Ұлтты сақтайтын – рухани құндылық. Оған арғы-бергі тарихқа ой жіберсең, көзің жетеді, көңілің иланады. Тіпті, жер бетінен жойылып кеткен жұрттардың мұрасы есептелетін құндылықтар жалпыадамзатқа қызмет етіп келеді. Бұған дәлел жетіп артылады.
Ал қазақ деген жұртымыздың өткен жолына қарап отырсақ, қилы кезеңдер аз емес. Бірақ бәрінен жол тауып өткен. Сол үлгі, өнегеге қалай жеттік деген сұраққа жауап іздер болсақ, бірінші айтарымыз – ұлтымыздың жадының кереметтігі дер едім, сол жадында сақталған рухани құндылықты ұрпағы арқылы жалғастырып отыру дәстүрінің ерекшелігінен іздегеніміз жөн. Оған қазір том-том болып жарық көрген кітаптар мысал бола алады.
Бір ғана Мұрын Сеңгірбайұлы айлап жырлаған тұтас дүние – «Қырымның қырық батыры» неге тұрады?! Екінші – ұлтымыз тарихын тасқа жазып қалдырған «Күлтегін» және «Тоныкөк» ескерткіштері. Сол Күлтегін бабамыздан «Биікте Көк Тәңірі, Төменде қара жер жаралғанда…Түркі халқы жойылмасын, Ел болсын!» деген аталы сөз қалды. Ел болғанның белгісін күні кеше киелі Түркістанда бас қосқан Түркі жұрты басшыларының мәңгілік мәмілесі дер едік.
Абайдан асқан дана, Абайдан асқан дара, қазірше қазақта болмаса керек. Абайдың төрт құбыласы түгел еді. Дәулеті де ешкімнен кем емес еді. Бірақ ұлтым дегенде, аянып қалған жері жоқ. Ал Абай данышпанды қара сөзбен әлемге танытқан Мұхтар Әуезов «Кітап аяулы досы бола бастаған шақтан былай ғана әрбір жан өзін интеллигент бола бастадым деп санауына болады» дейді. Сол секілді сөз зергері Әбіш Кекілбаев «Адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен – кітапхана» депті. Міне, жұртымыздың ғасырлар қойнауындағы жүріп өткен жолына, рухани дүниелеріне ой жібергенде, осы бір аталы сөздер еске түседі.
«Біз Абай аманатына адал болуымыз керек» деген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен сенбі күні «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойды. Президенттің бұл Жарлығы құндылықтарымызды жаңғырта отырып дамыту, кейінгі ұрпақтың санасына сіңіру мәселесі бойынша ерекше дүние деп білеміз. Бұл – зияткерлік мұрамызды, қатпар-қатпар мәдениетімізді, білім беру ісін өркендету жолындағы ерекше қадам. Әсіресе, тәрбиені тәлімді ету жолындағы айқын мақсаттың темірқазығы екені айдай анық.
Жарлықта кітап оқу мәдениеті зерделі ұлтты қалыптастыру екенін алға тартады. Жаһандану заманының бұраң-бұлтарысынан, қаға берісінен аман шығу үшін заманауи талапқа сай жаңа форматтағы кітапханалар құру, ол Ата Заң қағидаларына сай болу керектігін де еске салады. Әсіресе баспагерлер мен кітап өнімін таратушылардың мемлекет үшін пайдалы қызметтерін ынталандыру, ұлттық әдеби мұраны ел ішінде және шет елде насихаттау туралы айтқандары алда атқарылатын шаруалардың басты бағыты деп білеміз. Үкіметке жүктеген 9 тапсырмада да ауқымды жұмыстардың бар екенін аңғартады. Қадап айтар бір мәселе – осы тапсырмалардың ішінде жалпы халықта, оның ішінде балалар мен жастар арасында кітап оқу үрдісін жетілдіру, ұлттық әдеби мұраны насихаттау, аударма ісін дамыту және биыл «Жылдың 10 оқырманы» республикалық жобасын іске асыру, «Зерделі ұлт» тұжырымдамасын бекіту, Қазақстан Республикасының «Кітапхана және кітап шығару ісі туралы» Заңының жаңа жобасын әзірлеу,Ұлттық сыйлық тағайындау жөніндегі тапсырмалар халықтың көңілінен шығып қана қоймай, қанағаттандыратын қағидалы іс екені сөзсіз.
Алда да айттық, жер байлығы тұрмысты түзеудің көзі десек, рухани байлық – ұлттың мәңгілігі. Мәңгілік деп отырғанымыз, ол – бабалар жолы, даналар тағылымы, абыздар өсиеті. Бұл тұрғыдан келгенде Президенттің Жарлығы түсіне білсек, түйсіне алсақ, рухани құндылықты балапандай баулып, қырандай түлетуге жол ашады. Мұндай халыққа қажет жұмысты ойлылықпен атқару қажет. Дүрмекке салмай, жалпы қарамай, әр қадам нақты, тіпті жалқы атқарылуы керек. Дүрмекпен кетсе, нәтижесі күдікке көмеді. Тіпті, айтылады, қаладыға апаруы да ғажап емес.
