Қарасай ауданында Алматы облысы әкімінің Кубогіне арналған ересектер арасындағы командалық көкпар лигасының «Батыс өңірлік кезеңі» өтті.
Салтанатты ашылу рәсімі «Gulnar Baq» демалыс базасында ұйымдастырылды. Шараның шымылдығын осы оқиғаға арнайы дайындалған концерттік бағдарлама түрді. Ұлттық би ансамблінің әсерлі өнері мерекелік концерттің алғашқы нөміріне айналды. Сондай-ақ сахнада патриоттық әндер, аспаптық шығармалар және жергілікті өнерпаздардың қойылымдары орындалып, іс-шараға ерекше салтанат пен рухани көтеріңкі көңіл-күй қосты.
Концерттен кейін сөз облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ақжүрек Танатаровқа берілді. Өз құттықтауында ол бұл жарыстың ұлттық спорт түрлерін дамытуға және өңірдің спорттық әлеуетін арттыруға қосатын үлкен үлесін атап өтті.
«Көкпар – жай ғана ұлттық спорт емес. Бұл – біздің тарихымыздың бір бөлігі, ерлік, ептілік және бірліктің символы. Бүгін Қарасай жерінде ең мықты ойыншылар өз шеберлігін, жеңіске деген жігерін және халқымыздың спорттық дәстүрлеріне деген құрметін көрсетуге жиналды. Бұл турнир көрермендерге ұмытылмас әсер сыйлап, қатысушыларға адал бәсеке, жаңа жетістіктер және аудандар арасындағы достықты нығайта түседі деп сенемін. Мұндай сайыстар бұқаралық спортты дамытуға, ұлттық спорт түрлерін насихаттауға және жастарды патриотизм мен салауатты өмір салтына тәрбиелеуге ықпал етеді. Спортшыларға сәттілік, әдемі әрі әділ ойын, төзім мен жігер тілеймін. Мықтысы жеңсін, ал әрбір қатысушы жаңа тәжірибе мен биік мақсаттарға ұмтылыс алып қайтсын», – деді Ақжүрек Таңатаров.
Еске сала кетейік, 15 сәуірде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Дене шынықтыру және спорт туралы» заңға түзетулерге қол қойды. Өзгерістерге сәйкес, ұлттық спорт түрлері олимпиадалық спортпен қатар ресми түрде басым бағыт ретінде танылды.
«Бүгінде мемлекет ата-баба спортын дамыту жолында үлкен қадам жасап отыр. Қаржыландыру, инфрақұрылым, кадр даярлау – мұның барлығы ұлттық спорт түрлерін жаңа сапалық деңгейге көтеруге мүмкіндік береді», – деді Алматы облысы ұлттық спорт түрлерін дамыту дирекциясының директоры Елдос Тілебалдиев.
Командалық көкпар лигасы біздің өңірде алғаш рет өткізіліп отыр. Батыс өңірлік кезеңге 5 команда қатысты. Жалпы 60-тан астам спортшы өздерінің ат үстіндегі шеберлігін, тактикалық үйлесімділігін және жоғары дайындығын көрсетті. Сонымен қатар командалық көкпардың маңызды бөлігі саналатын жылқылардың төзімділігі мен тәртіптілігі ерекше назар аудартты.
«Командалық көкпар – жай ғана көкпар үшін тартыс емес, нақты дайындалған комбинациялар мен маневрлерге құрылған заманауи спорттық тәртіп. Мұндай формат ірі турнирлерді жүйелі өткізуге, спортшыларды кәсіби деңгейде дайындауға және жастар арасында ат спорты мәдениетін дамытуға мүмкіндік береді. Ойыншылар мінез танытып, жеңіске деген нағыз жігер көрсетті. Әр кездесу – тек физикалық емес, интеллектуалды айқас. Командалық көкпарда стратегия мен өзара әрекет өте маңызды. Зрительдер әр команда тактиканы жылдам өзгерте отырып, біртұтас жұмыс істей білген тартысты ойындарға куә болды», – деді жарыстың бас төрешісі Сәбит Қасенов.
Қызу бәсекеде Қарасай ауданының командасы жеңіске жетті. Финалда олар Жамбыл ауданының ойыншыларын басып озды. Ал турнирдің қола жүлдесі «Кемертоған» командасына бұйырды.
Еске сала кетейік, қатысушылар финалдық кезеңге жолдама үшін бақ сынады. Онда Батыс және Шығыс өңірлерінің ең үздік командалары кездеседі. «Алматы облысы әкімінің Кубогіне арналған командалық көкпар лигасының Шығыс өңірлік кезеңі» 26–29 қараша аралығында өтеді. Ал финалдық кезең 2025 жылдың желтоқсан айына жоспарланған.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер дипломдармен, медальдармен, кубоктармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталады.
Сайыстар Алматы облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының, облыстық спортты дамыту орталығының, ұлттық спорт түрлерін дамыту дирекциясының және «Алатау» облыстық көкпар федерациясының қолдауымен өткізілді.
