… Ол шынайы еді. Жасандылықты жаратпайтын. Өмірі де солай өрілді. Мағыналы, мазмұнды ғұмыр сүрді. Арына қылау түсірмеуге тырысты. Тура айтты, тура жүрді. Кейде баладай аңғал, кейде данадай даңғыл еді. Дүниеге көз тікпеді. Барға риза, бұйырғанын қанағат тұтты. Жиған дүниенің, қызметтің жолдас болмайтынын білді. Есесіне, өзімен бірге қалатын баянды рухани байлық жинады. Адам рухани байымай, шынайы байымайтынын, артында тек жинаған, жазған қазынасы қалатынын өте жақсы әрі ерте түсінді. Ұлттың игілігіне аянбай қызмет етті.
Шәкірттері – шырағданы
Жұмағамен жақынырақ таныстығымыз 1984 жылы өзім қырық бес жыл табан аудармай қызмет істеген, ол кезде «Социалистік Қазақстан» («Егемен Қазақстан») газетіне тілші болып келгенінен басталды. Екеуміз де Жамбыл ауданының тумасымыз. Ол кісі Суықтөбенің баурайындағы Жамбыл ауылынан болса, мен сол таудың жалғасы Қоңыртөбенің етегіндегі көршілес Ақтерек ауылынанмын. «Социалистік Қазақстанға» келгенде жерлес екенімізді, ол кісінің жазғандарын аудандық газеттен бастап оқып келе жатқанымды айтқанда, таңқалған. Ол кез – «Социалистік Қазақстанның» дәуірлеп тұрған уақыты. Жұмағаңа босаған үш бөлмелі пәтер бұйырды. «Егеменнен» кеткеннен кейін де қаншама басылымды басқарып, қызмет жасаса да, ауылға көшкенге дейін екі адам әзер айналатын сол 6 шаршы метрлік ас бөлмесі бар панель үйде 31 жыл тұрыпты.
Зейнетке шыққаннан кейін туған ауылына көшуге ниеті ауады. Бірде аудандық газетте өзімен бірге қызмет істеген журналист Сәдуақас Бигелдиевтің ұлы, сыйлас інісі, Алматы облысында басшылық қызметтер атқарған беткеұстар көшелі азамат Махаббат Бигелдиевке сөз арасында осы ойын жеткізеді. «Алпыс жас мерейтойымда ауданымыз мінгізген көлікті сатып, жинақталған зейнетақымыз, жинаған біраз тиын-тебеніміз бар, соны қосып, үй алған дұрыс па, әлде салған дұрыс па?» – деп сұрайды. «Жұмаға, ондай ойыңыз болса, дұрысы жаңадан үй салған», – деп жауап береді Махаң. «Ой, мен үй салатын адамға ұқсаймын ба?» – деп еңкілдеп күледі сонда Жұмағаң. «Ештеңе жоқ, сенімді жігіттерге құрылыс жұмысын тапсырамыз. Бір жылда салып бітеді. Қорықпаңыз», – дейді Махаббат інісі. «Онда мойныңа алсаң, тәуекел!» – деп қол алысады. Сөзінде тұрған Махаңның бас-көз болуымен туған ауылында жайлы үй салынды. Айналасына шыбық шаншылып, ағаш егілді.
Кей кездері ауылға көшіп барғанына өкінетіндей көрінетін. Сөйлесіп, сыр ақтаратын Рафатым да, Есенқұлым да кетіп қалды дейтін. Қалада Жазушылар одағының жиынына, мерейлі жасқа толған ақын-жазушылардың кешіне, кездесулеріне, той-томалаққа 60-70 шақырым жерден келіп, қаланың кептелісімен жетудің өзі қиынға соғатын. Есігінің алдында дайын тұрған көлік болмаған соң, жаяу жалпылап, бес-алты жыл жол азабын да тартты-ақ.
