Талғар ауданында Алматы облысы Полиция департаментінің қызметкерлері арасында бокстан облыстық іріктеу жарысы өтті. Турнирге Алматы облысының аудандық және қалалық бөлімшелерінен 150-ден астам тәртіп сақшысы қатысып, оларға Жетісу облысының өкілдері де бәсекелестік танытты.
Полиция қызметкерлерінің физикалық дайындығында бокстың маңызы ерекше. Бұл спорт түрі тек күш пен төзімділікті ғана емес, сонымен қатар реакция таныту жылдамдығын, тактикалық ойлауды, психологиялық тұрақтылықты және күйзеліс жағдайында жедел шешім қабылдай білу қабілетін дамытады. Аталған қасиеттердің бәрі қызметтік міндеттерді тиімді орындаумен тікелей байланысты. Облыстық жарыс мықты спортшыларды іріктеудің маңызды кезеңіне айналып, мамыр айының ортасында Қарағанды қаласында өтетін Қазақстан Республикасы ІІМ чемпионатында өңір намысын қорғайтын құрама команданы жасақтауға мүмкіндік берді.
«Полиция қызметкерлерінің физикалық дайындығы – қызметіміздің ажырамас бөлігі. Бокс – қолданбалы спорт түрлерінің бірі ретінде рухты шыңдап, сенімділікті қалыптастырады. Мұндай жарыстар тек мықтыларды анықтап қана қоймай, командалық рухты, тәртіпті және үнемі жетілуге деген ұмтылысты күшейтеді» – деп атап өтті Алматы облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Әсет Табеев.
Жарыс ерлер арасында 60 кг, 65 кг, 70 кг, 75 кг, 80 кг, 85 кг, 90 кг және 90 кг-нан жоғары барлығы сегіз салмақ дәрежесі бойынша өтті. Жекпе-жектер бокстың халықаралық ережелеріне сәйкес олимпиадалық жүйе бойынша ұйымдастырылып, жоғары қарқын мен тартысты бәсеке тудырды. Талғар ауданындағы дода мықтыларды анықтаумен қатар, спорттың полиция қызметкерлерінің кәсіби тиімділігін арттырудағы маңызын айқын көрсетті.
«Біз үшін бұл жай ғана жарыс емес – қызметтің бір бөлігі. Бокс өзімізді формада ұстауға, жинақы, мықты әрі епті болуға көмектеседі. Менің жеңісім – күнделікті еңбектің нәтижесі. Енді облыс намысын республикалық деңгейде қорғайтыныма қуаныштымын» – деді 70 кг дейінгі салмақ дәрежесінде жеңімпаз атанған Іле ауданының өкілі Мирас Шарипов.
Өз салмақ дәрежелерінде жоғары техникалық-тактикалық дайындықтарын көрсетіп, чемпион атанғандар: Мұхаммед Омар (Іле ауданы); Нұрсұлтан Малов және Дулат Нұрдаулетов (Жетісу облысы); Айбек Меденов және Әбдек Қанатбеков (Қарасай ауданы); Айбек Ахметов (Ұйғыр ауданы); Нияз Абдуханиев (Шелек ауылы).




