Қазіргі қазақ әні сан жағынан көбейіп, мағына жағынан жұтаңдай бастағаны жасырын емес. Күн сайын жаңа ән жарық көреді, апта сайын жаңа орындаушы танылады, ай сайын тыңдарманға ұсынылатын туындылардың саны еселеп артып келеді. Ал осы көптіктің ішінде ел жадында қалатын, жүрекке жететін, санада салмақ қалдыратын әндер неге азайып барады деген заңды сұрақ туады. Мәселе әннің санында емес, оның мәнінде екенін уақыттың өзі дәлелдеп отыр.
Ән – жай ғана көңіл көтеру құралы емес, ол – халықтың жандүниесін, ой-өрісін, ішкі мәдениетін танытатын рухани өлшем. Бір дәуірдің үні, бір ұрпақтың мінезі, бір қоғамның тынысы ән арқылы көрінеді. Ал бүгінгі музыкалық кеңістікте сол өлшем әлсіреп, ән тауарлық сипатқа көбірек ұқсай бастағандай. Тыңдарманға лезде жету, жылдам таралу, тез ұмытылу – қазіргі көптеген әннің ортақ тағдырына айналды. Мағынасыз мәтін мәселесі де менмұндалап тұр. Белгілі ақындарға жаздырғаннан гөрі сазын да, сөзін де өзі шығаруды құп көретіндер мәні жоқ сөз, ұтымсыз ұйқас, жеңіл тіркес, орынсыз қайталауға ұрынуда. Ән мәтінінің рухани ықпал ететін күш екенін ескерсек, бұл құбылыстың қоғамға тигізер кері әсері де аз болмай тұр.
Бұрынғы әндердің өміршең болуының сыры – олардың шынайылығында еді. Әр жолында тағдыр, әр әуенінде уақыттың табы бар болатын. Ол әндер тыңдарманды ойландырды, шабыттандырды, кейде жігер берді, кейде жұбатты. Ал бүгінгі кейбір туындылар сол әсерді бере алмай, екі минуттық ырғақ шеңберінде қалып қояды. Ән сапасының төмендеуіне әсер еткен тағы бір маңызды себеп фонограммаға тәуелділік екенін де ұмытпайық. Жанды дауыста орындау – қазақ ән өнерінің ғасырлар бойы қалыптасқан басты талабы еді. Дәстүрлі ән мектебі дауыс тазалығын, орындаушылық шеберлікті, ішкі мәдениетті бірінші орынға қойды. Ал бүгінгі сахнада техникалық өңдеуге сүйенген орындаушылар көбейіп, табиғи дауыстың қадірі екінші қатарға ығысты. Сахнада адам емес, аппарат алға шыққандай әсер қалдырады. Жанды дауыста шырқау өнерге деген адалдық деп топшыласақ, фонограммамен орындау қасиетті сахнаны ластаумен, көрерменді алдаумен тең. Ал тыңдарман сахнадағы орындаушыдан шынайылық күтеді. Шынайылықты ешбір техника алмастыра алмайды. Фонограмма өнердің сыртқы жылтырын көбейткенімен, ішкі мазмұнын жұтаңдатып-ақ жатыр.
Дәстүрлі ән өнері кәсіби деңгейді төмендеткен осы үдерістің көлеңкесінде қалып бара жатқаны да көзге анық ұрады. Дәстүрлі ән – ұлттың рухани жады, тарихи тағылымы емес пе? Ендеше, неге халықтың мінезі, дүниетанымы, өмірге көзқарасы сақталған саф дүниенің орны тарылып, жеңіл, тез тұтынылатын әндер алға шықты? Бұл үдерісте кінәні тек әншіден іздеу үстірттік, тыңдарманның ойының, санасының да бағыты ауысқанын айта кету керек. Егер дәстүрлі ән сахнадан, эфирден, қоғамдық кеңістіктен біртіндеп ығысса, ұлттық музыкамыздан ажырап қалу қаупі де бар. Өйткені дәстүрлі ән өткеннің сарқыншағы емес, бүгін мен болашақты жалғайтын алтын көпір. Осы тұста жанды дауыста орындауды заңдық деңгейде реттеу мәселесінің күн тәртібіне шыққаны да көңіл қуантты.
Бұл мәселенің заңдық тұрғыда шешім таба бастауы кездейсоқ емес. 2025 жылғы желтоқсан айында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мәдениет, білім беру, отбасы және мемлекеттік бақылау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойып, концерт кезінде фонограмма қолдануға түбегейлі тыйым салды. Заң мәтінінде концерт өткізу барысында орындаушының дауысына қосылған жазбаны пайдалануға жол берілмейтіні анық көрсетілген, бұл талап тек телевизиялық жазбаларға немесе арнайы техникалық жабдықталмаған орындарға ғана қолданылмайды. Бұған дейін жанды дауыс қолданылған күннің өзінде, фонограмма пайдаланылатыны жөнінде көрермен алдын ала ескертілуі тиіс болса, енді 200 адамнан артық жиналатын концерттерде фонограммамен ән айтуға толық тыйым салынды. Бұл талапты бұзғандарға 1000 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл қарастырылған. Заң талаптарының орындалуын жергілікті атқарушы органдар қадағалайды. Осылайша жеке концерттің өзі толықтай жанды дауыспен өтуі міндеттеліп, сахнада шынайылық пен кәсібилік басты өлшемге айналуы тиіс деген нақты талап қойылды. Бұл – өнерге шектеу қою емес, оны қадірлеу. Мұндай талап орындаушыны кәсіби тұрғыда өсуге мәжбүр етеді, ал тыңдарманның талғамын биіктетеді.
Заң өнерді тұншықтыру үшін емес, оның абыройын арттыру үшін қажет. Әнші мәртебесі ең алдымен шынайы дауыспен дәлелденуі тиіс. Сонда ғана ән өнері табиғи сүзгіден өтіп, шынайы талант пен уақытша танымалдықтың арасы айқындалады. Ән өнеріне, әншіге деген талап артады. Бұл бүгінгі қоғамға керек құбылыс. Өйткені ән – халықтың рухани айнасы. Айна бұлыңғыр болса, бейне де көмескіленеді. Әуен көп бола берсін, бірақ әуез жоғалмауы тиіс. Себебі әуез – ұлттың жүрек соғысы.
Құралбек СӘБИТОВ
