Таңғы тау ауасын кеудеме толтыра жұтып, туған өлкемнің әр тасына, әр бұлағына көз салып өстім. Сол себепті болар, мен үшін тарих – кітаптағы құрғақ дерек емес, өз көзіммен көріп, қолмен ұстай алатын тірі шындық. Бүгін сіздерге туған жерім – Жаманбұлақтан табылған балбалтас жайлы сыр шерткім келеді.
Жаманбұлақ – Кеген ауданы Қарабұлақ ауылдық округіне қарасты Қайыңды көліне барар төте жолдың бойында жатқан, биік таулы, табиғаты көз сүріндіретін мекен. Ауасы таза, мөлдір, айналасы көк майса мен асқар тауға толы. Ел аузындағы аңызға сенсек, бабаларымыз бұл көрікті жерге көз тимесін деп әдейі «Жаманбұлақ» деп атаған екен. Ал шын мәнінде оның ежелгі аты – Майбұлақ.
2008 жылы осы Жаманбұлақта күтпеген жаңалық болды. Шабындыққа кедергі келтіріп тұрған үлкен тасты алғаш болып ауыл азаматы Дәурен Оспанов байқайды. Күрек алып қазған кезде, тастың жай тас емес, мүсін екенін аңғарады. Қолында қылышы бар, адам бейнесіне ұқсас бұл тас Дәурен ағаның ойына бірден күдік емес, сенім ұялатады. Шынымен де, бұл – құнды жәдігер еді. Ол тастың бетіндегі ғасырлар бойы жиналған топырақты сумен жуып, тазартады. Осылайша екі мың жылдан астам уақыт үнсіз жатқан балбалтас бүгінгі ұрпақпен қайта қауышты. Бұл жаңалық сол кезде Алматы облыстық «Жетісу» газетінде де жарық көрді. Табылған асыл мұраны ауыл азаматтары – Дәурен Оспанов, Тоқмұхамет Ақыжанов, Болат Сәрсенбай ағаларымыз Ақай ауылындағы Ақай Нүсіпбеков атындағы мектеп-гимназиясының мұражайына табыс етті. Қазір бұл балбалтас – біздің мектебіміздің ғана емес, тұтас өңірдің мақтанышы.
Өлкемізден шыққан тарихшы, ғалым Байұзақ Қожабекұлы Үйсін жазбаларын зерттей келе, Қарқараның батысындағы тау бөктерлерінде Үйсіннің әскери қосындары орналасқанын айтады. Ғалымның пайымдауынша, Жайдақбұлақ, Тоғызбұлақ, Жалаңаш, Ақай, Қарабұлақ, Саты, Күрметі ауылдарының бүгінгі орындары сол көне қоныстардың жалғасы болуы мүмкін. Бұл пікірді осы аймақтан табылып жатқан темір қорытатын пештер, көне қалашық орындары, петроглифтер мен балбалтастар дәлелдей түседі.
Енді балбалтасқа жеке тоқталсам. Оның ұзындығы – 155 см, ені – 32 см, қалыңдығы – 14 см. Мүсінде оң қолына қыш кесе, сол қолына қайқы семсер ұстаған ер адам бейнеленген. Бұл бейне маған: «Дос болып келсең – дәмім дайын, жау болып келсең – қылышым дайын» деп тұрғандай әсер қалдырады. Тастың артқы бетінде таңбалары қашалған. Ғалымдар оны көне түркі жазуы деп оқиды.
Бұл балбалтас өзгелерден ерекше. Бір қырында әйел бейнесі сомдалған: басы кішірек, бұрымы анық, иығы нәзік, белі майысып тұрғандай. Оң қолында – кесе. Мұның өзі көне бәдізшінің аса шебер болғанын көрсетеді. Ал екінші бетінде ер адам бейнесі бар. Басы ірілеу, құлағы анық көрінеді, сақалы бейнеленген. Иығы кең, кеудесі мығым, қайрат пен күш аңғарылады. Қолындағы қайқы қылыш – нағыз көшпенділердің қаруы.
Ғасырлар қойнауынан жеткен бұл балбалтас – жай ғана тас емес. Ол – тұтас бір халықтың гүлдену дәуірінен қалған үнсіз хат, бабаларымыздың бізге қалдырған аманаты. Ғалымдар балбалтас жайлы екі түрлі пікір айтады. Бірі – олар өлтірілген жаулардың белгісі десе, екіншісі – атақты бектер мен батырлардың өз бейнесі дейді. Ал Жаманбұлақтан табылған балбалтас Кеген, Қарқара өңіріндегі жазбасы бар балбалтастармен салыстырғанда, шамамен V ғасырға, яғни 1500 жыл бұрыңғы кезеңге жататыны анықталып отыр.
Ел тәуелсіздігімен бірге еңсеміз көтерілді, жоғымыз түгенделіп жатыр. Енді барымызды бағалап, дәріптеу – біздің міндетіміз. Сол қастерлі мұралардың бірі – осы балбалтас. Ол өткен мен бүгінді жалғап тұрған алтын көпір іспетті. Мен үшін бұл балбалтас – ұлттық рухтың тірі белгісі. Оған қарап тұрып, мен өзімді бабаларыммен тілдескендей сезінемін.
Ажар Данайбекқызы,
Ақай Нүсіпбеков атындағы мектеп-гимназиясының 8-сынып оқушысы
Кеген ауданы