Жұмағаң – бір бақытын шәкірттерінен тапқан ұлағатты ұстаз. Өздеріңізге мәлім, біраз басылымға жетекшілік етті. Қай басылымға бармасын өзінің қолтаңбасын қалдырды. Өйткені оқылатын газет жасау үшін жанын салды. Оның әр санына өбектеп баласы сияқты қарады. Жұмағаң өте байқампаз, ойлы, интеллектуал, идея айтудың кеніші еді. Ел көре бермейтін, байқай қоймайтын, үш ұйықтасаң ойыңа келмейтін нәрселерді аңғаратын, ізденімпаз, өзін-өзі дамытып отыратын редактор болды. Жұмағаң қарамағындағы қызметкерлерін жанашырлықпен, ағалық, әкелік қамқорлықпен тәрбиелейтін. Ондай кезде әріптестеріне ақырын да, қатты да айтатын. Солардың ішінен Жұмағаңның білім-білігін, парасат-пайымын бағалап мойындайтындары, жетекке жүретіндері ол кісіні аға, ұстаз тұтып, өмірінің соңына дейін қасынан табылды.
Ауылға көшіп кеткенде де сол жігіттер аңқылдап, арсалаңдап іздеп келіп, ағаларының да, өздерінің де сағынышын басатын. Менің білетінім, Жұмағаңның елжіреп еске алып отыратын шәкірттері – Қасым Аманжол, Болат Мүрсәлім, Қанат Тілеухан, Бағашар Тұрсынбайұлы, Алмас Нүсіп, марқұм Рахат Мамырбек, Арман Әлменбет, Ырысбек Дәбей, Назым Перне, Қарагөз Сімәділ, Маржан Әбіш сияқты өте білімді, талантты үркердей жастар. Сол жастардың ағаларымен әдебиеттің жолындағы шынайы қарым-қатынастың арқасында араларында ұлы достық, аға-достық, ұстаз бен шәкірт арасында сүйіспеншілік салтанат құрды. Бүгінде сол қылауы жоқ сыйластық, құрметтің нышаны ретінде шәкірттерінің әрқайсысының жүрегінде өз Жұмағаларының дүрсілі, соғысы қалды. Бұл – ұстаз үшін үлкен мерей, асқан құрмет. Талайларға үлгі, өнеге. Жұмағаң қашанда сол шәкірттерімен мақтанатын. Олардың еркеліктеріне, тауып айтатын бір қаралық қалжыңдарына, әзілдеріне алдымен еңкілдеп өзі күліп алып, балаша қуанып, мейірлене түсетін. Бұл ұстаз бақыты еді.
«Егемен Қазақстанға» үлкен ғалым, ақын, белгілі қаламгер, депутат Дархан Қыдырәлі басшылыққа келгенде газетке талантты жастарды тартуға тырысты. Ал Жұмағаңды зейнетке шыққан соң Дәкең Астанаға, орынбасарлыққа шақырғанымен, «Жылы орнымнан қозғалмай-ақ қояйын» деп бармады. Бірақ жастардан таңдау екі бірдей шәкірті Бағашар мен Алмасқа түсіп, оларды «Егемен Қазақстанға» жұмысқа қабылдады. Сонда Дәкеңнің: «Жұмабай ағаның «лақтарын» алдым, енді өзі қайда қашады дейсің. Өзіме кеңесші болуға көндірдім. Анда-санда Алматыдағы кеңсеге келіп-кетер, болмаса ауылда отырып, онлайн жұмыс істей береді», – деп айтқаны бар. Бірақ Жұмағаң көп ұзамай, «Үйде жатып жалақы ала алмайды екенмін» деп арызын жазып, шығып кетті.
Жұмағам менің де рухани ұстазым болды. Журналистикада жүрген соң, көркем дүние жазуға алғашында жүрексініп, «Қалай болады екен?» деп именшектегенім рас. Кейіннен менің жазған екі әңгімемді оқыған соң қуанып: «Дәл осындай он әңгіме жазсаң, жазушысың», – деген еді. Күлгем де қойғам. Арасында «Тағы не жазып жүрсің?» деп сұраса, сылтау, себеп айтып ақталып жүретінмін. Сондайда «Өзің таза жалқау екенсің ғой» дейтін.
