Перейти к содержимому
Главная страница » Алматы облысы алдыңғы қатарда

Алматы облысы алдыңғы қатарда

ҚР Қаржы министрлігінің деректері негізінде дайындалған рейтинг бойынша, өткен жылы Алматы облысы агроөнеркәсіптік кешенге тартылған инвестициялар көлемі жағынан елдегі жетекші аймақтардың қатарына қосылды. Оған шамамен аймаққа 190 миллиард теңге инвестиция тартылып, агроөнеркәсіптік кешен секторының негізгі капиталына салынған инвестициялардың жедел өсуі игі ықпал еткен. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығында инвестициялардың нақты көлем индексі 153 пайызды құрап, қаржы көлемі 1,2 триллион теңгеге жеткен. Тамақ өнімдері өндірісінде бұл көрсеткіш 208 пайызға (389,4 миллиард теңге), ал сусындар өндірісінде 240 пайызға (124,4 миллиард теңге) артқан.

Ел бойынша агроөнеркәсіптік кешенге бағытталған инвестициялардың 69 пайызы – ауыл шаруашылығына, ал 31 пайызы ғана қайта өңдеу саласына тиесілі. Инвестициялық циклдің шикі­заттық базасын кеңейтуге көбірек көңіл бөлінген.
Агроөнеркәсіптік кешенге салынған инвестициялардың жиынтық көлемі бойынша Павлодар және Түркістан облыстары көш бастап тұр. Әр өңірге шамамен 246-247 миллиард теңгеден инвестиция тартылған. Одан кейінгі орындарда Солтүстік Қазақстан облысы (192 миллиард теңге) мен Алматы облысы (190 миллиард теңге) орналасқан. Ал донор аймақтар – Астана, Алматы қалалары мен Атырау облысы рейтингтен тыс шығарылған, өйткені олар басқа модельде жұмыс істейді. Қалғандары бюджетті қайта бөлуге жоғары тәуелділікке дейінгі кірістерді дербес қалыптастыру көрсеткіштеріне байланысты бес топқа бөлінген.
Алайда аймақтар арасындағы инвестициялық құрылым әркелкі. Солтүстік өңірлерде капитал салым­дарының басым бөлігі ауыл шаруа­шылығына бағытталса, Алматы облысы қайта өңдеу саласына, атап айтқанда тамақ өнімдері мен сусындар өндірісіне басымдық беріп отыр.
Екінші деңгейдегі аймақтар қатарына Ақмола, Қарағанды, Ақтөбе және Қостанай облыстары кіреді. Бұл аймақтарда инвестиция көлемі бар болғанымен, қайта өңдеу бағытына айқын бетбұрыс байқалмайды. Ал Жамбыл облысында қайта өңдеу саласына салынған инвестиция үлесі ауыл шаруашылығы өндірісінен асып түсуімен ерекшеленеді.
Агроөнеркәсіптік кешенге салын­ған ең аз инвестиция Ұлытау және Маңғыстау облыстарында тіркелген. Бұл көбіне табиғи-климаттық шектеу­лерге және азық-түлікті жеткізудегі жоғары тәуелділікке байланысты. Сарапшылардың айтуынша, аталған аймақтар ел бойынша ең жоғары жалақы көрсеткішіне ие болғаны­мен, бұл ауыл шаруашылығы емес, шикізаттық салалардың есебінен қалыптасқан. Сонымен қатар дәл осы аймақтарда азық-түлік бағасы­ның жоғары болуы логистикалық шығындар мен жергілікті өндірістің аздығымен байланысты.
Жалпы алғанда, агроөнеркәсіптік кешендегі инвестициялық белсен­ділік артқанымен, аймақтар арасында теңгерімсіздік сақталып отыр. Маман­дардың пікірінше, ауыл шаруа­шылығы мен қайта өңдеу саласы бірін-бірі толықтырып, қатар дамуы тиіс. Бұған инвестициялар тарту арқылы тұрақты өндіріс көлемін арттырып, ауыл шаруашылығын дамыту бағытында толассыз жұмыс атқару негізінде қол жеткізілмек.

Алма ТОПАНТАЙҚЫЗЫ