Облыстық әкімдікте Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, ҚР Президенті Әкімшілігі ҚХА хатшылығының меңгерушісі Марат Әзілхановтың қатысуымен жаңа Конституция жобасын талқылаған жиын өтті. Отырысқа облыс әкімінің бірінші орынбасары Қанат Есболатов, ҚХА жанындағы этномәдени бірлестіктердің төрағалары және қоғамдық құрылымдардың жетекшілері қатысты.
Кеңес барысында Марат Әзілханов Конституциялық реформалар жөніндегі комиссияның жұмысына жан-жақты тоқталып, жаңа заң жобасының ел дамуындағы маңыздылығын атап өтті.
«Ынтымақ пен бірегейлік – мемлекеттілікті қалыптастырып, нығайтудың маңызды тетігі. Мұны татулық пен келісім саясаты дәлелдеді. Жалпы, елімізде тұрақтылықты сақтауға Ассамблеямен қатар барлық орталық мемлекеттік, жергілікті атқарушы органдар мен қоғамдық ұйымдар тартылған. Осы жылдар ішінде Қазақстанда келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайтудың заңнамалық, мемлекеттік-басқарушылық, қоғамдық және басқа да институционалдық тетіктері құрылды. Бұл тұрғыда Алматы облысы өте өнімді жұмыс атқарды. Ал жаңа конституциялық жобадағы «Халық кеңесі» секілді алаңның құрылуы қоғамдағы өзекті мәселелерді кең ауқымда талқылауға, консенсусқа негізделген шешімдер қабылдауға және түрлі этностар мен әлеуметтік топтардың мүдделерін институционалдық деңгейде ескеруге мүмкіндік береді. Мұндай құрылым қоғамдық келісімді нығайтып, әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етуге, сондай-ақ мемлекет пен қоғам арасындағы тиімді диалогты дамытуға ықпал жасайды», – деді конституциялық реформаның маңызын түсіндірген Марат Алмасұлы.
Кеңес отырысында жаңа Конституция жобасын өңірдегі этномәдени бірлестіктер бірлесе талқылап, қоғамдық ұйым өкілдері өздерінің ой-пікірлерін ортаға салды. Сонымен қоса қатысушылар жаңа Конституция жобасындағы Қазақстан Халық кеңесінің құрылуы бойынша бірқатар ұсыныс айтты. Қоғамдық келісімді нығайту ел азаматтарының ортақ жауапкершілігі екенін атап өтті. Кеңеске қатысқан өңіріміздің этномәдени бірлестік жетекшілері жаңа заң жобасын қолдайтындықтарын білдірді.
Кеңес қорытындысында Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Марат Әзілханов жаңа Конституция тұрақты даму жолындағы гүлденген Қазақстанды қалыптастыруға берік негіз болатынын тілге тиек етті. Сонымен қатар ол қоғам өкілдерін Конституция жобасын талқылауға белсенді қатысуға шақырып, әрбір ұсыныс пен пікірдің ел болашағы үшін маңызды екенін жеткізді.
Ерзат АСЫЛ