Жұмағаң шындықтың шырақшысындай, намыстың найзағайындай болған Шерағаңмен бірге жұмыс істеген. Әңгіме арасында Шерағаң жайлы сөз бола қалса, «Жұмабай, «Аяз биіңді» оқыдым. Өй, қалай өзі, ел қаламмен жазса, сен инемен жазады екенсің» деп айтқанын асқан ілтипатпен еске алатын. 2022 жылы Шерағаңның туғанына 90 жыл толуына орай, Жамбыл облысының әкімдігі қаламгерлер арасында республикалық бәйге жариялады. Мен өзі Шерағаңның шекпенінен шыққандардың қатарынанмын. Байқаудың талабы – бір әңгіме және Шерағаң жайлы эссе жазу. Сөйтіп, «Жас жесір» деген әңгімемді «Ұсынуға тұра ма, оқып көріңізші» деп Жұмағаға жібердім. «Жақсы әңгіме екен. Басқалардың жазып жүрген әңгімелері бұдан артық емес. Тәуекел, жібер», – деп ақыл қосты. Ойламаған жерден қаншама мықты қаламгерлердің арасынан бас бәйгені жеңіп алдым. Бірақ «Танымал адам емес, қалай жүлде алды?» дегендей сөз көбейіп кетті. Олай болса, өзімді тағы дәлелдеп көрейін деп «Момын» деген әңгіме жазып, Жұмағаға оқыттым. Ол кісі: «Соңғы кезде тұщынып оқыған әңгімем болды. Әдебиетте шындық болмаса оқылмайды. «Шекспирская концовка» деп риза болды. Көп ұзамай «Алқа» баспасы байқау жариялағанда, осы әңгімені повестке айналдырып, «Айбибі» деген атаумен бәйгеге қостым. Одан да жүлде алып, баспа жеке кітап етіп шығарғанда, ағатайым арамызда жоқ еді. Сол өкінішті.
Жұмағаң бұдан он бес жылдай бұрын «Барыңды жинақтап, кітап шығарсаңшы» деп ақыл айтты. Менің шығармашылығым туралы пікірін білдіріп, алғысөзін де жазып берді. Бүгінде қолымдағы біраз көркем дүниелердің басын құрап, кітаптың электронды нұсқасын дайындап қойдым. Құдай қаласа, Жұмағаның алғысөзімен жарық көреді.
ЖАЗУШЫНЫҢ ЖАРЫ
Жұмағаңның шығармашылығына әріптестері, достары тоқтала жатар, мен жарты ғасырдан аса өмірдің қызығын да, шыжығын да, жақсы-жаманын да бірге көрген, ол кісінің тағдыр-талайынан ойып орын алатын Құдай қосқан қосағы Әскен (Әсемхан) тәтеміз жайлы айтсам деймін.
Қай заманда да атақты адамдардың, табысты ер азаматтардың артында сенімді, тілеулес, шын жанашыр аналары яки жарлары болған. Өйткені олардың өмірде толағай жетістіктерге жетуінде, өздері жақсы көретін іспен қамсыз айналысып, қалтқысыз еңбек жасауында әйелдердің еңбегі зор. Бұл ретте қолына қалам ұстап, жазу-сызумен айналысатын ой адамдарының алаңсыз шығармашылықпен айналысуы әсіресе отбасында жасалатын жағдайға, түсіністікке тікелей байланысты. Ол жағынан келгенде Жұмағаң бақытты еді. Ол жазудан басқаны білмеді. Өйткені жары үйдің де, түздің де жұмысына араластырмады. Оны жарау аттай дайындап, соңғы демі үзілгенше баптап күтті.
