⛅
10°C
Қонаев
Сәрсенбі, Қараша 19, 2025
    "Алатау Арайы" газеті

    Газет 1918 жылдан бастап шығады

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    No Result
    View All Result
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    No Result
    View All Result
    "Алатау Арайы" газеті
    Home Барлық жаңалықтар

    Аңсардың асыл бейнесі

    11.11.2025
    in Барлық жаңалықтар, Руханият
    Аңсардың асыл бейнесі
    0
    SHARES
    6
    VIEWS

         Дүние жалған… Бұл сөзді бала кезімізде қариялардың аузынан талай рет естігенбіз. Еститінбіз де, тереңіне бойлай бермей, е деп қойып, әрі қарай кете беретінбіз. Мұны жасы ұлғайған адамдардың күнделікті айтуы тиіс сөзінің бірі ретінде қабылдаушы едік. Тек, біздің де өміріміз бел ортадан асып, қимастарымыз бен қатар-құрбыларымыздан айырыла бастағанда ғана осы бірауыз сөздің қаншалықты терең, тағдырлы екенін түсіне бастағандаймыз. Адам ғұмырының қамшының сабындай қысқа болатынын уақыт осылай амалсыз мойындатады екен-ау. Күні кеше ғана арамызда жүрген, өзінің сөзімен де, ісімен де адамдық пен азаматтықтың үлгісін көрсеткен Аңсар досымыздан – Аңсар Тұрсынханұлы Мұсахановтан қапелімде айрылып қалғанымызда жүрегіміз қанжылап тұрып: «Мына дүние шынымен жалған екен-ау», – дегенбіз біз де.

