Перейти к содержимому
Главная страница » Болашақ – білімде!

Болашақ – білімде!

     Сүлеймен Демирел университетінде (SDU) ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов облыс тұрғындарымен кездесу өткізді. Басқосуға жоғары және орта білім беретін оқу орындарының ұстаздары мен тұрғындар қатысты.

Кездесудің мақсаты – облыс тұрғын­дарын ғылым және жоғары білім саласындағы мемлекеттік саясаттың басым бағыттарымен, атқарылып жатқан реформалармен, жаңа стратегиялық бастамалармен таныстыру, аймақтағы ғылыми-зерттеу және жоғары білім беру ұйымдарының даму жолын талқылау, азаматтар­дың ұсыныстары мен сұрақтарын тыңдай отырып, саланың одан әрі жетілдірілуіне қатысты тиімді кері байланыс орнату.
Кездесуде ең алдымен, 2023–2029 жылдарға арналған Жоғары білім және ғылым тұжырымдамасының жүзеге асу барысы сөз болды. Мұнда ғылым, жоғары білім және тіл саясаты негізге алына отырып, үш бағыт бойын­ша жұмыс жүргізу қарастырылған. Сонымен қатар кадрлық саясат пен инфра­құрылымға, әлемдік бағдар мен цифрландыруға, гранттар бөлуге қатысты мәселелер де көтерілді. Мысалы, бүгінде гранттар саны 93 232-ні құрап отыр. Соның ішінде 77 084 грант – бакалавриатқа, 13 229 – магистратураға, 2919 – докторантураға, ал 2140 грант қандастарға бөлінген.
Тағы бір айта кетерлік жайт – Қазақстанда беделді шетелдік жоғары оқу орындарының 33 филиалы жұмыс істейді. Оның 12-сі – 2023 жылы, 24-і – 2024 жылы ашылған. Сонымен қатар Түркияда, Қырғызстанда, Ресейдің Омбы қаласында және Өзбекстанда қазақстандық университеттердің филиалдары бар.
Студенттерді жатақханамен қамту мәселесі де сәтті шешілуде. Жыл сайын 10 мың орынды жаңа жатақханалар бой көтеруде. Олардың барлығы да заманауи үлгіде салынуда. Бұл жағдайда SDU де жақсы үлгі бола алады. Мұнда 9 мыңнан астам студент білім алады. Университетте оқу мен жеке тұлғаның үйлесімді дамуына барлық жағдай жасалған.
Талғат Ілиясұлы ҰБТ тақырыбына да ерекше назар аударды. Биыл тест тапсыруға 210 296 түлек қатысқан. Олардың 76,35 пайызы орташа балл жинаған. Қазақстан бойынша орташа көрсеткіш – 69,32 балл болса, Алматы облысы осы деңгейден көрініп отыр. Вице-министрдің айтуынша, бұл – жаман нәтиже емес. Осындай қар­қын сақталса, облыстың алға басуына жақ­сы мүмкіндік бар.
Келтірілген тағы бір дерек, 2029 жылға қарай Қазақстанда 1-сыныпқа баратын балалар саны 440 мыңға жетеді деп күтілуде. Ал 2035 жылға қарай бастауыш мектепке түсетін жүктеме азаятыны болжануда. Бұл балалардың туу көрсеткішімен тікелей байланысты.
Вице-министр таныстырған «Келешек» жинақтау жүйесі де үлкен қызығушылық тудырды. Бұл – 5 жастан бастап 18 жасқа дейінгі балаларға тұрақты жинақ жасауға арналған мемлекеттік қолдау тетігі болмақ. Жинақталған қаржыны елімізде және шетелде білім алуға пайдалануға болады.
Талғат Ілиясұлы бағдарлама шарт­тарын егжей-тегжейлі түсіндірді. Мемлекет бастапқы білім капиталын бөледі. Демек, жалпы балаларға – 60 АЕК, жетім балаларға – 120 АЕК көлемінде қаржы бөлінбек. Сонымен бірге жыл сайын 5–7 пайыз көлемінде мемлекеттік сыйақы қарастырылған. Ал ата-ана немесе қамқоршы өз тарапынан ай сайынғы жарнасын енгізуі тиіс.
Жиын барысында «Мамандығым – болашағым» жобасы да сөз болды. Ол халықтың табысын арттыру бағдар­ламасы аясында жүзеге асуда. Жоба­ның негізгі мақсаты – өңірлік еңбек нарығының сұранысын ескере отырып, мамандар даярлау. Аталған жобаның жастарды болашақ экономикалық сын-қатерлерге әзірлеуге, сұранысқа ие мамандықтарға бағыттауға ерекше мән беретіні атап өтілді.
Облыс тұрғындарымен кездесу­ден соң Талғат Ілиясұлы бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен брифинг өткізді. Журналистер негізінен Алматы облысындағы білім беру саласының дамуына қатысты сұрақтар қойды. Осыған байланысты вице-министр Қонаев қаласында университет салу мәселесі қарастырылып жатқанын жеткізді.

Қуат ҚАЙРАНБАЕВ

Қарасай ауданы