Толыққанды тұлға болу үшін ел Конституциясына және ұлы Абайдың философиясына сүйену, жалынды қайрат, нұрлы ақыл және өзгелерге жылу сыйлай алатын мейірімді жүрекке ие болу маңызды. Бұл туралы Қаскелең қаласындағы SDU University базасында өткен «Жаңа Конституция – Жастар» атты республикалық салауатты мотивация форумының қатысушылары айтты. Форумды ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі университет басшылығымен бірлесіп ұйымдастырған болатын.
Жиынға еліміздің 75 жоғары оқу орнынан студенттік өзін-өзі басқару ұйымдарының көшбасшылары, белсенді жастар қатысты. Форум ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің бейнеүндеуімен ашылды.
Ол форум жұмысына табыс тілей отырып, бұл басқосу тек пікір алмасу алаңы ғана емес, сонымен қатар қоғамға пайдалы бастамалар мен креативті идеялар туындайтын орын екенін атап өтті. Жаңа Конституция – еліміздің әрі қарай дамуына бағытталған стратегиялық маңызды құжат. Сондықтан оның негізгі мәнін, баптары мен қағидаларын жастарға түсіндіру аса маңызды. Себебі озық ұлт, белсенді азаматтық ұстаным және күшті жастар – әділетті қоғамның негізі. Сонымен қатар форумның өзегіне ұлы Абайдың «Толық адам» философиясының алынуы да ерекше мән бергендей. Мемлекет жастардың білім алып, көшбасшылық қасиеттерін дамытуына барлық жағдай жасап отырғаны белгілі. Осы орайда жас көшбасшылардың алған білімдерін өмірде тиімді пайдаланып, ел игілігіне жұмсауы өте маңызды екені де атап өтілді.
Форум аясында өткен панельдік сессиялар мен тренингтер жастарды жақсы оқуға ынталандыруға, университеттер арасындағы байланысты нығайтуға және жаңа идеялардың пайда болуына бағытталды. Осы орайда «Нұрлы ақыл», «Жылы жүрек» және «Ыстық қайрат» атты үш панельдік сессия жұмыс атқарды. Оларға еліміздің танымал ғалымдары, журналистер, спортшылар, музыканттар, режиссерлер, тележүргізушілер мен блогерлер қатысты.
Форумда SDU University ректоры Әлімжан Игенбаев сөз сөйледі. Ол алғашқы сессияны аша отырып, университеттің жаңа буын мамандарын даярлаудағы рөлі туралы айтты. Ағылшын тілінде білім беретін жетекші жоғары оқу орны ретінде SDU соңғы отыз жылда IT, инженерия, педагогика, бизнес, құқық және әлеуметтік ғылымдар саласында білікті мамандар даярлап келеді. Қазіргі таңда мұнда 9 мыңнан астам студент білім алады. Сондай-ақ ол Абайдың «Толық адам» тұжырымдамасының мәніне тоқталып, оның негізі үш қасиеттен – ыстық қайрат, нұрлы ақыл және жылы жүректен тұратынын атап өтті.
Келесі спикер Шәкәрім университеті жанындағы «Абай және ұлттық руханият» ғылыми орталығының жетекшісі Ақмарал Смағұлова болды. Мазмұнды әрі әсерлі презентация ұсынып, тақырыпты терең ашып берді. Ол атом бомбасын жасаушылардың бірі Роберт Оппенгеймердің «Біз әлемді құтқарамыз деп ойладық, бірақ оны жоюдың жолын таптық» деген сөзін келтіріп, ақылдың тек игілікке бағытталуының маңызын атап өтті.
Публицист-жазушы, академик Марат Тоқашбаев мақсат қоя білу мен оған жетудің маңызын ашты. Сонымен қатар мемлекеттік тілдің ұлттық құндылық ретіндегі рөлін ерекше атап өтті.
Журналист, тележүргізуші Ғалымжан Кеңшілік қоғам қайраткері Ғани Мұратбаевтың өмірін мысалға келтіре отырып, қысқа ғұмырында жүздеген жетім балаға көмектесіп, қоғамға үлкен үлес қосқанын тілге тиек етті.
Режиссер әрі продюсер Қуаныш Бейсек жасанды интеллектің дамуы туралы айтып, болашақта көптеген мамандықтардың жойылуы мүмкін екенін, бірақ шығармашылық ойлайтын адамдар сұраныста қалатынын жеткізді.
«Жылы жүрек» атты екінші сессияда ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі өкілі Ақерке Абылайхан жаңа Конституцияда алғаш рет елдің басты байлығы ретінде адам капиталы көрсетілгенін атап өтті. Сонымен қатар «Заң және тәртіп», «Адал азамат», «Таза Қазақстан» қағидаларына тоқталды.
Белгілі боксшы, Олимпиада жүлдегері Сәкен Бибосынов жеңіске жету үшін тек күш емес, табандылық, төзімділік және өз-өзіңді жеңу қажет екенін айтты. Ал Ертуған Зейноллинов қандай жағдайда да адамдық қасиетті жоғалтпау маңызды екенін алға тартты. Әнші-композитор Ұшқын Жамалбек шабытты табиғаттан алатынын айтып, қазақ даласының кеңдігі мен әндерінің тереңдігін салыстырды. Тревел-блогер Дастан Мұхамедрахым өз өмір жолы туралы әңгімелеп, қарапайым мұғалімдіктен әлемге танылған видеографқа дейінгі тәжірибесімен бөлісті. Оның айтуынша, «жылы жүрек» – істі сүйіспеншілікпен жасау. Форум барысында қатысушыларға шабыт беретін көптеген тағылымды әңгімелер айтылып, жастарды білімге, мақсатқа және елге қызмет етуге шақыру негізгі идея болды.
Шара аясында көшбасшылар аллеясы ашылып, қатысушылар жиырма түп қарағай мен туя көшеттерін отырғызды. Сонымен қатар биыл өзінің 30 жылдығын атап өтетін SDU University бойынша экскурсия ұйымдастырылды.
Қуат Қайранбаев
Қарасай ауданы
