Жамбыл ауданының Ұзынағаш ауылындағы Сейдахмет Бердіқұлов атындағы орта мектебінің ғимаратында орналасқан № 267 референдум учаскесінде 2627 сайлаушы тіркелген. Аталған референдум комиссиясының хатшысы Сәуле Дүйсенованың айтуынша, бүгін жасы үлкен адамдардың белсенділігі жоғары болды. Таңғы сағат 7-де басталған саяси науқанға ең алдымен үлкендер келіпті. Дауыс берудің басталған сәтіне куә болып, алғашқы таңдауларын жасаған ауылдың қадірлі қариялары екен. Ардагерлер бұл науқанның еліміз үшін қаншалықты маңызды екенін жақсы түсінеді. Олар тұрғындардың мұндай саяси шарадан тыс қалмай, әркім өз қалауын білдіруі керек деп санайды. Бұл ретте сайлау орнына ертелетіп келулерінің өзі де сол азаматтық ұстанымдарын ісімен дәлелдеудің көрінісіндей әсер етті.
Солардың қатарында аталған мектептің ардагер ұстаздары да дауыс беруге біркісідей қатысты. Артта өсіп келе жатқан жас ұрпақ олардың қоғамдық өмірдегі белсенділігін көріп, ел тағдырына қатысты маңызды шарадан қалыс қалмауға тырысатыны сөзсіз.
Серік САТЫБАЛДИЕВ
Жамбыл ауданы




