Аймақта ашылған Qonaev Media телеарнасы өңірлік ақпараттық кеңістікті жаңа деңгейге көтеріп отыр. Онда арнайы барған облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев телеарнаның ақпараттық-студиялық кешенінің жұмысымен танысып, техникалық мүмкіндіктеріне жоғары баға берді.

Qonaev Media телеарнасы заманауи технологияларға негізделген контент өндірісімен, өңірлік ақпараттық саясатты жаңаша форматта жүргізуімен ерекшеленіп отыр. Алматы облысының тыныс-тіршілігін, әлеуметтік-экономикалық дамуын, қоғамдық үрдістерін кеңінен қамтитын Qonaev Media телеарнасы бүгінгі таңда аймақтық медиакеңістікте өзіндік орны бар ақпараттық платформаға айналды. Арна тәулігіне 16 сағат хабар таратып, жаңалықтар, сараптамалық бағдарламалар, арнайы репортаждар мен тікелей эфирлер арқылы өңір тынысын көрерменге жедел жеткізуде. «QStart», «Еңбеккер», «Agrokarta», «Қазыналы өлке», «Ethnic Sounds», «Өнеге», «Бүгінгі кеш», «Әкімге сұрақ», «Пайымтайм» сынды жобалар облыс өмірінің әр саласын қамтып, көрерменмен ашық диалог орнатуға бағытталған. Сонымен қатар алдағы уақытта жасанды интеллектіге негізделген виртуалды жүргізушілер қатысатын жаңа форматтағы бағдарламалар – «Dijital sana», «Индустрия күнделігі», «Заң және тәртіп», «Әлеумет айнасы», «Alatau Invest», «Облыс экономикасы» сынды жобалар іске қосылмақ.

Марат Елеусізұлы алдымен телеарнадағы техникалық мүмкіндіктерді, контент өндірудің толық циклін, түсірілімнен бастап эфирге шығару мен цифрлық платформаларда жариялауға дейінгі үдерісті көріп, ұжым еңбегіне жоғары баға берді. Бұқаралық ақпарат құралдарының қоғамдағы орны мен рөліне айрықша тоқталып, жаңа телеарнаның іске қосылуын өңір үшін маңызды тарихи сәт ретінде бағалады.
– Ақпарат – қазіргі қоғамның басты ресурстарының бірі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев айтқандай, ақпарат құралдары – ұлттың үні, халықтың жаршысы, билік пен қоғам арасындағы маңызды көпір. Qonaev Media өңірде жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік бастамалар мен әлеуметтік-экономикалық жобаларды кеңінен насихаттап, тұрғындардың ұсыныс-пікірін ашық жеткізуге мүмкіндік береді, – деді аймақ басшысы.

Сондай-ақ облыс әкімі телеарнаның Digital Sana жобасы аясында жасанды интеллект технологияларын қолдану арқылы отандық медиакеңістіктегі жаңашыл бағыттарға қадам басып отырғанын айтып, қысқа уақыт ішінде толыққанды ұжым қалыптастырып, жүйелі жұмысқа кіріскен басшылық пен шығармашылық топқа алғысын білдірді.
Халық қаһарманы, генерал-полковник, мемлекет және қоғам қайраткері Сәт Тоқпақбаев та Qonaev Media телеарнасының ашылуын ел мерейін өсірген игі қадам ретінде бағалап, арнаның білім, ғылым, жоғары технология ғана емес, халықты шынайы әрі жедел ақпаратпен қамтамасыз етудегі маңызын атап өтті.
Сіздердің еңбектеріңіз арқылы қоғам елде және өңірде қандай өзгерістер болып жатқанын дер уақытында біліп отырады. Бұл – үлкен жауапкершілік әрі мәртебелі міндет, – деді ол.
Өз кезегінде Qonaev Media телеарнасының директоры, «Құрмет» орденінің иегері Қымбат Хангелдина арнаның ашылуына және дамуына жан-жақты қолдау көрсеткен облыс әкіміне ризашылығын білдіріп, бүгінге дейін атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарларды таныстырды. Оның айтуынша, 2025 жылдың қыркүйегінде эфирге шыққан арна бүгінде Қазақстанның барлық өңіріне қолжетімді. «OTAU TV», «ALMA TV» бастаған барлық желілер арқылы таралатын телеарнаның Instagram желісіндегі тұрақты қамтуы 1 миллионнан асып, YouTube платформасында 360 мыңға жуық қаралым жинаған. Қазіргі таңда Qonaev Media тәулігіне кемінде 16 сағат хабар таратып, жалпы эфир уақыты 1956 сағаттан асқан. Заманауи студиялар мен аппараттық-студиялық кешен іске қосылып, өңір өмірін айшықтайтын бағдарламалар, арнайы репортаждар, маңызды шаралардың тікелей көрсетілімдері тұрақты түрде эфирге шығуда.
Qonaev Media – тек ақпарат таратушы ғана емес, өңірдің қоғамдық ой-пікірін қалыптастыратын, билік пен халық арасындағы ашық диалог алаңына айналған жаңа медиаплатформа. Телеарнаның технологиялық жаңашылдығы мен мазмұндық бағыты аймақтық журналистиканың сапалық жаңа деңгейге көтерілгенін көрсетіп отыр. Алдағы уақытта да арна өңірдің тыныс-тіршілігін шынайы әрі мазмұнды жеткізіп, қоғамдық сенімді нығайтуға үлес қоспақ.
Құралбек СӘБИТОВ




