Перейти к содержимому
Главная страница » Ортаймайтын ой қазынасы

Ортаймайтын ой қазынасы

«Кітап – өткенді танытатын кілт, болашаққа бастайтын жол» дейді ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы. Айтса-айтқандай, адамзат баласының сан ғасырлық ақыл-ойының, рухани ізденісінің жемісі саналатын осынау даналық қайнарының маңызы сөзбен айтып жеткізгісіз. Осыдан екі жыл бұрын қоғамда оқу мәдениетін қалыптастыру мақсатында Мемлекет басшысы берген тапсырмаға байланысты елімізде 23 сәуір – Ұлттық кітап күні болып белгіленгені мәлім. Президент сондай-ақ кітап оқуға деген қызығушылықты ояту үшін тек мемлекет қана емес, бүкіл қоғам белсене жұмыс істеуге тиіс екендігін ескерткен болатын. Атаулы күн аясында ақыл шамшырағына жүгінудің маңызы туралы бірқатар сала өкілдеріне «Кітап оқу не үшін маңызды? Қазіргі уақытта қандай кітап оқып жүрсіз? Сіз үшін ең ұмытылмас кітап қайсысы? Кітап оқуға күніне қанша уақыт бөлесіз?» деген сауалдар қойып, пікірлеріне құлақ түрген едік.

Ақыл шамшырағы

Әсет Масабаев, Алматы облысы әкімінің орынбасары:

– 2024 жылы Мемлекет басшысы ­Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында 23 сәуірді Ұлттық кітап күні ретінде атап өтуді ұсынды. Бұл күннің таңдалуы кездейсоқ емес. Оның үстіне дәл осы күн ЮНЕСКО бекіткен Халықаралық кітап және авторлық құқық күнімен тұспа-тұс келеді. Ұлттық күн ретінде ұлықтау қазақ қоғамында кітапқа деген қызығушылықты арттырып, жастардың оқуға деген ынтасын жандандырудың маңызды қадамы болып саналады. Ал кітап оқудың маңызына келсек, ол ғасырлар бойы ой мен білімнің, мәдениет пен тарихтың сақтаушысы әрі таратушысы ретінде адамзат ақыл-ойының дамуына қызмет етті. Кітап арқылы адам баласы барлық жетістікті, ғылым мен мәдениеттің дамуын, тарихи оқиғаларды келесі ұрпаққа жеткізді. Әр кітаптың бетінде адамзаттың ақыл-ойы мен тәжірибесі жинақталған, сондықтан да кітап білімнің қайнар көзі болып қала береді. Бүгінде ілім мен білімді кемелдендіру үшін, ақыл-ойды дамыту және кәсіби біліктілікті жетілдіру үшін кітап оқу аса маңызды. Сондықтан кітап ең жақсы жан серігімізге айналу керек.
Қазір көбінде технологиялық жаңалықтар мен саяси тақырыптағы кітаптарды оқимын. Арасында көркем әдеби шығармаларды ұмыт қалдыр­маймын. Мен төртінші сыныптан бастап кітапқа ден қойдым. Ең алғаш оқыған «Қарлығаш туралы ертегі» деген кітап есімнен кетпейді. Сонымен қоса, Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат, қызық мол жылдар» романы мен Қасым Қайсеновтің «Жау тылындағы бала» сынды шығармалары көңіліме өшпес із қалдырды.
Бала кезден қалыптасқан дағды бойынша үзбей кітап оқып келемін. Жұмыс кестесінің тығыздығына қарамастан арнайы кітап дүкендерінен қажетті кітапты сатып аламын. Жақында Жапония жайлы жазылған танымдық кітапты оқып тауыстым.

Кемел жолға бастайды

Гүлназ Сайынділдақызы,
ҚР Ұлттық ұланы 6654 әскери бөлімі тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі бөлімше бастығының аға көмекшісі, лейтенант:

