Алатау қаласында 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған мерекелік іс-шара көтеріңкі көңіл күйде өтті. Берекелі мерекеге қала тұрғындары, ардагерлер, жастар және түрлі этнос өкілдері қатысып, ел ішіндегі татулық пен достықтың жарқын үлгісін көрсетті.
Мерекелік шара барысында Алатау қаласының әкімі Аркен Хамитұлы Өтенов жиналған жұртшылықты айтулы мерекемен құттықтап, ел бірлігі мен қоғамдық келісімнің маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар, қала басшысы тұрғындарға ізгі тілегін арнап, барша жұртты ынтымақ пен татулықты сақтай отырып, қаланы бірге көркейтуге шақырды.
— Бірлігіміз бекем, ынтымағымыз жарасымды болсын! Алатау қаласын бірге дамытып, гүлдендіре берейік, – деді қала әкімі.
Салтанатты кеште түрлі этномәдени бірлестіктердің өкілдері ұлттық өнерлерін паш етіп, ән мен биден шашу шашты. Көрермендер қазақ халқының дәстүрлі өнерімен қатар, өзге ұлттардың мәдениетімен танысып, ерекше әсер алды.
Мерекелік бағдарлама аясында концерттік қойылымдар ұйымдастырылып, достық пен бірлікті дәріптеген жарқын өнер көрсетілімдері ұсынылды.
1 мамыр мерекесі Алатау қаласында татулықтың, өзара сыйластықтың және ортақ мақсат жолындағы бірліктің айқын көрінісіне айналды.



