Шелек политехникалық колледжінің құрылғанына биыл 70 жыл толғалы отыр. Бұл аз мерзім емес, осы жылдар ішінде көптеген игі іс атқарылды. Ауыл шаруашылығы өндірісіне қажетті жүздеген жұмысшы маман дайындап шығарды. Олардың қатарында осы оқу орнының түлегі, бүгінгі колледж директоры, Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің үздігі Қуат Құрманғалиұлы да бар.
Соңғы жылдары мемлекетіміздің жастарға деген қамқорлығының арқасында колледж ғимараттары күрделі жөндеуден өткізілді. Материалдық техникалық базасы нығайды, заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді. Жаңа мамандықтар оқу бағдарламасына енгізілді. Осының нәтижесінде 2025 жылы облыстық кәсіптік білім беретін мекемелер арасында өткен байқауда Шелек политехникалық колледжі жүлдегерлер қатарынан көрінді.
Ұстаздар мен өндірістік оқу шеберлерінің де еңбегі ескерусіз қалмады. Олар да өз саласы бойынша облыстық, республикалық конкурстарға қатысып, колледж мәртебесін көтеруге өз үлестерін қосты. Мәселен, осы оқу орнының студенттері – Бейбарыс Марсов «WORDSKILLS – 2025» аймақтық чемпионатында «Шанақ жұмыстары» бойынша ІІІ дәрежелі, Расул Құдайбердиев «Графикалық дизайн» бойынша ІІІ дәрежелі, Олег Бугаев «Дәнекерлеу технологиясы» бойынша І дәрежелі, ал Ерен Тұрдыбек «Электромонтаждық жұмыстар» бойынша өткен байқауда ІІ дәрежелі дипломдармен марапатталды. Өндірістік оқыту шеберлері бақ сынаған энергетика саласындағы республикалық конкурстан Нұржан Нұрмұхан «Үздік маман» аталымында, Жақып Баба «Дәнекерлеу саласындағы тәжірибелі шебер» номинациясы бойынша жеңімпаз атанды.
Колледж директоры Қуат Құрманғалиұлы 40-қа жуық өндірістік кәсіпорынмен өзара меморандумға қол қойды. Айталық, Шелек өңірінде «Жетісу Вольфрамы» ЖШС кен орны ашылып, қазба жұмыстары басталғаны белгілі. Аталған өндіріс орнымен өзара келісімге қол жеткізгеннен кейін колледж студенттері мұғалімдермен бірге Бұғытыға барып, жұмыс үдерісімен толық танысып шықты. Қандай мамандықтар бойынша сұраныстың жоғары екенін саралады. Сол сияқты осында пайдаланылып жатқан жеңіл техника, ауыр машиналарды көзбен көріп, оны жүргізудің әдіс-тәсілін үйренді. Осылайша олардың оқу мен практиканы ұштастыруына кең жол ашты.
«Жетісу Вольфрамы» кәсіпорны үшін мамандарды оқыту бойынша халықаралық тәжірибе алмасу мақсатында колледж басшысы Қуат Кұрманғалиұлы Қытай Халық Республикасында орналасқан зауыт-фабрикаларда іссапармен болып, заманауи өндіріс технологиясымен танысып қайтты. «Жетісу Вольфрамы» ЖШС-на колледж 82 жұмысшы маман дайындады. 27 түлекті осы кәсіпорынға жұмысқа орналастыруға қол жеткізілді.
Қуат Кұрманғалиұлы колледжге пайда келтіретін жиындардан, семинарлардан қалмайды. Мәселен, өткен жылы Астана қаласында «Жұмысшы мамандықтары қаласы» атты үлкен алаң ашылды. Сонда «Hundai Trans Kazakhstan» автоөнеркәсіп ұйымымен, сол сияқты Сәкен Сейфуллин атындағы қазақ агротехникалық университетімен меморандумға қол қойылды. Автоөнеркәсіп ұйымымен студенттерді өндірістік тәжірибеден өткізу, ал университет басшылығымен өз түлектерінің ары қарай жоғары білім алу жөнінде келісімге келуі – шалғайда жатқан колледж үшін үлкен жетістік. Сонымен қатар облыс әкімінің орынбасары Рустам Исатаевтың бекіткен кестесі негізінде Еңбекшіқазақ ауданының Мансап орталығымен де Ашық есік күнін өткізді. Ұжым мүшелері де жастарды жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы оқуға тартуға насихат жұмысын жүргізіп келеді. Нәтижесінде бүгінде колледждегі студенттер саны 500-ден асты. Оқу орны өндірістік базамен, жайлы жатақхана және асханамен қамтамасыз етілген. Адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы. Бұл Президентіміздің халыққа Жолдауында ұсынған «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатына толық сай келеді. Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады. Колледж алдағы уақытта агроөнеркәсіп саласы бойынша да мамандар дайындауды жоспарға енгізген.
Жуырда өткен колледж басшылығының жылдық қорытынды есептік жиынына облыстық мәслихат хатшысы Қуат Байғожаев пен облыстық ардагерлер ұйымының төрағасы Ерболат Тұрымбетов қатысты. Сыйлы қонақтардың келуін студенттер мен мұғалімдер қуанышпен қарсы алды. Шара барысында колледждің жаңадан жабдықталған конференц-залын ашу рәсімі өтті. Қуат Байғожаев, Ерболат Тұрымбетов, Алматы облысының Құрметті азаматы Елеусіз Сұлтанғазиев бастаған ардагерлер жаңа залдың лентасын қиып, аталған оқу орнының ұжымына табыс тіледі. Кездесу соңы колледж өнерпаздарының концертіне ұласты.
Әбілбек Айтақынов,
Шелек ауылдық ардагерлер алқасының төрағасы
Еңбекшіқазақ ауданы
