Перейти к содержимому
Главная страница » Еңбек пен нәтиже

Еңбек пен нәтиже

Қарасай ауданы жылдан-жылға спорт саласында жақсы нәтижелерге қол жеткізіп келеді. Өңір жастары республикалық және халықаралық чемпионаттардың жеңімпазы атануда. Бұл істе спорт мекемелері қызметкерлері мен жаттықтырушылардың үлесі қомақты екені сөзсіз. Өткен жылдың қорытындысы бойынша Қаскелеңдегі №1 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің атқарған еңбегі жоғары бағаланды.

Аталған мекеменің кадрлар жөніндегі инспекторы Әмина Әбдіраманова облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшылығының Алғыс хатымен марапатталды. Әмина Мәдиқызы ұзақ жыл мемлекеттік қызметте еңбек еткен. Ол Қаскелең қалалық және Қарасай аудандық әкімдіктерінде жұмыс істеп, зейнеткерлікке шыққанға дейін Қарасай аудандық ішкі саясат бөлімін басқарды. Қазіргі уақытта да белсенді өмірлік ұстанымын сақтап, аудандық және облыстық қоғамдық кеңестердің мүшесі ретінде өңірдің дамуына өз үлесін қосып келеді.
Спорт мектебінің тәжірибелі жаттықтырушысы Нұркен Смайыловтың да еңбегі еленіп, «Үздік жаттықтырушы» төсбелгісімен марапатталды. Ол – таэквондодан спорт шебері, Қазақстан чемпионы және бірқатар халықаралық турнирдің жеңімпазы.
Қаскелеңдегі №1 балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектебі 2025 жылдың қорытындысы бойынша облыстағы ең үздік спорт мектептерінің үштігіне енді. Осы жетістігімен Жарасхан Айымқұлов жетекшілік ететін мектеп ұжымын шын жүректен құттықтай отырып, өскелең ұрпақты салауатты өмірге тәрбиелеп жатқан еңбектері үшін алғыс білдіреміз. Жас спортшылар алдағы уақытта да ата-анасын, жаттықтырушысы мен жанкүйерлерін жеңістерімен қуанта берсін!

Қуат Қайранбаев

Қарасай ауданы