Тәтемнің өзі де қара жаяу емес, қағылез, тоқығаны көп адам. Оған қоса ол кісі Жұмағаңның академиясын жақсы оқып бітірген түлек. Екеуін таныстырған да, табыстырған да шығармашылық орта болғандықтан, бірін-бірі түсінуі, ортақ әңгіме одан әрі жақындастырды. Әскен тәтеміздің мамандығы өздері танысып, қыз-жігіт болып жүргенде Жамбыл аудандық «Екпінді еңбек» (қазіргі «Атамекен») газетінде линотипистка еді. Ал Жұмағаң Қордай аудандық газетінде редактордың орынбасары қызметінде редакцияда машинистка болды. Соның арқасында Әскен тәтеміз отбасы, ошақ қасында жүріп-ақ қаншама жазылған кітап, басқа дүниелерінің қолжазбасын басты. Ал қаншасына Жұмағаң шайын, ыстық сорпасын сораптап ішіп отырып диктовка жасады. Алматыға көшіп келгенде «Казпромвинтиляция» тресінде зейнетке шыққанға дейін машинистка болып істеді. Орталық комитетке орысша-қазақша сауатты басатын машинистка іздегенде, тәтемізге құда түскені бар. Ол кезде Калинин ұжымшарында пәтер жалдап тұратын, күнделікті автобуспен қарым-қатынастың қиындығына байланысты, ол жұмысқа бармады. Ал сауатты машинистка дегеніміз кім? Ондай машинисткаларға жазушыларымыз жазған кітаптарын таласып бастыратын. Өйткені, біріншіден, жазып отырған дүниесін түсініп басады. Екіншіден, қазақ тілінің грамматикасын жақсы білгендіктен, емле қатесін жібермеуге тырысады.
Әскен тәте қазақылықты, ұлттық салт-дәстүрді бір адамдай білді және оны берік ұстанды. Сөйлегенде қазақтың мақал-мәтелдерімен тұздықтап отыратынын жиі байқайтынбыз. Жұмағаң кейде бір тәмсілдің басын біліп, ар жағын есіне түсіре алмай қиналғанда: «Ары қарай қалай еді?» – деп сұрайтыны бар. Ондай кезде тәтеміз тақылдап айтып жіберетін.
Бір баса айта кетерлік жайт, ол кісі аяулы жар болумен қатар, отағасының барлық жазған дүниесінің, архивінің иесі – үйдегі хатшысы еді. Әр ісіне ұқыпты тәтеміз барлық жазған, сызғандарын ықтияттап реттестіріп қоятын. Ағамыз «Анауымды тауып берші, мынауымды көрдің бе?» дегенде лезде сұрағанын бере қоятын. Бірде өте сыйлас болған қазақтың көрнекті жазушысы, «Жамбыл» журналының бас редакторы Несіпбек Дәутаев ағамыз басылымның он жылдығына орай Жұмағаңды Тараз қаласына мерейтойға шақырады. Өтетін күн жақындап қалғанда хабарласып: «Нес аға, дайындық қалай жүріп жатыр?» – деп сұрайды. Әбіржіп тұрған Несіпбек аға: «Құдай ұрып, журналдың алғашқы нөмірін таба алмай, әуре-сарсаңға түсіп жатқаным», – десе керек. Сонда: «Е, ол жағын біздің Әскен қатырады. Соған айтамын, үйден тауып береді», – деген. Әрине, тәтеміз тауып беріп, Несіпбек ағасының алғысын алады.
Үйде жалғыз бала болса да, әкесі, Отан соғысының ардагері Жексебай мен анасы Шекербала Құдайдан сұрап алған қыздары – Әскенді еркелетіп, күн өткізбей, жел тигізбей, көйлектің көгін кигізіп, тамақтың дәмдісін беріп өсірді. Әкей бес жасында өмірден ерте кетсе, аналарын жасы келгенде қыс көзі қырауда қолдарына алатын. Сонда ғой анасы: «Қызым, «Жаман еркек жер қориды, жаман әйел ер қориды». Ер азаматыңнан «Қайда барасың, қайдан келдің? Қашан келесің?» деп сұраушы болма. Жұмабай балам жақсы. Тәрбиесі қандай?! Өзім жанымдай жақсы көремін. Елмен араласатын адам ғой, еркін жүріп-тұрсын», – деп құлағына құйып отыратын. Жұмағаң да ол кісіні сыйлап өтті. «Апа, Әскен өз енесіне, мен өз енеме тартқанмын», – деп үлкен кісінің көңілін аулап қоятын.
