Райымбек ауданының тұрғындары қандай да бір архив құжатын алу үшін бұрындары 100 шақырымға жуық жердегі Кеген ауылына сабылатын еді. Арғы-бергі жол шығыны да қалтаға кәдімгідей салмақ салатын. Міне, енді сол қиындықтың бәрі артта қалды. Аудан орталығынан осыдан екі жыл бұрын ашылып, жұмысын бастаған мұрағат мекемесі қазіргі таңда тұрғындардың сұранысын лайықты қанағаттандыруда.
Әрине, ауданда бұрын мұрағат мекемесі болған. 1936 жылы Нарынқол Кеген ауданынан бөлініп, өз алдына шаңырақ көтергенде жаңа әкімшілік орталығынан мемлекеттік маңызы бар мекемелер құрылып, жұмыс істегені тарихтан белгілі. Солардың қатарында 1938 жылы аудандық архив те ашылып, халықтың қажетін өтеген. Ұжымшар мен кеңшардың, аудандық, ауылдық атқару комитеттерінің, заң орындарының қаулы-қарары мен шешімдері, ресми деректер, азаматтардың еңбек өтіліне қатысты құжаттар осы жерден орын алып, сақталған.
1997 жылы екі аудан біріктірілгенде, көрші ауданның архивіне қосылған. Араға 25 жыл салып, қайта ашылған аудандық мұрағат бөлімшесі 2023 жылдан бері облыстық құрылыс басқармасының тапсырысымен салынған екіқабатты заманауи ғимаратта қызметін жалғастырып, міндетін мінсіз атқаруда.
Қазіргі таңда аталған мекемеде аудан өміріне, тарихына, ресми деректерге, орден-медальға, зейнет жасына жеткен жекелеген адамдардың еңбек өтіліне қатысты құжаттардың қаз-қалпында сақталуына қатысты жұмыстар тиісті нәтижесін беруде. Ғимарат ішінде 3 қойма, оқу залы, анықтама берілетін арнайы орындар, мамандардың қызметтік бөлмелері компьютермен, бейнебақылау қондырғылармен толықтай қамтылған. Іс-құжаттары түгел дерлік электронды қалыпқа түсірілген. Бұл ретте құны 22 миллион теңге тұратын заманауи қондырғының қызметі зор. Қазір барлық құжат сол арқылы базаға салынады. Мұндағы қызметкерлердің бәрі де – жоғары білімді, осы саланың арнайы мамандары. Ақжарқын Бағашар, Қарагөз Қайыңбай, Гүлфиназ Зәкіржан сияқты қызметкерлер аудандағы құзырлы орындардан, мекеме, ұйымдардан, жекелеген азаматтар тарапынан түсетін сұраныстың талап деңгейінде орындалуын білім-біліктері арқылы жүзеге асырып келеді.
– Архив анықтамалары, үзінділер, көшірмелер – бұл заңды күші бар және сұратылып отырған мәселе бойынша дайындалған мемлекеттік ресми құжат. Архив мемлекеттік сақтауға қабылданған құжаттар негізінде жеке және заңды тұлғалардың сұранысын қанағаттандыру мақсатындағы жұмысты жүзеге асырады. Қызметіміз ауданның әлеуметтік-құқықтық мәселесіне, азаматтардың құжаттамалық қажетін өтеуге арналған соң, бұл жұмысты мінсіз атқаруға мүдделіміз, – дейді архив бөлімшесінің директоры Ерғанат Дүйсенбай.
Жұмабек ТҰРДИЕВ
Райымбек ауданы