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жас ұрпақтың кітаппен дос болуы керегін үнемі еске салып келеді. Шынында да, бұл – дәл қазіргі сәттегі маңызды мәселенің бірі. Қазіргі заманда қоғамның дамуы тек экономикалық көрсеткіштермен емес, рухани деңгейімен де өлшенеді. Ал әскери салада қару-жарақ қандай маңызды болса, қалам да сонша қастерлі саналады. Ғасырлар бойы біздің халқымызда «Отан қорғаушы» сөзі адамгершілікке негізделген, мағынасы терең, қасиетті ұғымға ие. Отан қорғаушылар әрқашан патриотизм мен өз халқына адал қызмет етудің, ар-намыс пен ерліктің, батыр мен батылдықтың көрінісі болуға тиіс. Ал ел мен жерді сүюдің жарқын үлгісі жақсы кітапта жатыр.
Кезінде поэзияны жаным сүйіп оқитын едім. Қазір философиялық кітаптарға көбірек үңілемін. Шығыстың даналық кітаптары қатты қызықтырады. Оның ішінде Жүсіп Баласағұнның «Құтадғу білігін» қайталап оқып тұрамын. Сонымен қоса, ұлы Абайдың қара сөздеріне көп тоқталамын.
Мұқағали Мақатаевтың өлеңдері мен Бауыржан Момышұлының шығармаларын немесе сол тұлғалар туралы жазылған дүниелерді қызыға парақтаймын.
Қазір де қолым босай қалса, оқуға көңіл бөлемін. Ұлы Абай «Артық білім кітапта, ерінбей оқып көруге» деп кітаптың құндылығын айқын көрсетіп кеткен. Бүгінгі ұрпақ үшін бұл – әлі де өзекті, мәңгілік ақиқат.

Жасампаздық кілті

Ернұр Сағатбек,
«Балалықтан – даналыққа» жобасының авторы, блогер:

– Түркі жұртының ақыны, ойшыл Әлішер Науаидің «Кітап – ақылына ақы сұрамайтын ең құнды қазына» деген сөзі бар. Жалпы қай ғасырда өмір сүрсе де, барлық ғалым, ақын, ұлы тұлғалар кітап оқудың пайдасы туралы жиі айтып өткен. Нағыз рухани сарқылмас қазына саналатын кітап кез келген саналы адамның өмірлік серігі іспетті. Мен кітап оқумен қатар, оны насихаттаудың маңызы тіптен зор деп айта аламын. Сол себепті былтыр желтоқсан айынан бастап Райымбек ауданындағы мектеп оқушылары арасында «Балалықтан – даналыққа» атты кітап оқу жобасын қолға алдық. Жоба аясында жас оқырмандар қазақ руханиятына, ғылымы мен мәдениетіне қатысты тағылымы терең «Жұмабек және жер майдан», «Өзбекәлі және мәдени майдан», «Қаныш және ғылыми майдан», «Мамандықтың мәні» атты төрт кітап негізінде білім аламанына түсті. Жүлдеге іліккендер ақшалай сыйлықтар мен Түркістан қаласына баратын жолдамаға ие болды. Алда бұл жобаның ауқымын кеңей­туді көздеп отырмыз. Облыстың өзге аудандарынан осы жобаны жүзеге асыруға ынта білдіретін жандар болса, өз тәжірибемізбен бөлісуге дайынбыз. Қалай десек те, жасампаздықтың кілті кітапта жатыр.
Бүгінде этнографиялық кітаптарға көбірек зер салып жүрмін. Нағыз қазақ, ұлтжанды, елін сүйетін азамат боламын десе, этнографиялық кітаптарды оқу керек деп ойлаймын. Қазір ақын Қасымхан Бегмановтың көрнекті этнограф, зерттеуші Жағда Бабалықұлының өміріне қатысты және халқымыздың ұмыт бола бастаған салт-дәстүрі жайлы жазылған «Этнографпен әңгіме» атты кітабын оқып жүрмін.
Менің жаныма ең жақыны Мұқағали Мақатаевтың «Аққулар ұйықтағанда» поэмасы. Оны тұтас жатқа білемін. Былтыр Жетімкөлдің жағасына барып аталған поэмадан үзінділер оқып, әлеуметтік желідегі өз парақшама салдым. Көп қаралым жинады. Бүгінге дейін оқыған қазақ жазушыларының туындылары жадымнан өшкен емес.
Қазір ауылдамын, қызу еңбектен қолым қалт еткенде, отыра қалып кітап оқимын. Кітап – адам жанын түсінуге, ой-санасын кеңейтіп, жаңа бастамаларға жол ашуға мүмкіндік туғызады. Әрбір оқылған кітап адамның өз-өзін тануға бағыттайды, жақсы өмір сүруге талаптандырады, жандүниеңді жағымды әсерге бөлейді. Қанша әлеуметтік желінің заманы десек те, кітап өз құнын жоғалтпайды.

Дайындаған – Ерзат АСЫЛ