    Тағдырдың тарам-тарам жолдары қай қиырға бастайтынын кім болжап білген?! Азамат болсам, еліме еңбек етсем деген арманның жетегіне еріп, Алматыға аттанғанымыз да күні кеше сияқты. Әр өлкеден білім қуып келген өзіміз сияқты өрімдермен бірге Алматы малдәрігерлік институтына түсіп, студент атанғанымыз да есімізде. Алғаш Аңсармен осы оқу орнының қабырғасында таныстық. Бізден бір курс төмен оқыды. Алдымен қатарластар ретінде аралассақ, кейін бұл сыйластығымыз достыққа ұласып, тонның ішкі бауындай жақын тартып кеткенбіз.
    Ол кездері жоғары білім алған жастарды жолдамамен жан-жаққа жіберетін дәстүр бар еді ғой. Осылайша біз қолымызға диплом тиісімен кең- байтақ еліміздің әр шалғайына аттанып кете бардық. Дегенмен, студенттік шақтың ұмытылмас күндері бізді үнемі біріктіріп, бір-бірімізді сағына іздеп жүруге итермелейтін. Қайда болмасақ та, байланысымызды үзген емеспіз. Аңсардың қай жерде, қандай қызмет атқарып жүргенінен хабар алып, досымыздың әр басқан қадамына, жеткен жетістігіне қуанатынбыз. Осылайша тағы біраз жылды артқа қалдырдық.
    2003 жылы тағдыр Аңсар екеумізді қайтадан табыстырды. Дәл сол жылы ол Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты Қарасай аудандық аумақтық басқармасына басшы болып келді. Мен осы мекемеде ауданның бас ветеринарлық инспекторы болып еңбек ететінмін. Содан бастап еңбек жолымыз қатар өріліп, арамыздағы сыйластық қайта жалғасын тапқандай еді. Жұмыстан қолымыз босаған кезде кейінде қалған балалық шақ, бозбала дәурен туралы естеліктер айтылып, болашаққа деген арман-мақсатымыз жайлы да сыр шертетінбіз. Міне, осындай әңгімелер үстінде мен Аңсардың шыққан тегі – елінің еркіндігі мен жерінің тұтастығы үшін беліне болат байлап, білегіне найза ілген батыр, ал бейбітшілік кезде бітпес дауларға бітім айтқан би, ал ең бастысы, ұрпағына түркі жұртының тарихы хақында «Түп-тұқияннан өзіме дейін» деп аталатын құнды дүние қалдырып кеткен Қазыбек бек Тауасарұлы екенін естіп білдім. Бойына біткен бекзаттықтың, кеудесіндегі кеңдік пен дарқандықтың, ақиқатқа келгенде, ағайынның өкпесіне қарамайтын турашылдықтың, айналасындағы адамдарға деген адалдық пен шынайылықтың түп негізі осында жатыр екен-ау деген байламға келгенім де осы кез.
    Тектілік деген тереңнен тамыр тартатын жаратылыс құбылысы дейтін болсақ, осы тектілік сонау Қазыбек бектен бастау алып, елінің болашағы үшін еңбек етіп, осы жолда басын бәйгеге тіккен Ораз Жандосовтан көрініс тауып, кейінгі ұрпағына жалғасқанын аңғаруға болады. Кеңес өкіметі тұсындағы аласапыран кезеңдерде ұлтымыздың генофондын жойып жіберуге сан мәрте әрекет жасалса да, қан арқылы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасатын осы қасиет түбі бір жерден атойлап шығатыны белгілі-тұғын. Әкесі Тұрсынхан соғыстан кейінгі ауыр кезеңде Қазақ ауыл шаруашылығы институтының инженер-механика факультетін тәмамдап, жүрелеген шаруашылықтарды қалпына келтіруге үлес қосқан өңірге белгілі тұлғалардың бірі болды. Ал Мұсахан атасы мен Нұрилә әжесінің бауырында өскен Аңсар бала кезінен қариялардың даналығы мен халқымыздың салт-дәстүрін бойына сіңіргені анық. Оның ойлы көзінен, салмақты да сабырлы мінезінен, қиюын келістіре айтатын сөздерінен осы ерекшелік қашанда сезіліп тұратын. Жасы кіші болса да, әр нәрсеге байыппен қарап, байламды ойлар айтатыны бізді таңдандырушы еді. Бала кезінен-ақ айналасындағыларды бірден үйіріп алатын көпшілдігі, айтқан сөзінде тұратын бірбеткейлігі, қандай түйінді мәселе болса да байыппен шешетін іскерлігі өз алдына бір бөлек.
