Перейти к содержимому
Главная страница » Ойын мен ой тоғысы

Ойын мен ой тоғысы

    Қонаев қалалық кітапханасында балалардың қысқы демалысын мазмұнды әрі тиімді өткізуге арнал­ған бірқатар интеллектуалды, шығарма­шылық бағыттағы екі күнге созылған іс-шара ұйымдастырылды. Негізгі мақсаты – оқушылардың кітапқа деген қызығушылығын арттыру, логикалық ойлау қабілетін дамыту, ізденіс дағдыларын қалыптастыру, топтық жұмысқа үйрету.

Бірінші күні кітапхана дирек­торының орынбасары Айдана Нүсіпханқызының жетекшілігімен Kahoot платформасы негізінде «Кітап + Тұлға» атты интеллектуалды викто­рина­лық жарыс өткізілді. Шара бары­сында балалар әдеби шығармалар, кітап кейіпкерлері, елімізге және әлемге танымал тұлғалар жайлы сұрақтарға жауап беріп, білім бәйгесінде сынға түсті. Қатысушылар әр сұраққа ынталы жауап беріп, белсенділік танытты.
Шараның екінші күні квест ойыны ұйымдастырылды. Оқушылар кітап­хана қызметкерлері Толғанай Нұрлыхан мен Айна Базарханқызы­ның бастамасымен қазақ ертегілері, мақал-мәтелдер, балалар әдебиеті тақырыптарындағы логикалық және зияткерлік тапсырмаларды орындады. Әр сұрақ келесі бағытқа жол сілтеп, сараптай отырып шешім қабылдауға дағдыландырды.
Жасы кіші балалар үшін кітапханашы Айымгүл Мусина «Сиқыр сандық» ойынын ортаға салып, пазл құрастыру арқылы оқушылардың шығармашылық ойлау қабілетін дамытуға үлес қосты. Қатысушылардың көңіл-күйін көтеріп, таным көкжиегінің кеңеюіне де мән берілді.
«Ойлы оқырман: кітап, логика және өмір» атты сайыста төрт топқа бөлінген қатысушылар кездейсоқ таңдалған заттар мен бейнелер арқылы әңгіме құрастырды. Осы арқылы балалар қиял әлемінің қазынасын паш етіп, ақыл-ойының жүйрік екенін дәлелдеді. Бір-бірімен пікір алмасып, идеяларын саралап, қызықты сюжет жасап шығар­ды. Кітаптың тек ақпарат көзі ғана емес, өмірдегі түрлі жағдайларда дұрыс шешім қабылдауға көмектесетін құрал екенін түсінді.
Шара соңында үздік шыққан қатысу­шыларға тәттілер мен кітаптар сыйға тартылды.

Балжан ЕРГЕШОВА,
Қонаев қалалық кітапханасының библиографы