Перейти к содержимому
Главная страница » Кешірім мен тазару айы

Кешірім мен тазару айы

Рамазан – рухтың айы

Рамазан – мұсылман қауымы үшін ең қасиетті, ең қастерлі ай. Бұл ай тек аш жүру немесе таңнан кешке дейін ішіп-жеуден тыйылу емес. Рамазан – рухтың тәрбиелену айы, жүректің тазару айы, пенденің Раббысына жақындау айы.

Алла Тағала Құран Кәрімде: «Ей, иман келтіргендер! Сендерге ораза парыз етілді, бұрынғыларға парыз етілгендей. Бәлкім, тақуалыққа жетерсіңдер» («Бақара» сүресі, 183-аят) деп баяндайды. Демек, оразаның басты мақсаты – тақуалыққа жету, яғни Алланы әр сәтте сезіну, күнәдан сақтану, жүректі тазарту.

Ораза – нәпсіні тәрбиелеу мектебі

Адам баласының бойында нәпсі бар. Нәпсі адамды ішіп-жеуге, ләззатқа, ашуға, жалқаулыққа итермелеуі мүмкін. Рамазан айында адам осы нәпсісін тәрбиелеуді үйренеді. Аштық пен шөл арқылы сабырды меңгереді. Сабыр – иманның жартысы. Бір ай бойы өзін бақылаған адам рухани тұрғыда шыңдалып шығады.

Ораза тек ас-суға ғана емес, жаман сөзден, ғайбаттан, өтіріктен, орынсыз күлкі мен бос әңгімеден де тыйылу екенін ұмытпауымыз керек. Пайғамбарымыз (с.а.с): «Кімде-кім жалған сөз бен жаман әрекетті тастамаса, оның ішіп-жеуден тыйылғанына Алланың мұқтаждығы жоқ» деген. Яғни шынайы ораза – бүкіл болмыспен ұсталған ораза.

Рамазан – Құран айы

Бұл ай – Құран түскен ай. Сондықтан Рамазанда Құран оқудың, тыңдаудың, түсінуге тырысудың сауабы ерекше. Көпшілік мешіттерде тарауық намазы оқылып, Құран хатым етіледі. Бұл – мұсылман жүрегін нұрландыратын, иманын күшейтетін ерекше рухани атмосфера.

Құран – жүректің шипасы. Рамазан айында Құранмен жақын болған жан жыл бойы рухани азық алады.

Садақа мен мейірім айы

Рамазан – жомарттық айы. Аштықты сезінген адам жоқ-жітікке жанашыр бола түседі. Пітір садақа беру, ауызашар жасау, мұқтаждарға көмек көрсету – осы айдың көркем амалдары.

Пайғамбарымыз (с.а.с) Рамазанда ерекше жомарт болатын. Бұл айда жасалған әрбір ізгі іс еселенген сауапқа жазылады. Сондықтан бұл – қайырымдылыққа асығатын мүмкіндік айы.

Рамазан – кешірім мен тазару айы

Бұл айда Жаратушының рақымы кеңінен төгіледі. Қадір түні – мың айдан қайырлы түн. Сол түні жасалған құлшылық, жасалған дұға ерекше қабыл болады. Рамазан – өткен күнәларға тәубе етіп, жаңа парақ ашатын мүмкіндік.

Рухтың айы дегеніміз – жүрекке үңілу, өз-өзіңе есеп беру, кемшілікті түзеу. Бір ай бойы жасалған құлшылық адамды өзгертпесе, онда ол тек аштық болып қалуы мүмкін. Ал шынайы Рамазан – мінезді көркемдейтін, жүректі жұмсартатын, иманды күшейтетін ай.

Қасиетті айда ұстаған оразамызды, жасап жатқан ғибадаттарымызды Алла қабыл етсін!

Сәрсембиев Қуат Қабылұлы,

Сүмбе ауылы «Ниязбек қажы » мешітінің имамы

Райымбек ауданы