    Қазақта «Ата көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» деген даналық сөз бар емес пе?! Атасы мен әжесінің аялы алақанын көрген, әкесі Тұрсынхан мен анасы Клараның талапшылдығынан шыңдалған ол біздің арамызда шынымен ерекшеленіп тұратын. Сондықтан да біз – Аңсардың құрбы-құрдастары, оның болашағынан мол үміт күтетінбіз. Өзінің арманын жүзеге асыру үшін Алматы малдәрігерлік институтын бітіргеннен кейін Қазақ ұлттық аграрлық университетінде білім алып, ауыл шаруашылығы саласы бойынша ғылым кандидаты дәрежесін қорғағаны да жадымызда. Иә, әңгіме жай ғана досым емес, мемлекет және қоғам қайраткері Аңсар Мұсаханов жайында болып отырғандықтан, бұл деректерді келтіре кетуді жөн деп санадым.
    Кейбіреулер ойлайтындай, Аңсар әлдебіреулердің қолдау-қолпашымен тасы өрге домалаған «күлшелі» балалардың бірі емес. Ол не нәрсе болса да өзінің еңбегі мен білімінің арқасында, жеңіске деген жігерімен жетіп отырғанын біз жақсы білеміз. Оқуды бітіргеннен кейін Күрті ауданындағы КСРО-ның 60 жылдығы атындағы кеңшарда мал дәрігері болып еңбек жолын бастап, талап және өнерінің арқасында бөлімше бастығы, Күрті кеңшарының бас мал дәрігері, аудандық ветстансаның басшысы, Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты Қарасай аудандық аумақтық басқармасының төрағасы қатарлы қызметтерін абыроймен атқарғаны осыны дәлелдесе керек. Ауыл шаруашылығы жұмысының барлық сатыларынан өте келіп, соңынан Жамбыл ауданындағы Теміржол ауылдық округінің әкімі лауазымына тағайындалуы – оның былайғы өмірін өзге бір арнаға бұрып кеткендей. Себебі мемлекеттік қызметтегі жұмысын ауыл әкімінен бастаған ол көп кешікпей Іле ауданы әкімінің орынбасары, ал араға уақыт салып, атап айтқанда, 2006 жылы ақындар мен батырлар елі есептелетін Жамбыл ауданының әкімі болып тағайындалған.
    Бір мекемеде қызмет атқармасақ та, біздер жиі жолығысып тұрдық. Аңсар балалық шақтың куәгерлерімен, студенттік достармен байланысын үзген емес. Аудандағы толып жатқан түйінді мәселелермен айналыса жүріп, достарымен жолығуға да уақыт табатын. Ал қызметке келгенде, өңірдің экономикалық өркендеуіне, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға ынта-шынтасы­мен атсалысты. Оның еңбек жолындағы атқарған істері мен бітірген шаруалары жұртшылық жадында.
    Халық қашанда сыншы емес пе, Аңсар Қарасай ауданына әкім болып ауысқан кезде жамбылдықтардың оны қимай шығарып салғанына біз де куә болған едік. Бұл басшының еңбегіне берілген әділ баға деп түсіндік. Бүгіндері Қарасай өңірінің индустриалды-инновациялық бағытта дамуына, ауданда өнеркәсіптің өркендеуіне, халқының тұрмысының жақсаруы мен мәдениетінің дамуына Аңсар Тұрсынханұлының қосқан үлесі қомақты десек, ақиқаттан алшақ кете қоймаймыз.
    Халықпен жұмыс істеу, ел басқару ісіне араласу ақыл һәм біліммен қатар мол тәжірибені де талап ететіні түсінікті. Ол үшін қызметтің барлық баспалдақтарымен жүріп өтіп, өмірдің ыстық-суығына шыңдала білгенің абзал. Міне, осындай баспалдақтардың бірі Аңсар үшін Президент Әкім­шілігіндегі қызметі еді. Кешегі өзі еңбек еткен салаға құс ұшар биіктен қарау, мемлекеттік тұрғыда баға беру, дұрысы мен бұрысын сараптап, сын тезінен өткізу – саналы жанның өрісін кеңейтеді. Бұл сынақтан да ол сүрінбей өтті. Табиғатына біткен тамаша қасиеттерімен Астанада да абыройға бөленіп, ағаларының ақ батасын алған. Алдағы алар биіктеріне үлкен әзірлікпен қадам басқан еді. Өзінің іскерлігі мен қайраткерлігін дәлелдеген ол енді жер жаннаты Жетісу өлкесін басқаруға дайын болды.
    Алматы облысы еліміздегі халқы тығыз орналасқан, еліміздің ғана емес, алыс-жақын шетелдердегі қандастарымыз жаппай шоғырланған өте үлкен әрі күрделі өңір екенін баршамыз жақсы білеміз. Бір кездері негізінен ауыл шаруашылығы саласына маманданған өлкені заман талабына сай индустриалды аймаққа айналдыру – күн тәртібіндегі өзекті мәселелердің бірі. Бұл кез келген басшыдан үлкен ерік-жігермен қатар білім мен білікті, қажет десеңіз, болашақты болжай білетін кемеңгерлікті де талап ететіні түсінікті. Облыс басшысы тұрғысында, әрі осы өңірдің перзенті ретінде Аңсар Тұрсынханұлы қызметіне адал қарауға, халық үніне құлақ асуға ден қоя білді. Жердің жаннаты саналатын қасиетті өлкенің бүгіні мен болашағы үшін жауапкершілікті сезінген ол өзіне жүктелген аманатқа адал болып, сенім үдесінен шығуға бар күшін салып бақты. Осы жолда аянбай еңбек етті де. Қызметім жоғары деп халықтан тамырын үзбей, жылаған бала, күрсінген ана көрсе де жанынан бейжай өтіп кетпейтін. Шамасы келгенше қиналғанға көмек қолын ұсынғанына сан мәрте куә де болдық.
