының өкілдері, алыс-жақыннан келген меймандар қуанышқа ортақтасты. Өзі еңбек еткен Ш. Уәлиханов атындағы орта мектептің алдына құрылған сахнада ақ тілектер ақтарылды.
Райымбек ауданы әкімінің орынбасары Жанарбек Жақсылық аудан әкімінің құттықтау хатын оқып, мерейтой иесіне шапан жапты. Тағы бір ерекше айтатын жаңалық – облыстық мәслихаттың шешімімен Нұрлан Әкімбайұлы Алматы облысының Құрметті азаматы атанды. Мерейтой үстінде осы абыройлы атақ тапсырылды. Шалкөде ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы Мұқатәлі Есімсартов, Тұрсынияз Рысбаев, Медетқан Абиыров, Әділжан Нөкеев сияқты ел-жұртқа танымал ақсақалдар, Ержан Дабыров, Тұрған Диясқызы сынды шәкірттері жүрекжарды лебізін жеткізді.
Нұрлан ағамыз спортты ғана серік етпей, қолы қалт еткенде шежіре мен шешендік өнерді жинап, қаламына арқау етіп жүр. Той үстінде «Үш қиян» баспасынан шыққан «Жанғабыл шешен» атты танымдық кітабы мен өлеңдері топтастырылған жинақтың тұсауы кесілді.
Бұл күні мерейтой иесінің құрметіне мектепте еркін күрестен жасөспірімдер арасында жарыс өткізілді. Жеңімпаздар диплом және ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Әсем ән қалықтап, күмбірлеп күй төгілді.
Жұмабек ТҰРДИЕВ
Райымбек ауданы