Облыс орталығында Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған «Бірлік» фестивалі аясында бұқаралық велошеру өтті. Қонаев қалалық әкімдігі ұйымдастырған іс-шарада салауатты өмір салтын ұстанатын 170 әуесқой жас санатына қарай өзара кіл мықтыны анықтады.
Велоспортпен айналысатын облыс орталығының тұрғындары бүгін таңғы сағат 7-ден бастап қаладағы орталық алаңға жиналды. Велошерудің ашылу салтанатында сөз алған облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев қатысушыларға жылы лебізін білдірді.
«Спорт – денсаулық кепілі, ерік-жігердің шыңдалуы және ұлттың болашағы үшін маңызды сала. Бүгін біз велошеруге қатысу арқылы спортқа деген сүйіспеншілігімізді, ортақ мүдделерімізді және бірлігімізді көрсетеміз. Жарыстағы әр қадам біздің денсаулығымызды нығайтуға, қала экологиясын жақсартуға және болашақ ұрпаққа үлгі көрсетуге қосқан үлесіміз. Баршаңызға денсаулық, күш-қуат тілеймін! Велошеру сәтті өтіп, спорттық рухтарыңыз асқақтай берсін!» – деді Марат Елеусізұлы.
Бұл жолы велошеруде ерлер 4 жас санатында, ал әйелдер 18 жасқа дейін және 18-35 жас аралғында бақ сынады. Ортақ 8 шақырым жүрген жарыс қатысушыларына полиция қызметінің көлігі жол бастап, қауіпсіздікті қамтамасыз етіп отырды. Жарыс соңында мәре сызығын бірінші болып кесіп өткендерге 150 мың теңге, екінші орын алғандарға 100 мың және үздік үштікті түйіндегендерге 50 мың теңге ақшалай сыйылық табысталды. Сонымен қоса белсенді қатысқандар, ұйымдастыруға қолқабыс еткендер Алғыс хаттармен марапатталды.
Ерзат АСЫЛ



