Қарасай ауданы Мерей ауылдық Мәдениет үйінде А.Макаренко атындағы мектеп ұжымының ұйымдастыруымен Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары, белгілі қаламгер Бейбіт Сарыбаймен кездесу кеші өтті.
Шараның мақсаты – жазушының «Бекзат. Шаршы алаңнан тыс өмір» атты кітабын оқырмандарға кеңінен таныстыру, сондай-ақ даңқты боксшы Бекзат Саттархановтың жеңісті жолын жас ұрпаққа үлгі ету. Кеш барысында шығарма желісі бойынша оқушылар сахналық көрініс қойды. Онда Бекзаттың анасы Сырлыкүл мен әкесі Сейілханның ұлынан зор үміт күтіп, оның чемпион болуын армандаған сәттері, спортшының биік жетістіктері, Сидней Олимпиадасында топ жарып, Қазақстанның атын әлемге танытқан жеңісті жолы көрініс тапты. Залда отырған көрермен ерекше әсерге бөленді. Өкінішке қарай, спортшының ғұмыры тым қысқа болды. Биыл Бекзат 45 жасқа толар еді.
Ары қарай кеш сыр-сұхбатқа ұласты. Оқушылар жазушыға сұрақтар қойып, тұщымды жауаптар алды. Бейбіт Шегебайұлының айтуынша, ол көптен бері балаларға арналған қаһарман бейне туралы шығарма жазуды жоспарлаған. Осы ой жетегінде жүргенде досы, «Beles» компаниясының басшысы Махат Төрәлімен кездеседі. Кәсіпкер Астанада Бекзат Саттархановтың атына спорт кешенін салып жатқанын айтып, жазушыға боксшы туралы кітап жазу жөнінде ұсыныс білдіреді. Осылайша ол спортшының өмір жолын терең зерттеп, туған жері Түркістан қаласына арнайы барып, марқұмның анасымен бірнеше күн бойы сырласады. Нәтижесінде жинақталған мол дерек пен тағылымды ой қағаз бетіне түсіп, 224 беттен тұратын кітап жарық көрген.
Кеш барысында Қарасай аудандық білім бөлімінің басшысы Әсел Әбілеқызы жазушы шығармаларын жоғары бағалап, алғысын білдірді. Мектеп директоры Гүлбану Бердібекова да зор ризашылығын жеткізді. Жазушы өз сөзінде рухани шараға арнайы шақырған мектеп ұжымының елеулі еңбегін атап өтіп, жаңа кітабына қолтаңба берді.
– Кітабымды мектеп ұжымы болып оқып, оны талдап, терең түсініп, шараға аса бір ыждаһаттылықпен дайындалғаны көрініп тұрды. Сондықтан ұстаздар қауымына алғыстан басқа айтарым жоқ. Бұл шара Бекзат Саттархановтың рухына арналған ерекше сый деп білемін, – деді Бейбіт Сарыбай.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ
Қарасай ауданы




