Перейти к содержимому
Главная страница » Жаңарған мешіт

Жаңарған мешіт

Алматы қаласының Жетісу ауданында қайта жаңғыртылған «Әли-Мұхамед» мешіті пайдалануға берілді. Имандылықтың ұясы саналатын қасиетті орында енді 5 мың адам бір мезгілде құлшылық ете алады.

Мешіттің ашылу салтанатына Қазақстан мұсылмандары діни бас­қар­масының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы арнайы келіп, игі істі жүзеге асырған азамат­тарға шынайы алғысын білдіріп, жамағатқа ізгі тілегін арнады. Сөзінің соңында осы құрылысқа қаржылай қолдау көрсеткен белгілі кәсіпкер Ділмұрат Кузиевке Қазақстан мұсыл­мандары діни басқармасының Құрмет грамотасын табыстап, иығына шапан жапты.
Келесі кезекте Қазақстан Респуб­ликасы Парламенті Сенатының депу­таты Жанболат Жөргенбаев, «Қазақстанның халық батырлары» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев мінберге көтеріліп, ақжарма тілектерін ақтарды. Жиылған жамағатқа Ділмұрат Пірмұхамедұлының да айтары көп екен. Мешіттің ашылу салтанаты аяқтал­ғаннан кейін жұртшылық жаңадан бой көтерген ғимарат ішін аралады. Наурызбай қажы Тағанұлы уағыз айтып, жұма намазын оқыды. Соңынан құрылыс жұмыстарына белсене ара­ласқан азаматтарға сый-құрмет көрсетілді.
Бұл жерде осы мешіттің 1997 жылы Алланың қалауымен, Пірмұхамед қажының жетекшілігімен Кузиевтер әулетінің қаражатына және жергілікті мұсылмандардың қолдауымен салын­ғанын айта кету керек. Ашылған сәтте мешіттің сыйымдылығы шамамен 700 адамды құрады. Ол тек намаз оқитын ғана емес, сонымен қатар жамағатты біріктіретін, рухани тәрбие беретін орынға айналды.
2017 жылы Пірмұхамед қажының ұлы Закиржан Кузиевтің өз қаражаты есебінен мешіттің сыртқы келбеті жаңартылып, қайта жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жылдар өте келе мешітке келетін жамағат саны арта түсті. Осыған орай, 2025 жылы Ділмұрат Кузиев өз қаражаты есебінен мешітті ауқымды түрде кеңейту және қайта жаңғырту жобасын жүзеге асырды.
Жобаның жалпы жетекшілігін Пірмұхамед қажының үлкен ұлы Ділмұрат Кузиев жүргізсе, бас сәулет­ші және бас инженер қызметін Ерлан Қалқабаев атқарды. Құрылыс жұмыстары 2025 жылдың ақпан айында басталып, сол жылдың қараша айында толық аяқталды.
Қайта жаңғырту барысында тарихи мұраға ұқыпты қарауды көздейтін бірегей сәулеттік тұжырымдама жүзеге асырылды. Ескі мешіт бұзылмай, жаңа кеңістіктің ішінде сақталып қалды.

Қуат ҚАЙРАНБАЕВ