Алматы облысы бүгінде көптеген мемлекетпен ынтымақтастықты нығайтып, сауда-экономикалық, мәдени қатынастарды жандандыруда. Соның бір дәлелі – Беларусь Республикасымен экономикалық тұрғыда байланыс арта түсуде. Осы орайда облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев Беларусь Республикасының Витебск облыстық атқару комитетінің төрағасы Александр Субботинмен кездесіп, аймақаралық әріптестікті нығайту жайын талқылады.
Кездесу барысында Алматы облысы әкімдігі мен Витебск облыстық атқару комитеті арасындағы сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық, мәдени және гуманитарлық салалардағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Құжаттың мақсаты – бірлескен жобаларды іске асыру, технологиялармен алмасу және Қазақстан мен Беларусь арасындағы байланысты арттыру.
Кездесуге Алматы облысында инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға мүдделі Беларусь бизнес қауымдастығының өкілдері де қатысты. Олар өнеркәсіп саласына инвестиция салуға дайын екендіктерін білдірді. Осы ретте өзара іс-қимылдың ықтимал бағыттары, бірлескен кәсіпорындар құру мәселелері талқыланды. Сондай-ақ жаңа технологияларды енгізу, тәжірибе алмасу және өндірістік кооперацияны дамыту бағыттары бойынша қосымша кеңестер өткізу жөнінде келісімге қол жеткізілді.
Меморандумға қол қою аймақтар арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға, тәжірибе алмасу мен өнеркәсіптік, аграрлық және әлеуметтік салалардағы бірлескен бастамаларды жүзеге асыруға берік негіз болмақ.
Алма Есенбаева




