Перейти к содержимому
Главная страница » Аса жауапты миссия

Аса жауапты миссия

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен құрылған Конституциялық реформа жөніндегі комиссия өзінің міндетіне бірден кірісіп, Астанада бірінші отырысын өткізді. Ол Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы консультативтік-кеңесші орган болып саналады. Бірінші отырыста негізгі Заңды жетілдіру мақсатында маңызды мәселелерді талқылады. Конституцияға ықтимал өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша ұсыныстар әзірлеуді мойнына алған комиссияның жұмысы нәтижелі боларына сенемін. Өйткені оған еліміздің құқықтық дамуындағы аса маңызды миссия жүктеліп отыр. Ол міндетті ондағы жүзден астам адам ойдағыдай жүзеге асырады деп ойлаймын. Өйткені комиссия құрамына Парламент депутаттары, мемлекеттік органдардың, сот жүйесінің, құқық қорғау ұйымдарының өкілдері, бизнес пен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, облыстық, қалалық мәслихаттардың басшылары, сарапшылар мен қоғам қайраткерлері енген. Түрлі саланың кәсіби мамандары, елге белгілі азаматтар ауқымды мәселелерді ортаға салып, өздерінің ұсыныс-пікірлерін айтты. Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған Конституциялық реформаны азаматтық қоғам дұрыс қабылдайды деп ойлаймын.

Күмісжан БАЙЖАН, 

ҚР Мәдениет қайраткері, Қазақстанның Құрметті журналисі, 

облыстың және Жамбыл ауданының Құрметті азаматы