Бішкек қаласында (Қырғызстан) еркін күрестен Азия чемпионаты аяқталды, деп хабарлайды ҚР Туризм және спорт министрлігінің Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.
Қазақстан құрамасының өкілі, аса ауыр салмақ дәрежесінде (125 кг-ға дейін) өнер көрсеткен Едіге Қасымбек тәжірибелі қытайлық балуан – Азия ойындары мен Азия чемпионатының жүлдегері Бухирдунды 8:7 есебімен жеңді.
19 жастағы Едіге үшін бұл марапат ересектер арасындағы құрлықтық додадағы алғашқы жүлде болды. Бұған дейін ол жастар (U20) арасындағы әлем чемпионы атанған еді.
Осылайша, еркін күрестен Қазақстан құрамасы Бішкектегі Азия чемпионатын екі қола жүлдемен аяқтады. Бұған дейін жүлдегерлер қатарына Азамат Дәулетбеков (92 кг-ға дейін) те енген болатын.
