Перейти к содержимому
Главная страница » Сахна сандуғашы

Сахна сандуғашы

      Тыңдаған адамның санасын ұйытып, сезімтал жүректі шымырлатып, жансарайыңды ерекше күйге бөлейтін әсем әнді нақышына келтіре шырқап, халықтың ықыласына бөленіп жүрген өнерпаздардың бірі – Кеген халық театрының әртісі, «Ереуіл» халықтық-фольклорлық ансамблінің әншісі Сәмиға Әлдекенова. Ол 40 жыл мәдениет пен өнер саласында тынбай еңбек етіп, бүгінде мерейлі зейнет жасына жетіп отыр.

Сәмиға Мұсағалиқызы қазақтың шежіресін тізбек­теген  Мұхамеджан Тынышбаев, әлем музыкасына үн қосқан Мұқан Төлебаев пен Еркеғали Рахмадиев, кино өнерінің майталманы Құман Тастанбеков, жауырыны жер иіскемеген Әбілсейіт Айханов пен Аманжол Бұғыбаевтардың кіндік қаны тамған киелі Сарқан өңірінде 1964 жылы дүниеге келген. Бақалы ауылындағы мектеп қабырғасынан түлеп ұшып, Жүсіпбек Елебеков атындағы Өнер студиясына оқуға түседі. Онда Зейнеп Қойшыбаеваның класында дәріс алады. Еңбек жолын 1985 жылы Кеген ауданы Тоғызбұлақ ұжымшарының халық театрында бастайды. Әр жылдарда Кеген аудандық мәдениет бөлімінде автоклуб меңгерушісі, әдіскер, көркем­дік жетекші, Тасашы ауылдық Мәдениет үйінің директоры, аудандық Мәдениет үйінің дирижері болды. Қазіргі таңда Кеген халық театрының әртісі.
Әншінің өнер саласындағы жеке шығар­­машылығы театрмен бай­ланысты. Бәкір Тәжібаевтың «Ана жүрегі» драмасында Алманың, Тәкен Әліпбаевтың «Даладағы дүбір» спектаклінде Зейнептің және Мұхтар Әуезовтің «Айман-Шолпан» пьесасында Айманның рөлдерін керемет сомдай білді. Кеген халық театры бүкілодақтық байқаудың бірнеше мәрте жеңімпазы атанды. Сәмиға Мұсағалиқызы 1998 жылы «Алмалы – 98» атты республикалық ән конкурсында Бас жүлдені жеңіп алды.
Әншінің репертуары бай. «Бір бала», «Назқоңыр», «Гауһартас» секілді халық әндерін сүйіп орындайды. Латиф Хамидидің «Бұлбұлын» шырқаған кезде тыңдарман қауым бір серпіліп, өзгеше күйге бөленеді. Әйгілі Қапез Байғабыловтың «Үш Меркісін», жергілікті сазгер Жақсылық Әбдірамановтың, Бақытжан Құсайыновтың туған ел мен жер туралы әндерін де әуелете шырқайды. Оның әншілік дарыны Кеген мен Нарынқолға ғана емес, өзге де өңірлерге жақсы таныс. Өзі еңбек ететін халық театрының, «Ереуіл» халықтық-фольклорлық ансамблі құрамында облыстың бірқатар ауданында, Талдықорған, Алматы қалаларында гастрольдік сапармен барып, көрерменнің көзайымына айналған. Ауданның мәдениеті мен өнеріне сіңірген ерен еңбегі үшін облыс әкімінің және мәдениет басқармасының Құрмет грамотасын алды. «Мәдениет саласының үздігі» және «Еңбек ардагері» төсбелгілерімен марапатталды.
Сәмиға Мұсағалиқызы – үлгілі отбасының отанасы. Өмірлік серігі өмірден ерте озса да, тағдыр талқысына берілмей, балаларын тәрбиелеп өсірді. Дидар, Елдардай ұлдары мен Махаббат атты қызын қанаттандырды. Келін алып, қыз ұзатып, бес немере сүйіп отырған жайы бар.
Ол әрдайым аудандық Мәдениет үйінен табылады. Онда тілек-ниеті, мақсат-мүддесі бір әріптестері, өнер ордасы бар. Кезекті ән мен қойылымға әзірлік секілді жанына жақын іс жүрегін жайландырып, қиялына қанат бітіріп, көңілін жадырата түседі. Өнер иесі үшін одан асқан бақыт жоқ шығар?!
Туған елін әсем әнімен әлдилеген әншіге біз де жан жылуына толы мереке сәтінде мықты денсаулық пен зор шығармашылық табыс тілейміз.

Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ

Кеген ауданы