Қонаев қалалық кітапханасында «Кітапхана түні» акциясы аясында «Жарық пен білім түні» атты ерекше форматтағы шара өтті. Мақсаты – кітапхана жұмысы мен тынысын заман өзгерісіне сай дәріптеу, әр жастағы оқырманды кітап әлемімен таныстырып, әдеби ойындар, авторлармен кездесу, квесттер мен шығармашылық байқаулар арқылы оқырманның кітапқа деген қызығушылығын арттыру.
Кеш қонақтарын кітапхана ұжымы түнгі атмосфераға сай ерекше образда қарсы алды. Жұлдызбен безендірілген киімдер, бетперделер, мерекелік шамдар және фото-аймақ кеш сәнін келтірді. Кітапхананың әр бөлімі өзіне тән бағыт бойынша жұмыс жүргізді. Алдымен шараға қатысушылар кіреберісте орналасқан даналық қолшатырындағы тілек кітапшасын қызыға оқып, сыған қызы Азадан болашақтарына қатысты болжамдар тыңдап, алғашқы сәттен-ақ шараның қызығына еніп кетті
Мектеп кітапханашылары «Кітап. Квест. Game» ойынына қатысып, кітап қорымен танысты, логикалық ойлау мен топтық жұмыс арқылы танымдық тапсырмаларды орындады. Ал «Бірге оқиық» клубының мүшелері оқыған шығармалары туралы ойымен бөлісіп, пікір алмасып, заманауи оқырман бейнесін көрсетті.
Балаларға арналған «Ертегілер еліндегі кітапхана» бөлімінде ертегі кейіпкерлері бейнесіне енген оқушылар сайысқа қатысты. Қиял әлеміне бойлап, біріге жұмыс істеді.
Кеш барысында ақын Ажар Сұлтанмен өткен «Менің бағытым – биік белес» мотивациялық-шығармашылық кездесуі кештің мазмұнын байытып, жас оқырманға шабыт сыйлады.
Әр бөлімнің жұмысы аяқталған соң, кештің ресми ашылуында Қонаев қаласының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Абылайхан Мұстафа шараның маңыздылығына тоқталып, қатысушыларға жылы лебізін жеткізді. Одан әрі сөз тізгінін облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының маманы Талғат Ақжол мен облыстық орталық әмбебап кітапханасының іс-шаралар бөлімінің қызметкері Данышпан Сұлтанбекова алып, кеш қонақтарына жүрекжарды құттықтауларын арнап, кітапхана ұжымының еңбегіне жоғары баға берді. Ресми құттықтаулардан соң қатысушыларды марапаттау рәсімі өтті. Сайысқа қатысқан балалар арасынан үздік үштік анықталып, жеңімпаздарға арнайы қаржылай сыйлықтар табысталды.
«Түстер еліне саяхат» атты кітаптар шеруі кештің мазмұнын байыта түсті. Кітапханашылар түрлі-түсті киім киіп, сол түске сәйкес келетін кітаптарды таныстырып, көрерменге рухани ләззат сыйлады. Концерттік бағдарламада 2-сынып оқушысы Медина Пірмұхамед «Отан» әнін орындап, талантымен тамсандырды.
Шара соңында белсенділік танытқан жандарға арнайы марапат табысталып, Қонаев қалалық кітапханасының басшысы Айгүл Ақтанова кешті қорытындылады.
«Жарық пен білім түні» кітапхана оқу ордасы ғана емес, шығармашылық қабілеттерді жетілдіретін, жаңа ізденістерге жол ашатын мүмкіндік мекені екенін дәлелдеген тағылымды шара болды. Қатысушылар ерекше атмосферада білімін ұштап, танымын тереңдетті. Кеш кітапқа деген сүйіспеншілікті арттырып, оқырман мен кітапхана арасындағы байланысты нығайтып, ұмытылмас әсер сыйлады.
Балжан Ергешова,
Қонаев қалалық кітапханасының қызметкері




