Талғар ауданына қарасты Жаңалық ауылында AMANAT партиясының бастамасымен жүзеге асып жатқан «Ауыл аманаты» бағдарламасының нәтижесі айқын көрініс табуда. Бағдарлама аясында ауылда құрылысқа қажетті материалдар шығаратын кәсіпорын іске қосылып, жергілікті тұрғындар тұрақты жұмыспен қамтылып отыр.
Жеке кәсіпкер Мейірғали Аднанов кірпіш пен құрылысқа пайдаланылатын бетон бұйымдарын өндіруді жолға қойған. Жобаны іске асыруға «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы жылдық 2,5 пайыздық жеңілдетілген несие берілген.
Бөлінген қаражатқа арнайы өндірістік қондырғылар, бетон дайындайтын жабдықтар сатып алынып, сондай-ақ құрылыс материалдарын жасауға қажетті шикізат қоры қамтамасыз етілген. Өндіріс алаңы ауыл аумағында орналасқан. Қазіргі таңда кәсіпорында 10 адам тұрақты түрде еңбек етуде.
«Қазір күн сайын екі мыңға жуық кірпіш шығарамыз. Айына орта есеппен 60 мыңдай өнім болады. Әр түрін шығарып жатырмыз. Жолға төселетін төсемтастар да бар. Шикізатты таңдауға қатты мән береміз. Сондықтан материал берік, ұзаққа шыдайды. Сұраныс тұрақты, өнімді ауыл маңындағы кәсіпорындарға да, жеке тапсырыс берушілерге де жеткіземіз. Тапсырыстар тек өз ауылымыздан емес, сырт жақтан да келіп жатыр», – дейді ауыл тұрғыны Мейірғали Аднанов.
Кәсіпкердің айтуынша, AMANAT партиясының ауыл кәсіпкерлігін қолдауға бағытталған жүйелі саясаты өндірісті қысқа мерзімде іске қосуға мүмкіндік берген. Бағдарлама ауыл тұрғындары үшін ең бастысы – тұрақты жұмыс пен табыс көзін қалыптастырып отыр.
Айта кету керек, бүгінде бұл кәсіпорын Жаңалық ауылының ғана емес, көршілес елді мекендердің де құрылыс материалдарына деген сұранысын қамтамасыз етуде. Алдағы уақытта Мейірғали Аднанов өндіріс көлемін ұлғайтып, балық және құс өсіру бағыттарын іске қосуды жоспарлап отыр.



