Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиевтің төрағалығымен кезекті аппарат жиыны өтті. Онда аймақ басшысы тұрғын үй кезегіне тіркелген азаматтар үшін сатып алынған пәтерлерді табыстау баяу жүргізіліп жатқанына ескерту жасап, жұмысты жеделдетуді тапсырды.
Бұл бағытта өткен жылы барлығы 1700 пәтер сатып алынған. Бірақ осы уақытқа дейін оның тек 55-і иелеріне берілген. Облыс әкімінің орынбасары Әсет Масабаевтың айтуынша, қазіргі таңда «Отбасы банк» АҚ мен қала, аудан әкімдіктері арасында жалпы 638 жалдамалы пәтерге келісімшарт жасалған. Алайда сатып алынған үйлер үшін қажет қаражат толық төленбегендіктен, оларды есепке алу және тұрғындарға беру кезінде қиындықтар туындауда. Жергілікті бюджеттен бөлінген 13,2 млрд теңге қосымша қаржы болса да, қазынашылық шоттарына қаражат түспегендіктен, бүгінге дейін бірде-бір аудан немесе қалада төлемдер жасалмаған. Сондықтан 861 жалдамалы пәтерді тұрғындарға беруді жеделдету үшін қала және аудан құрылыс бөлімдеріне «Отбасы банк» АҚ-мен тікелей ынтымақтастық жөніндегі келісімшарт жасау тапсырылған. Осы арқылы тұрғын үйлерді банкке өткізу және азаматтарға үлестіру ісі жылдам жүреді.
2026 жылғы 1 ақпандағы көрсеткіш бойынша облыста тұрғын үй кезегінде 69 436 азамат тіркелген. Биыл жалпы сипаттағы трансферттер есебінен 246 жалдамалы тұрғын үйді сатып алуға қаражат қарастырылған. Барлық санаттағы кезекте тұрған азаматтар үшін несиеге тұрғын үй салуға және сатып алуға Құрылыс және өнеркәсіп министрлігіне 38,0 млрд теңге қаражат бөлу жайлы өтінім берілген.
Жиын барысында Марат Елеусізұлы Балқаш ауданындағы ауылішілік көшелердің жөндеу жұмысын аяқтай алмаған мердігерден бюджет қаражатын өндіру мәселесінің ұзаққа созылғанын сынға алды. Бұл жағдайды тезірек шешуді өткен жылы қазан айындағы жұмыс сапары кезінде де ескерткен. Сондай-ақ инфрақұрылым жағдайын назарда ұстауды тапсырды.
Балқаш ауданының әкімі Азат Құтпанбетовтің айтуынша, мердігер мекеме өткен жылы тамыз айында сотқа берілген. Биыл желтоқсанда сот компанияны жосықсыз деп танып, бюджет қаражатын қайтару туралы шешім шығарған. Мердігер ұйым апелляциялық шағым бергенімен, сот шешімі өзгеріссіз қалған. Осылайша, аудан әкімдігінің талаптары негізді деп танылып, қаражат бюджетке қайтарылуы тиіс.
Былтыр Балқаш ауданындағы 10 ауылда 12 ауылішілік көшеге орташа жөндеу жұмысын жүргізу жоспарланған. Бірақ 6 көшенің мердігері «New Wave Stroi» ЖШС жұмысты уақытылы жүргізбеген. Олар – Бақанас ауылындағы Алтынсарин, Жабаев, Аралтөбедегі Момышұлы, Үшжармадағы Паршин, Алтынсарин және Береке ауылындағы Қонаев көшелері. Мердігерге 30 пайыз көлемінде 80 млн теңге аванстық төлем берілген.
Аппарат жиынында бұдан басқа да шешімін күткен мәселелер қаралып, жауапты тұлғаларға тиісті тапсырмалар жүктелді.
Гүлзат БАЙҚОНЫС
