Жас кәсіпкердің бастамасымен Қаскелең қаласында «Roller Skating» деген атаумен роллердром орталығы ашылды. Енді қарасайлық жастарға доңғалақты аяқ киімде жүру (ролик) үшін Алматы қаласына барудың қажеті жоқ.
Бүгінгі таңда кез келген кәсіпті бастау үшін қомақты қаражат керек екені белгілі. Тіпті, алдын ала бәрін есептеп қойғанның өзінде жұмыс барысында әртүрлі шығындар пайда болады. Бұл мәселе Қуаныш Бақытбайұлын да айналып өтпеген. Сондықтан ол мемлекет тарапынан қайтарымсыз грант алу үшін конкурсқа қатысуды ұйғарады. Нәтижесінде оның бизнес-жобасы комиссия мүшелері тарапынан қолдау тапқан. Берілген ақшаға кәсіпкер сусын қоятын тоңазытқыш, тағамды жылытуға арналған пеш және бейнебақылау камераларын сатып алған.
Жаңадан ашылған орталықта бір уақытта 30-дан астам адам бір-біріне кедергі келтірмей, еркін доңғалақ (ролик) тебе алады. Залдың келесі бөлігінде белсенді ойын-сауықтан кейін демалуға арналған орындықтар қойылған. Мұнда әлденіп алу үшін шағын дәмхана орналастырылған. Роликті қалай тебу керектігі жайлы нұсқаулар мен қауіпсіздік техникасы туралы бейнеүзінді арнайы проектор арқылы көрсетіледі. Бұдан бөлек, суретке түсуді ұнататын жандарға арналған фотоаймақ жасалуда.
Қуаныш Бақытбайұлының айтуынша, роллердромда үш қызметкер жұмыс істейді. Біреуі кассада тұрады, екіншісі демалушылар арасында жүріп, ойын барысын бақылайды. Үшіншісі тазалыққа жауап береді. Алдағы уақытта қажеттілік туындап жатса, жұмысшы саны көбейтіледі.
«Бұл орталық қарасайлық балалар үшін жақсы демалыс орнына айналып, мұнда келетін әр адам тек тамаша әсер алып қайтады деп үміттенемін», – дейді Қуаныш Бақытбайұлы.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ
Қарасай ауданы