    Өңірге инвесторлардың келуіне, жаңадан кәсіпорындардың ашылуына, мектептер мен ауруханалардың бой көтеруіне, тұрғындардың баспаналы болуына, жолдар мен инфрақұрылымдардың жақсаруына, Талдықорған өңіріне көгілдір отынның тартылуына Аңсардың сіңірген еңбегін ешкім жоққа шығара қоймас. Ол облыс әкімі болып тұрған тұста Жетісудың кіндік қаласы – Талдықорған да шырайлана түскен. Бұл өлке басшысының қызметтік міндеттеріне кіреді деп ойласаңыз, оның бұдан тыс жасаған жұмыстарының өзім куә болған бір-екеуін айта кетсем деймін. Соның бірі – елімізде алғашқы болып ауыл әкімдері мен учаскелік полицияға баспана салып беру, елдімекендерде ветеринариялық қызметті жолға қою үшін мамандарға үй мен кеңсе тұрғызу ісін қолға алуы дер едім. Бұл, біріншіден, ауылдарда тәртіп пен реттілікті қамтамасыз етіп, төрт түліктің өсуіне септігін тигізсе, екіншіден, ел ішіне мамандарды тарту мәселесін шешкен болатын. «Ауылдың тыныштығы мен амандығы осылардың қолында, сондықтан олардың ауылда тамыр жаюына жағдай туғызу қажет!» – дегені әлі жадымызда.
    Жетісудағы бастауын биік шың-құздардан алып, Балқаш көліне асыға аттанатын Қаратал өзенін жұртшылық жақсы біледі. Бұл осы өңірдің берекесі – ырыздық пен молшылық көзі екені де түсінікті. Есте жоқ ескі заманнан бері жағалай қонған жұртының жақұтына айналған өзен ендігі бір кезеңде қайраңға айналып, арнасынан ауып түскен шағы еді. Осылайша ауылшаруашылық жерлеріне су жайылып, қамыс пен батпаққа сіңген ылғал Балқашқа барып құюдан қалғандай еді. Ауыл шаруашылығына арналған жерлерді су басып, экологиялық апаттың да ауылы алыс емес сияқты көрінген. Қаратал ауданының азаматтары көңілдерін торлаған алаңды айтып, Аңсар Тұрсынханұлына келгенде өңір басшысы бұл мәселеге бейжай қарамаған. Онсыз да жетпей жататын бюджеттен қаржы тауып, Қаратал өзенінің аңғарын аршуға қомақты қаражат бөлінген болатын. Көп кешікпей, жұмыс та басталып, арнайы техника күндіз-түні өз міндеттерін атқарып жатты. Облыс әкімінің қолдауының нәтижесінде Қаратал өзенінің арнасы тазаланып, бірнеше мың суармалы егістік алқап ауыл шаруашылығы құрылымдарының игілігіне қайтарылды. Балқаш көлі мен Қаратал өзені арасындағы экологиялық тепе-теңдікті қалпына келтіріп, су деңгейінің сақталуына мүмкіндік туғызғаны, осы өңірдегі аң-құс миграциясын табиғи қалпында сақтауға жол ашқан болатын. Аңсардың бұл әрекетін біз елі мен жеріне деген перзенттік парыздың өтелуі деп ұқтық.
    Осы күнге дейін түрлі басшымен, сан қилы азаматтармен еңбек етуге тура келді. Мамандығына қарай бірі – құрылысқа, бірі – өнеркәсіпті дамытуға, енді бірі оқу-ағарту саласына бейім келетін. Ал өңірдің экономикалық өркендеуі, елдің тұрмысын түзеумен бірге ұлттың әдебиеті мен мәдениетін дамытуға баса назар аударып, рухани дүние қалыптастырып жүрген ақын-жазушылар мен өнер адамдарын қамқорлыққа алу – екінің бірі жасай бермейтін шаруа десем, қателесе қоймаспын. Бұл бағытта барлығымыздың ұстазымыз әрі өнеге алар ағамыз болған Серік Үмбетовтің жолын жалғаған Аңсар Тұрсынханұлы дер едім. Адамды жасы мен қызметіне, қоғамдағы алар орнына қарай бөлмейтін ол өнер адамдарына ерекше құрмет көрсететін. Оның елімізге белгілі қаламгерлермен, әнші-актерлармен сыйласқанын, оларға қашанда лайықты құрмет көрсетіп, қажет болғанда қолдау жасағанының куәсі болған едік.
