Қарасай ауданынан Айнагүл Берік көру қабілеті нашар спортшылар арасында самбодан өткен Әлем кубогында қолаға қол жеткізді. Аталған жарысқа 22 елден 500-ден астам спортшы қатысты.
Армения астанасы Ереван қаласында өткен дүбірлі жарыста әйел самбошылар да өнер көрсетіп, шеберлігін паш етті. Осы арқылы ұйымдастырушылар көру қабілетінің шектеулі болуы халықаралық спорт аренасында биік жетістіктерге жетуге кедергі емес екенін тағы бір дәлелдеді.
Бірінші күннің қорытындысы бойынша 19 салмақ дәрежесінде жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталды. Солардың қатарында біздің Айнагүл Берік те бар. 1988 жылы туған Айнагүл – көру қабілеті бойынша бірінші топтағы мүгедек. Ол Қазақстан құрамасы сапында Алматы облысынан қатысқан жалғыз спортшы болды. Айнагүл 59 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсетті. Алғашқы белдесуінде Молдова спортшысын, екіншісінде Моңғолия өкілін жеңді. Финалға шығу үшін өткен жекпе-жекте ресейлік спортшыға есе жіберді. Алайда үшінші орын үшін болған кездесуде қазақстандық спортшы қарымта қайтарып, Нигерия өкілін айқын басымдықпен жеңіп, қола медаль иеленді.
Мұндай деңгейдегі турнирге қатысу Айнагүл Берік үшін үлкен тәжірибе мектебі болып, жүлделі орын оның жігерін шыңдай түскені анық. Оған алдағы уақытта да жарқын жеңістер тілейміз.
Қуат Қайранбаев
Қарасай ауданы



