Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланы 6654 әскери бөлімінің оқу батальонында кезекті оқу кезеңі өз мәресіне жетіп, аспазшы мамандығы бойынша даярланған 135 сарбаз қорытынды емтихан тапсыруда. Бұл – әскери қызметтің ажырамас бөлігі саналатын тылдық қамтамасыз ету саласындағы маңызды кезең.
Әскери бөлімнің оқу батальонында сарбаздар бірнеше ай бойы теориялық және тәжірибелік дайындықтан өтті. Сабақ барысында олар азық-түлікті қабылдау, сақтау талаптары, санитарлық-гигиеналық нормалар, тағам дайындаудың технологиялық карталары, ас мәзірін құрастыру, дала жағдайында тамақ әзірлеу тәртібі секілді маңызды бағыттарды меңгерді. Сонымен қатар, әр сарбаз жеке және ұжымдық жауапкершілікті сезіне отырып, әскери тәртіп пен қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға үйренді.
Емтихан екі кезеңнен тұрады. Алғашқысы – теориялық бөлім. Онда сарбаздар тағам дайындау технологиясы, асханадағы қауіпсіздік ережелері, азық-түлік нормалары бойынша білімдерін дәлелдейді. Екінші кезең – тәжірибелік сынақ. Бұл бөлімде әр әскери қызметші белгіленген уақыт ішінде нақты тағам түрлерін дайындап, комиссия алдында шеберлігін көрсетеді. Дәм сапасы, безендірілуі, технологиялық талаптардың сақталуы және тазалық деңгейі қатаң бағаланады.
Әскери аспаз – жай ғана маман емес, ол бөлімнің жауынгерлік әзірлігін қамтамасыз ететін негізгі буынның бірі. Сапалы әрі уақытылы дайындалған тағам – сарбаздың денсаулығы мен күш-қуатының кепілі. Сондықтан бұл мамандыққа қойылатын талап жоғары, жауапкершілік жүгі де салмақты.
6654 әскери бөлімінде аспазшы мамандығын игеру – болашақта азаматтық өмірде де сұранысқа ие кәсіпке жол ашады. Көптеген сарбаздар әскери қызметтен кейін осы бағытта еңбек етіп, өз кәсібін табысты жалғастырып жүр. Бұл – әскери дайындықтың тек қорғаныс саласында ғана емес, қоғам өмірінде де маңызы зор екенін көрсетеді.
Оқу батальонында білім беру ісі тәжірибелі нұсқаушылар мен мамандардың жетекшілігімен жүргізіледі. Олар әр сарбаздың қабілетін ашып, кәсіби деңгейін арттыруға бар күшін салады. Нәтижесінде бүгінгі емтихан – бірнеше айлық еңбектің қорытындысы.
Қорытындылай келе, аспазшы мамандығы бойынша емтихан тапсырып жатқан 135 сарбазға сәттілік тілей отырып, олардың алған білімдері мен тәжірибелері алдағы қызмет жолында берік негіз болатынына сенім білдіремін. Әскери тәртіп пен кәсібилік ұштасқанда ғана біз мықты әрі дайын әскер құрамыз.
Умиджан Имамжанов,
6654 әскери бөлім командирінің орынбасары
подполковник