    Адам өзінде жоқ нәрсені біреуге бере алмайтыны сияқты әдебиетті, өнерді түсінбеген жан оның бағасын да біле бермейді. Ал Аңсар болса, бала кезінен ұлтымыздың рухани қазынасы – әдебиет пен өнердің уызына сусындап өскенін сан мәрте дәлелдеді. Оны сол кездегі өткізілген ақындар мен жазушылардың, батырлар мен билердің, өнер тарландарының мерейтойлары, оларға қойылған ескерткіштер айғақтап тұр. Ол мерейтойды – елдің рухани мерекесі, халықтың жадын жаңғыртар ерекше құбылыс деп түсінетін. Аңсар облыс әкімі қызметін атқарған кездері қаншама Мәдениет үйі жаңғырып, қаншама кітапхана оқырмандарына есігін ашқанын, қанша өнер ұжымы қалыптасып, жас дарындар өнер көгіне жарқырап шыққанын айтып жатудың өзі артық..
    Аңсар Тұрсынханұлының әріптес­тері мен достары үшін оның Қазақстан Республикасы Сенатына депутат болып сайлануы күтпеген оқиға болғаны анық. Ойлана келсек, аймақтағы барлық сатыдан абыроймен өтіп, ел алғысына бөленген азаматтың биліктің бір тармағы – заң шығарушы органға баруының да өзіндік артықшылықтары бар сияқты. Ол үшін қажетті білім де, тәжірибе де, ақыл-парасат та Аңсарда бар болатын. Жоғарғы палатада еңбек етіп жүрген кезеңде Аңсар Мұсаханов көптеген мәселе көтеріп, халқымыз үшін тағдыршешті заңдар қабылдауға ықпал еткенін былайғы жұртшылық біле бермеуі мүмкін. Ал біздер, оның әр басқан қадамын жіті бақылап отыратын достары, Аңсардың көтерген мәселелеріне мән беріп, қажет болғанда, қолдау көрсетуден жалыққан емеспіз. Солардың қатарында конституциялық реформаларға қатысты ұсыныстары, экология мәселелері, ауыл шаруашы­лығын дамытуға бағытталған жобалары атап айтуға тұрарлық.
    Аңсар ағайынға адал, достыққа берік, жақсылық жасауға құштар жан еді. Ол отбасы, бала-шаға ортасында да мейірімді, жанашыр азамат ретінде танылды. Жан жары Анармен институттың екінші курсында оқып жүрген студент кезінде шаңырақ құрған ол махаббатын ғұмыр бойы аялап өтті десем, ақиқаттан алшақ кете қоймаспын. Екеуі бірігіп Іңкәр және Інжу-Маржан атты қыздарды, Алмас пен Эмиль, кенжелері Ерсұлтанды дүниеге әкеліп, лайықты тәрбие бере білді. Ұрпағы өнегелі, саналы болып өсіп, ата-анасының сенімі мен үмітін ақтады. Ерте шаңырақ құрып, балалы-шағалы болудың бір артықшылығы – немере қызығын да басқалардан бұрын сезіну емес пе?! Аңсар мен Анар балаларын құтты орындарына қондырып, немере сүйген бақытты жандар қатарында болатын.
    Осындайда терең бір күрсініп: «Әттең, жалған дүние…» – демеске шараң қалмайды екен. Ақыл-парасаты толысып, халқы мен мемлекетіне тигізер пайдасы еселене түскен шағын­да Аңсар досымызға тағдыр тағы бір сына­ғын тосыпты. Ағзаға біткен дерт көңіліне алаң туғызған. Жара­тылысынан сабырлы, тірліктің түйткіл­деріне түсіністікпен қарайтын ол тосыннан жолыққан ауруға да мойынсұнбай, қасқая тұрып қарсы алғанын көрдік. Ол мойымады, жасы­мады, жасқанбады. Алайда «Аңдыған жау алмай қоймайды» демекші, сол дерт оны ақыры алып тынды. Дер шағында, кемел кезінде, бойындағы бар асылын халқына берер кезінде өмірінің қиылғаны баршамызға ауыр тигені анық. Дегенмен, оның артында ұмытылмас игі істері, ғұмырын жалғайтын ұрпағы, асыл бейнесін жүректе сақтайтын достары қалды.

    Қаныбек Айтжанов,
    «AMANAT» партиясы Қарасай аудандық филиалының төрағасы, Қарасай аудандық мәслихатының депутаты

    Ұсынымдар

    Татулық тірегіміз!

    Татулық тірегіміз!

    7 months ago
    Газет көтерген мәселе

    Газет көтерген мәселе

    12 months ago
    Қонаевта Республика күніне орай ерекше мерекелік іс-шаралар өтті

    Қонаевта Республика күніне орай ерекше мерекелік іс-шаралар өтті

    4 weeks ago
    Алматы облысында 270 саяжай алабы елдімекен санатына қосылады

    Қонаев маңындағы саяжайлар қала аумағына қосылды

    2 years ago
    Аймақ әлеуеті жоғары

    Аймақ әлеуеті жоғары

    2 months ago
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    © 2023 www.alatauaraiy.kz

    «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026

      «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

      ↑
      t>