Еңбекшіқазақ ауданы Шелек ауылдық Мәдениет үйінде интернет-алаяқтықтың түрлері және олардың алдын алу шаралары туралы жиын өтті. Шараға Еңбекшіқазақ ауданының прокуроры Бауыржан Қыбыраев, орынбасары Димаш Қалмашов, Алматы облысы полиция департаменті киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының уәкілі Әлібек Керім және Шелек полиция бөлімі басшысының орынбасары Айзат Игенов қатысты.
Мінбеге көтерілген аудан прокурорының орынбасары Димаш Темірланұлы мен облыстық полиция департаменті киберполиция басқармасының уәкілі Әлібек Арланұлы киберқылмысқа қарсы күрес бағытында, интернет-алаяқтықтың түрлері және олардың алдын алу шаралары, ақпараттық кеңістіктегі қауіп-қатер, сондай-ақ жеке мәліметтерді қорғаудың маңыздылығы қақында көпшілікке түсінікті етіп әңгімелеп берді.
Бұл жерде компьютер, смартфон, планшет секілді заманауи құралдар арқылы алаяқтардың арбауына түскен адамдар күн санап көбейіп келе жатқаны туралы нақты мысалдар келтірді. Кеңесші мамандар азаматтарға фишинг, жалған ұсыныстар, күмәнді сілтемелер мен арандатушы контенттен сақтану жайында ескертпелер айтып, бейнеүзінді арқылы алдаудың сан қыры мен мән-жайын түсіндіріп берді. Әрбір азаматтың сандық ортада сақтық танытуы киберқауіпсіздіктің негізі факторы екеніне көз жеткізді.
Соңғы уақытта әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде интернет-алаяқтық фактілері жиілеп кетті. Алаяқтар түрлі айла-шарғыны қолданып, азаматтардың ақшасын жымқыруда. Акцияға, трейдингке инвестиция салсаңыз, қысқа уақытта жоғары табыс табасыз деп жарнамалайды. Олар жалған платформалар көрсетіп, бастапқы салым енгізуді сұрайды. Салдарынан салынған қаражатты қайтарып алу мүмкін болмай қалады. Кейбірі өздерін банк қызметкері ретінде таныстырып, атыңызға несие рәсімделіп жатқанын немесе шотыңыз бұзылғанын айтады. Қауіптің алдын алу үшін «арнайы қауіпсіз шотқа» ақша аударуды талап етеді. Сондықтан мамандар мұндай жағдайда қырағылық танытып, жеке деректерді қорғау – қаржылық қауіпсіздіктің басты кепілі екенін ескертті.
Жиында көптеген сұраққа жауап берілді. Кездесуді аудан прокуроры Бауыржан Қыбыраев қорытындылады. Қатысушыларға «Алаяқтан сақ болайық!» деген қосымша парақша таратылды.
Анарбек БЕРДІБАЕВ
Еңбекшіқазақ ауданы




