Облыстық білім басқармасына қарасты әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен Қонаев қаласындағы қазақ орта мектеп-лицейінде «Мектеп пен балабақша арасындағы сабақтастық» атты облыстық семинар-практикум өтті. Мақсаты – мектепке дейінгі кезеңнен бастауыш білімге өтуде ойын әрекетінен оқу әрекетіне ауысуды жеңілдету, мектепке дейінгі тәрбие мен бастауыш білім беру арасындағы сабақтастықты қамтамасыз ету, педагогтердің кәсіби тәжірибесін алмасу алаңын қалыптастыру.
Алғашқы сөз кезегін алған облыстық әдістемелік орталығының мектепке дейінгі және бастауыш білім беру бөлімінің басшысы Айзат Ердәулетова 2023 жылы облыс көлемінде пилоттық жоба ретінде 9 мектеп пен балабақша арасында сабақтастық жүзеге асырылғанын, қазірігі кезде барлық білім беру мекемесінде жолға қойылғанын атап өтті. Сонымен бірге педагогтердің сабақтастықтың мектеп пен балабақшаның бір-біріне балаларды апаруы деп түсінбеуі керегін, бұл жұмыс екі білім мекемесі басшылығының бірлескен жоспарымен, директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары және әдіскердің ықпалымен тәрбиешілер мен бастауыш сынып мұғалімдері арасында жүргізілуі тиіс екенін қаперге салды. Сондай-ақ соңғы үш жылда даярлық деген атау қолданылмайтынын, оның нұсқамадан алынып тасталғанын, мектепалды топ және сынып деп қана аталатынына педагогтардың назарын аударды. Айзат Ерімбетқызының айтуынша, бүгінде даярлық деп аталмауы себепті бұрынғыдай жазу-сызуды, қосу-азайтуды, буынға бөлуді үйрету тәрбиешілердің міндетіне жатпайды. Олар тек оң-солын танытып,үлкен-кіші көлемдермен таныстырып, 1-ден 10-ға дейін және соны кері санауды ғана үйретеді, яғни мектепке даярламайды.
Қонаев қаласындағы «Малыш» балабақшасының тәрбиешісі Нұрила Тілеубаева кейінгі кезде әлгіндей өзгерістің болғанынан хабарсыз ата-аналар мен бастауыштың ұстаздары балалардың оқу мен жазуды үйренбей, мектепке даяр болмай келетініне наразылығын білдіріп, оған өздерін жазғыратынын, сондықтан бұрынғы жобаны қолдайтынын білдірді. Жамбыл ауданы Қарғалы №3 орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Ұлжан Алтынбекқызы баланың балабақшада жазу-сызуды меңгеруі міндетті емесін, бұрынғы жобаға сәйкес мектепке даярлау бүлдіршіндердің балабақшаға деген қызығушылығын азайтып жібергенін алға тарта сөйледі. Ол баланың балабақша ермексазбен көбірек жұмыс істегені дұрыс екенін айтып, тәрбиешілер киімін киіп-шешуді, түймесін салу мен бауын байлауды үйретіп жіберсе деген өтініш-тілегін жеткізді.
Келесі кезекте облыстық әдістемелік орталығы мектепке дейінгі және бастауыш білім беру бөлімінің әдіскері Айғаным Қанапия 1-сыныпқа келген баланың киініп-шешінуі және жазудан гөрі қалам ұстауы қиындық тудырып отырғанын, сондықтан тәрбиешілер ұсақ қол маторикасын дамытуға баса назар аударғаны абзал болатынын тілге тиек етті.
– Мектеп пен балабақша арасындағы сабақтастық – білім беру жүйесіндегі маңызды әрі өзекті мәселенің бірі. Осы тұрғыда тәрбиешілер мен бастауыш сынып мұғалімдерінің өзара тығыз қарым-қатынасы, бірлескен жұмысы ерекше маңызды. Балабақшадағы бүлдіршіндер мектепке үлкен үмітпен келеді. Олардың әрқайсысы – өзіндік мінезі, қабілеті, қызығушылығы бар жеке тұлға. Сондықтан балабақшада қалыптасқан дағдыларын ескеріп, мектепте соны әрі қарай дамыту – басты міндетіміз. Қазақ орта мектеп лицейі бірнеше жылдан бері балабақшалармен тығыз байланыс орнатып, жүйелі түрде сабақтастық жұмысын жүргізіп келеді. Атап айтқанда, бірлескен ашық сабақтар, тәрбие сағаттары, педагогтар арасында тәжірибе алмасу шаралары ұйымдастырылуда. Бұл жұмыстар балалардың мектепке бейімделуін жеңілдетіп, оқу процесіне деген қызығушылығын арттыруға септігін тигізіп отыр. Балабақшадан келген бүлдіршіндердің мектепке сенімді қадам басуы – біздің ортақ еңбегіміздің нәтижесі. Сондықтан сабақтастықты нығайту арқылы біз сапалы білім мен саналы тәрбиенің берік негізін қалаймыз, – деді Айғаным Бағашарқызы.
Одан әрі жалғасқан семинар-практикумда әр ауданнан келген бастауыш сынып мұғалімдері мен Қонаев қаласындағы балабақшадан келген мектепалды тобының балалары ашық сабақтарға, тәжірибелік алаңдарға қатысты. Ғалия Можанова, Баян Мұқатаева сауат ашудан, Айнұр Опанова, Динара Камалбаева математикадан, Карлыга, Арайлым Қимадиева жаратылыстанудан ашық сабақ өткізсе, Алуа Жұмабай роботтардың түрімен таныстырды. Әсіресе Салтанат Мұқанова өткізген «Жолда жүру ережелері» тақырыбындағы ашық сабақта қазақ орта мектеп-лицейінің бастауыш сынып оқушыларының жолда жүру ережесіне арналған сахналық қойылымдары балабақшадан келген балалардың көңілінен шыққанын атап өткен жөн. Осы шараға қонақ ретінде қатысқан қалалық полиция басқармасының туристік және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету полиция инспекторы Әділ Жүнісқанов балаларға жолдан өту, бағдаршамның түстеріне байлансты қалай әрекет ету керегін және тағы басқа жүру ережелерін кеңінен түсіндірді.
Семинар барысында қонақтар назарына кішкентай ғана сахна арқылы үлкен мағынаны жеткізетін ертегі қойылымы ұсынылды. Баланың қиялын дамытып, мейірім мен ізгілікке жетелейтін, жақсылық пен жамандықты ажыратуға үйрететін рухани әрі сиқырға толы қойылымның жетекшісі – Гүлнұр Нұралиева. Содан соң мектептің жас мамандары Назерке Берікқызы мен Аружан Амангелдіқызы «Әр сабақ – жаңалық» атты STEM арқылы оқыту тәжірибесін өткізді. Кері байланыс жасаған әр ауданнан келген бастауыш сынып мұғалімдері бүгінгі семинардың ұнаған тұстары жайлы айтып, үйренгендерінің көп болғанын, көрген-білген жаңа әдіс-тәсілдерді алдағы уақытта соларды сабақта қолдануға ниетті екендерін және өздерінің де осындай іс-шара ұйымдастырғысы келетіндерін жеткізді.
Айжарық КӨПТІЛЕУОВ

