Облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның алғашқы отырысы өтті. Әкімдіктің мәжіліс залында облыс әкімінің орынбасары Ғани Майлыбавтың төрағалымен өткен жиналысқа басқарма басшылары, аталмыш комиссия мүшелері және онлайн режимде аудан әкімдерінің орынбасарлары қатысты.
Жиналыс күн тәртібінде әйелдерді жұмыспен қамту, отбасы институтын нығайту мен аналардың тәрбие жұмысындағы маңызын арттыру сынды мәселер қаралды. Отырыста облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Ержан Байқоныс пен ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Медғат Қабдылқаиров жүзеге асып жатқан жобалар мен статистикалық деректерді ортаға салды. Медғат Көбегенұлының айтуынша, облыстағы 146 аналар кеңесінің 1081 мүшесі бар. Кеңес құрамында педагогтер, зейнеткерлер, мекеме басшылары, кәсіпкерлер, медиаторлар, үй шаруасындағы әйелдер бар. Ең бастысы – аналар кеңесі қазақстандық патриотизмді, толеранттылық пен этносаралық келісімді, ұрпақтар сабақтастығын, ұлттық дәстүрлер мен отбасылық құндылықтарды нығайтуға және сақтауға өз үлесін қосып келеді.
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Ержан Байқоныстың сөзінше, аймақта соңғы жылдары ауыл әйелдеріне арналған бірқатар жоба мен бағдарлама жүзеге асырылуда. «Ауыл аманаты» және «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» арқылы шағын несиелер мен гранттар беріліп, «Бизнес бастау», «Кәсіпкер ана» жобалары аясында кәсіпкер әйелдерге арналған оқыту курстары мен консалтингтік қолдау жолға қойылған. «Еңбек» және «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламалары аясында әйелдердің еңбек нарығына қатысу үлесі жыл сайын артып келеді. Әсіресе жұмысыз әйелердің саны азайған.
Отырыс барысында қатысушылар күн тәртібіндегі мәселелер бойынша ұсыныстарын білдіріп, алдағы жоспарларды нақтылады. Отырысты қорытындылған Ғани Айдарұлы өз сөзінде отбасы институтын нығайту мен әйелдердің қоғамдағы белсенділігін арттыру мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі екенін атап өтті. «Осы жылғы жоспарларымыздың барлығы іске ассын. Сіздермен бірлесіп жасайтын жұмыстарымыз көп. Қолдауларыңыз бен көмектеріңіз әрқашан керек. Себебі қоғам тарапынан көшбасшы әйел азаматтар болмаса бұның барлығын іске асыру мүмкін емес. Биылғы жоспарда аздаған өзгерістер болады. Нәтижелі жұмыс болсын» – деді облыс әкімінің орынбасары Ғани Майлыбаев.
Ерзат АСЫЛ
