«Бабаларымыз әз-Наурыз келгенде бұлақтың көзін ашып, ағаш отырғызған. Осы тамаша дәстүрді жаңа қарқынмен жалғастырайық. Табиғатты тазалап, қоршаған ортаны көгалдандыруды қолға алайық. Мұндай шараларды барлық аймақта ұйымдастыруымыз қажет. Бұл – ата салтымыз әрі ұрпаққа экологиялық тәрбие берудің ең тиімді жолы», – деген болатын өз өзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев. Бүгінде ел Президентінің бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында облыста ауқымды жұмыстар атқарылуда. Ұйғыр ауданы Кепебұлақ ауылындағы орта мектеп те аталған акцияға өз үлесін қосты.
Нүсіпбек Исахметов атындағы орта мектептің кіші қызметкерлері білім ордасы жанындағы 0,4 гектар аумаққа жеміс ағаштарын отырғызды. 62 түп алма ағашының көшетін де, бақтың қоршауын да өз қаражатына сатып алып, игі істің бастамашысы болды. Болашақта алма бағы оқушыларға сая, ұрпаққа өнеге болмақ. «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген өнегелі сөзді ұран еткен мектебіміздің кіші қызметкерлері бақтың жайқалып өсуі үшін күтімін де өздері қолға алмақ. Бұл бастаманы мектеп директоры ретінде қолдап, мен де қолғабыс еттім.
Таза табиғат – денсаулық кепілі. Ал тал егіп, табиғат-ананы аялап ұстау – баршамыздың міндетіміз. Сонау 1948 жылы Бөдеті бастауыш мектебі болып ашылғаннан бері жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беріп келе жатқан білім ордасы бүгінде Нүсіпбек Исахметов атындағы орта мектеп ретінде шәкірт тәрбиелеуде. Мұнда 29 мұғалім, 19 кіші қызметкер еңбек етеді. 76 оқушы білім алады. Бұл білім шаңырағынан да талай талант қанат қаққан. Ғылым мен білімнің биігіне шыққан шәкірттер түлеген. Алдағы уақытта да біздің мектеп дарындардың қанатын қатайта береді. Сонымен қатар осы бақты баптау арқылы өз шәкірттерімізге ауыл шаруашылығы саласын, оның ішінде бақ өсіру ісін де үйретіп, бала жастан еңбекке баулысақ деген ойымыз бар. Ол да баланың болашағын бағдарлауына өз септігін тигізбек. Сондықтан кіші қызметкерлердің қолға алған шаруасы игі істің бастамасы екені анық.
Жеңіс Бейсембекұлы,
Н.Исахметов атындағы орта мектеп директоры
Ұйғыр ауданы


