Корея Республикасы мен Қазақстан арасындағы мәдени ынтымақтастық пен іскерлік байланыс жылдармен бірге қанатын кеңге жайып, өрістеп, өркендеп келеді. Қазіргі кезде екі ел арасындағы экономикалық қарым-қатынастың қарыштап дамуымен бірге, білім, ғылым саласында да өзара тәжірибе алмасу мен жетістіктермен бөлісу жақсы жолға қойылған. Енді, міне, тыңға түрен салғандай болып, Корей елінің ең таңдаулы әңгімелерінің бірқатары қазақ тілінде жарық көріп, Алматыдағы Ұлттық кітапханада Корея Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулдығының қолдауымен корей көркем әдебиетінің қазақ тіліне аударылған алғашқы жинағы – «Жаһанға шыққан корей әңгімелері» атты кітаптың тұсаукесер салтанаты өтіп, көпшілік назарына ұсынылды.
Қазақ тіліндегі тұңғыш жинаққа корей әдебиетінің классик жазушылары И Хё Соктың «Қарақұмық гүлі гүлдеген кезде», Хён Джин Гонның «Сәтті күн» және «Туған жер», Ким Ю Джонгтың «Бом Бом» және «Камелия гүлі», Хван Сун Вонның «Нөсер жаңбыр» атты шығармалары кіргізілген. Тұсаукесер рәсімі барысында әңгімелер желісімен түсірілген анимациялық фильм де көрсетілді.
Халықаралық әдеби байланыстағы соны жаңалық және Корея Республикасы жазушыларының таңдамалы шығармаларын қазақ тілінде аударылып жарық көруінде жасалған алғашқы қадам болып саналатын бұл жоба Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ шығыстану факультеті Қиыр Шығыс кафедрасының бастамасымен қолға алынып, жүзеге асырылғанын айта кеткен жөн. Сонымен бірге Корея Республикасының Көркем аударма академиясы ұсынған «Шетелдік университеттердегі корейтану бөліміне арналған көркем аударма семинары» бағдарламасының нәтижесі болып есептеледі.
Жаңа бағыттағы өзара ынтымақтастықтың басталу кезеңіне тоқталар болсақ, 2025 жылдың 8 қазанында Корея Республикасының Алматы қаласына жаңадан тағайындалған Бас консулы Ха Тэ Ук мырза Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да болып, корейтану бөлімінің студенттеріне арнайы дәріс оқыды. Осы сапар барысында Бас консул кафедра жүзеге асырып жатқан халықаралық жобалармен танысып, өздері тарапынан екі ел арасындағы маңызды бастамаларға қызығушылық танытып, кафедра қолға алып отырған аударма жинағының жарыққа шығуына, тұсаукесерін өткізуге қолдау көрсетуге ниет білдірген еді. Осыған орай Қиыр Шығыс кафедрасының меңгерушісі А.Абаған, кафедра доценті А. Белялова және аға оқытушы Ә.Сайлаукенова жетекшілік еткен аудармашылар тобы жинақтың көрнекі безендірілуіне қатысты Бас консулдықтан қолдау сұрап, өзара мәдени, әдеби байланыста анимациялық фильмдердің маңызы зор екенін жеткізген болатын. Қос тараптың бірін-бірі жете түсінуі және өзара қарым қатыстың тың бағытын қолға алуға қатысты келісім нәтижесінде Кореяның танымал анимациялық режиссері Ан Джэ Хун мырза өз туындыларын жинақта ақысыз пайдалануға ресми түрде рұқсат берді. Осындай түсіністік пен келісім арқасында ҚазҰУ-дың корейтану бөлімінің 4-курс студенттері (жетекшісі – Ә.Сайлаукенова) режиссердің үш анимациялық фильміне қазақ тілінде субтитр әзірледі.
Аударма кітаптың ҚР Ұлттық кітапханасында өткен ресми тұсаукесерінде Ан Джэ Хун мырзаның алғаш рет қазақ субтитрлерімен қойылған «Қарақұмық гүлі гүлдеген кезде», «Сәтті күн» және «Бом Бом» атты анимациялық фильмдері Абылай хан атындағы ҚазХҚӘТУ, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ корейтану бөлімі студенттері мен оқытушыларының және осы тұсаукесерге жиналған жұртшылық назарына ұсынылды. Болашақта екі ел арасындағы мәдени байланыстың жетекші бағыттарының біріне айналады деп үміттеніп отырған әдебиет пен кино саласындағы байыпты бастаманың тұсаукесер рәсімі Корея Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулының алғысөзімен басталып, ҚР Ұлттық кітапханасының ғылыми хатшысы Қанат Мұратбекұлы, сондай-ақ
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ доценті, филология ғылымдарының докторы Баян Нұрсұлтанқызының құттықтау лебіздерімен жалғасты.
Тұсаукесерден кейін «Book Talk» форматындағы әдеби сұхбат өтті. Онда А.Абаған мен Ә.Сайлаукеноваға, субтитр әзірлеуге қатысқан студенттер Т.Абай мен А.Уахитоваға, сондай-ақ режиссер Ан Джэ Хун мырзаға аударма жинағына қатысты сұрақтар қойылды. Өзара сұхбат барысында екі елдің салт-дәстүрі мен әдет-ғұрыптарындағы, тірліктері мен ұстанымдарындағы ұқсастықтар мен ерекшеліктер, шығармалардың тәрбиелік және танымдық тұрғыдағы маңызы жайлы соны пікірлер мен толайым тұжырымдар ортаға салынды. Осылайша, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ корейтану бөлімінің бастамасымен қолға алынған жаңа жобаның алғашқы қадамы сәтті жүзеге асырылды.
Болашақта берері мол болады деп болжанып отырған бұл жоба корей әдебиетін қазақ оқырманына кеңінен таныстыруға бағытталған маңызды мәдени бастама екені анық. Тараптар екі ел арасындағы рухани, әдеби және мәдени ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуді мақсат етіп отыр. Жоба авторларының айтуынша, алдағы уақытта да корей және қазақ тілдерінде жаңа аудармалар жарық көреді.
Болат ҚАБДЕШҰЛЫ,
Қазақстанның Құрметті журналисі




