Қонаев қалалық көпсалалы ауруханасына 19 жастағы науқас шұғыл түрде жеткізілді. Диагнозы пилорикалық бөлімнің созылмалы асқазан жарасы, перфорациямен және жайылған серозды перитониттің дамуымен асқынған.
Науқастың жағдайы түскен кезде өте ауыр деп бағаланды және өміріне тікелей қауіп төндірді. Жараның перфорациясы салдарынан асқазан ішіндегісі құрсақ қуысына өтіп, ішперденің жедел қабынуын туындатқан – бұл шұғыл хирургиялық араласуды талап ететін ең қауіпті асқынулардың бірі.
Науқастың жағдайын жедел бағалағаннан кейін дәрігерлер дереу ота жасау туралы шешім қабылдады. Операциялық бригада тарапынан шұғыл лапаротомия, асқазанның перфоративті жарасын тігу, құрсақ қуысын санациялау және операциядан кейінгі жағдайды бақылау үшін дренаж қою жүргізілді. Бұл операция аса күрделі санатқа жатады және әр минут санаулы болған жағдайда орындалады, мұнда дәрігерлердің жылдам әрі нақты әрекеті науқастың өмірін сақтап қалуда шешуші рөл атқарады.
Операцияны хирург-дәрігерлері Жарылқап Елемес Абатұлымен Шкуралиев Тахир Закирұлы, сондай-ақ анестезиолог – реаниматолог Өтешбай Али Әлібекұлы жүргізді.
Медицина қызметкерлерінің кәсібилігі, жедел шешім қабылдауы және үйлесімді жұмысының арқасында науқастың жағдайы тұрақтандырылып, ауыр асқынулардың алдын алу мүмкін болды.
Қазіргі таңда науқас қанағаттанарлық жағдайда стационардан шығарылды.
Қалалық көпсалалы аурухана ұжымының атына науқастың анасынан алғыс хат келіп түсті. Ол дәрігерлерге көрсетілген шұғыл көмек пен ұлының өмірін сақтап қалғаны үшін ризашылығын білдірді.
Асқазанның ойық жарасы дер кезінде емделмеген жағдайда өмірге қауіп төндіретін ауыр асқынуларға, соның ішінде перфорация мен перитонитке алып келуі мүмкін аурулардың қатарына жатады.
Мамандар іш ауыруы кезінде ерте медициналық көмекке жүгіну Helicobacter pylori инфекциясын анықтау және дер кезінде емдеу, ауырсынуды басатын дәрілермен өзін-өзі емдеуден бас тарту, дұрыс тамақтану тәртібін сақтау, күйзелістен сақтану маңыздылығын атап өтті.
Дер кезінде қойылған диагноз және дәрігерлердің кәсіби әрекеті ең ауыр жағдайлардың өзінде де науқастың өмірін сақтап қалуда шешуші рөл атқарады.