Кейде маған: «Осы біздің Әскеннің адамгершілігін-ай! «Дардай атың бар. Біз үлкенбіз, ұят болады. Шақырып, бір шәугім шай берейік. Ана туыстың осындай жақсылығы өткен, әке-шешеміздің көзін көрген, бармасақ, бермесек болмас», – деп, мені алдына салып алып барады. Бірақ барған соң олардың бәйек болғандарын, сый-құрмет, ықылас, көл-көсір көңілдерін көргенде, Әскендікі дұрыс екен деп, іштей риза боламын», – дейтін.
Жұмағаң қайтыс болғаннан кейін Әскен тәтемен сөйлесе қалсам, ол кісінің кейбір қызық қылықтарын айтып тауыса алмайтын. Біреуін ғана өз тілімен баяндайын.
«…Ол кезде Жұмабай «Қазақстан» телеарнасында жұмыс істейді. Қасым Аманжол баласы екеуі Мысырға баратын болды. Алғаш шетелге шығуы. Таңға жуық әуежайға шығарып салып тұрмыз. Сонда «Қасым-ау, ағаң саған аманат, екеуің Құдайға аманат» деп айтып алып, артынша «Апам қызық екен, дап-дардай кісіні маған аманаттағаны несі?» деп ойлаған шығар деп ыйғайсызданайын. Барғаннан кейін ағасын көрген ғой. Не киімін жинап, сөмкесіне реттеп сала алмаған. Не істесе де Қасымға жалтақтап жүрсе керек. «Оу, Әскен деген маған екі мың доллар беріпті ғой» деп айтатын көрінеді. Мен түсімде көрмеген екі мың долларды қайдан табайын? 200 доллар бергенмін ғой. Ағаң Президент сыйлығын алып жуғанда Қасым ағасының еш нәрсеге ыңғайы жоқ, ақша да санай алмайтынын, қай жерден келіп, қай жерден шыққанын аңғармай қалатынын, басқа да қызықтарын айтып, жұрттың ішек-сілесін қатырғаны бар. Сондайда маған Жұмабай: «Бәрін дайындап беріп, әбден жаман үйреткен сен екенсің ғой», – деуші еді. Мен болсам: «Қой әке, өзің пысық болсаң, саған біреу қой деді ме?» – деп құтыламын. Ағаларың өмірден бір шеге қақпай кетті. Кейде «Ал, үйренші» деп жұмыртқаны аршы деп берсем, жұлым-жұлымын шығарып, аяғында менің аршығанымды алып алатын. Ел сияқты әртістігі жоқ, шындықты айтатын таза адам еді. Әділетсіздікке жаны қас, біреудің жақсылығына шынайы қуана білетін. Ал «Өтірікті тек әйеліме ғана айтамын» дегенде, мен де қоймай, «Иә, менде соның өтірік екенін біліп тұрып, шын сенгендей боламын» дейтінмін күліп.
Соңғы күндерінде дүниеден өтерін сезді ме: «Әскен, төбеде Құдай көріп тұр ғой, сен екеуміз ата-ананың да, бауырларымыздың да, туған-туыстың да алдында талай сынақтан өттік, парыздарымызды да өтеген сияқтымыз», – дегені бар. Мен ауырып қалсам қатты уайымдайтын. «Соңғы кезде көп ауыратын болып кеттің. Содан қорқамын. Сен ауырмашы. Құдай мені сенің артыңда қалдырмасын», – дейтін. «Бәрі бір Алланың қолында. Қашан кетсек те, қалай кетсек те қор қылмай, алып кетсе болды», – деймін. Мұндайда: «Қайсымыз бірінші кетсек, сол бақытты…» – дегені бар».
Ұлы жазушы Эрих Мария Ремарк: «Бір адам басқа бір адамға бір тамшы жылудан өзге не бере алады және бұдан артық не болуы мүмкін?» деген екен. Әскен тәтеміздің әңгімесін тыңдай отырып, осы бір тұжырым ойыма оралды.
