Перейти к содержимому

Тәртіп бар жерде – қауіпсіздік бар

22 қаралым

Азамат заң сақтауды талап ететін қызметкердің өзі заңға адал болуы керек. Құқық қорғау органы қызметкерінің әрбір шешімі заңға негізделіп, азаматтың құқығы мен бостандығын құрметтеуі тиіс. Себебі халықтың полицияға деген сенімі – қоғамдық қауіпсіздіктің маңызды көрсеткіштерінің бірі.

Мемлекет басшысы «Заң мен тәртіп» қағидатын жазалау шараларымен ғана байланыстыруға болмайтынын атап өткен. Бұл – қоғамның құқықтық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған ауқымды құндылық.

Сондықтан заң мен тәртіпті орнықтыру – тек полицияның немесе басқа да құқық қорғау органдарының міндеті емес. Бұл – баршамызға ортақ жауапкершілік.

Егер әр азамат «Заң маған не береді?» деген сұрақпен қатар, «Мен заңды сақтау үшін не істей аламын?» деген сұрақты да өзіне қойса, қоғамдағы өзгеріс әлдеқайда нәтижелі болады.

Тәртіп бар жерде – тыныштық бар. Заң үстемдік еткен жерде – әділдік бар. Ал әділдік орныққан қоғамда халықтың мемлекетке деген сенімі де нығая түседі.

Сондықтан Президент көтеріп отырған «Заң мен тәртіп» қағидаты – бүгінгі күннің ғана талабы емес, қауіпсіз әрі әділетті Қазақстанды қалыптастыруға бағытталған ұзақ мерзімді құндылық. Оны берік орнықтыру – әрқайсымыздың азаматтық парызымыз.

Заңды құрметтеу – өзіңді, отбасыңды және қоғамды құрметтеу. Ал тәртіпті сақтау – елдің ертеңіне жауапкершілікпен қарау.

Айжарық КӨПТІЛЕУОВ