Жұмағаның Ұзынағашта өткен елу жылдық кешінде «Мықты жазушы мен мықты шопанның артында мықты әйелі тұрады» деп айтқаным бар еді. Бірақ олардың еңбегі көп елене, көріне бермейді. Бірде облыстан мақтау естіп, кеудесіне орден тағып, сый-сияпат көріп келген шопан үйге келіп, әйеліне мақтанбай ба? Сонда әйелі: «Сенің күндіз-түні бір жағыңа шығып, бел шешпей жатқаным, қорада қалған ақсақ-тоқсақ қойларға, жетім қозыларға қарайтыным, ұрпағыңды өсіріп, қонағыңды күтіп, шұбырған ит екеш итіңе дейін қазан-қазан сорпа қайнататын менің еңбегім қайда?» – деген ғой. Сол кезде шопан бұған жалғыз жетпегенін түсініп: «Рас-ау, иә, сенің де еңбегің бар. Олай болса, сол орденді сен бір күн, мен бір күн, болмаса мен түске дейін, сен түстен кейін тағайық», – депті. Сол сынды Жұмабай ағаның жетістікке жетуінде Әскен тәтеміздің еңбегі орасан.
Өмірде тірек болған Жұмабай ағаның бауырларына да тоқталып өтер болсақ, олар жеті ағайынды. Бес ұл, екі қыз. Ұлдардың бәрі талантты. Қырғызбай ағасы еңбектің торысы болса, Тоқтасын ағасы – суретші. Бауыры дүниеден өткелі апта құрғатпай келіп-кетіп тұратын Дүйсебай інісі – атақты Нұрғиса ағамыздың талантты шәкірті, күйші, сазгер, ұстаз. Қара шаңырақтағы Ермекжан – аузында көшелі сөзі бар әрі өнерпаз, әнші, бүгінде Жамбыл ауылындағы Мәдениет үйін басқарады. Осы Ермекжанның Жұмағаңның қонақасында айтқан сөзі есімде қалыпты. «Біздер туған бауырлары ағамыздан айырылдық деп қабырғамыз қайысып жүрсек, шәкірттерінің бізден бетер әкелері қайтқандай қайғырып жылағандарын көргенде, тәубе еттік», – дегені бар. Рас, Жұмаға өмірден өткенде шәкірттері алпауыт кемелері капитансыз, иесіз қалғандай сезінген еді. Ал «Тар қолтықтан оқ тисе, суырып алар қарындас» демекші, Баян мен Айманның да егіліп жылағанын көрдік. «Бауырларымның ішіндегі төресі еді… Алтын бауырым еді… Мұндай бауыр ешкімде жоқ…» деген қарындасы Баянның дауысы әлі құлағымда.
Адам қайтыс болған күні жарты шындық айтылады екен. Ал нағыз шындық уақыт оздырып, жылдар өте айтылса керек. Жұмағаңмен қоштасу қаралы жиынында өмірінің соңына дейін еркелеп, сыйласып өткен Әскербек Абаев көкесі бастаған ел ағалары, Астанадан Мемлекет басшысы мен Үкіметтің көңіл айту жедел хабарын жеткізген облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев, Жазушылар одағынан әріптес ақын-жазушылар, рухани іні-қарындастары тебірене сөйледі.
Көзі тірісінде де ағамыз қошеметті аз көрген жоқ. Еңбегі бағаланып жатты. Бірақ оған мастанбады. Абыройы болмаса, құр атақтан пайда жоқтығын зерделеді. Атаққа емес, ешкім тартып ала алмайтын абыройға қызмет етті. Көп оқыды, білуге ұмтылды. Оқығанын тоқыды. Құдіретті де кестелі сөз өнерін, әдебиетті сүйді. Ақ қағаз бен қасиетті қаламға адал болды. Қаламгер, суреткер, қайраткер, қарапайым азамат ретінде қай уақытта да өз деңгейінен түскен жоқ.
Ең бастысы, жақсы адамның сипатын, үлгісін жасап кетті.
Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ,
ҚР Ақпарат саласының үздігі,
Жамбыл ауданының Құрметті азаматы