Кітап – құдіретті дүние. Қасиетті дініміздің өзі Құранда тарау-тармағымен жазылған. Ұлтымыздың рухани құндылығы ұшан-теңіз. Таяу жылдары шыққан, біреу білсе, біреу білмейтін жүз томдық ауыз әдебиетінен бастап, бүкіл жауһарларымыз қамтылған кітап әр үйдің төрінде тұрса, қане?!
Бір замандары әлем ойшылдарының афоризмдеріне тамсанып келсек, елдіктен кейін зерделеп көрсек, байлықтың көкесі, қазақ афоризмдері де аз емес екен. Ербол Шәймерденов жарыққа шығарған, 25 ғасырды қамтыған, нақтылай түссек, біздің заманымызға дейінгі V-VII ғасырлардан, яғни «Еркін адам дегеніміз – өз қалауымен, өз заңдарымен өмір сүрген адам» деген Анақарыстан бастап, кешегі «Туған жерге деген махаббаттан да адамның моральдық бет-бейнесі көрінеді» деген Сағат Әшімбаевқа дейінгі ұлы ғұламалардың ақыл-ойы топтастырылған жинақтың жөні бөлек.
Жарыққа шығып жатқан қатпар-қатпар тарихи дүниелер, 15 томдық әдеби тіл сөздігі, қазақ энциклопедиялары, ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның 15 томдығы, өнер туралы жазылған кітаптар баршылық. Ұлт тарихын хатқа түсіріп кеткен Махмұт Қашқаридың, Шоқан Уәлихановтың, Әлкей Марғұланның, басқа да зиялылардың кітаптары бір-бір әлемге тұрарлық.
Жарлықта кітап шығару ісі, кітапхана мәселесі айтылған. Қазір бір атап өтерлігі, мемлекеттік тапсырыспен кітаптар жарық көріп жатыр. Бұл – қуана құптарлық жағдай. Тек таралымы көңіл көншітпейді. Қалың жұрттың қолына тие бермейді. Кітап дүкендеріндегі кітап бағасы шарықтап тұр, несін жасырайық, кез келген адамның қалтасы көтере бермейді. Әсіресе, балалар кітабы қолжетімді болса деген тілек бар. Мемлекеттік тапсырыстан өзге жеке адамдар да кітап шығарумен айналысып келеді. Бұл да керек болар. Дегенмен, ондай дүние топан тірлікке айналмаса екен дейміз. Қаржы бар екен деп сапасыз кітаптарды жұртқа ұсыну, кітаптың құнын түсіру, осы да керек пе деген ығыр іске апармай қоймайды. «Шөп те өлең, шөңге де өлең» кебіне апармағанымыз жөн секілді. Сол шыққан кітаптарды қарап отырсаң, соңында редактор деген адамның аты-жөні тұрады. Бәрі демесек те, кітаптардың көбі жүйесіз келеді. Қате өріп жүреді. Қайталап айтайық, бұл оқырманның орынды ренішін туғызбай қоймайды. Кезінде баспада редакторлық қызмет те атқардық. Ол кездегі әдебиетіміздің айтулылары редакторымен санасатын. Жан-жақты талдаудан өтіп барып өндіріске жіберіледі. Мұның бәрі – оқырманның талабынан шығу. Бұлай деуімізге себеп – Жарлыққа сай кітап сапасын арттыру мәселесін қолға алу керек. Ендігі жерде Президент жүктеген үлкен міндеттерді жұрт болып жұмылып, ұлт болып ұйып жалпы іспен де, әрқайсымызға тиесілі жалқы жұмыспен де атқаруға тиістіміз. Тек науқаншылдыққа салынбасақ екен.
Ал кітапхана мәселесіне келетін болсақ, анау заманда барлық шаруашылықтағы оқырмандарға екі кітапхана қызмет көрсететін. Оның біріншісі – ұжымшар, кеңшар кітапханасы болса, екіншісі – мектеп кітапханасы еді. Бүгінгі алдыңғы толқынның бәрі дерлік сол кітапхананың оқырмандары десек, артық айтқандық болмас. Кешегі аласапыран, жабайы жекешелендірудің кесірінен жабылған кітапханалар бірте-бірте жанданып келеді. Біз де сондай қадамға барып, оқыған, қызмет еткен мектебімізге «Ақпараттық танымдық орталық» ашқан едік. Мұны айтудағы ниетіміз, кітапхана жабдықтауды мемлекеттік жұмыс демей, әрқайсымыз бізге де жүктеліп отыр деп үлес қоссақ, ұрпақ алдындағы парыз бен қарызды ақтаған болар едік. Қалталы делінетін азаматтар төңірегін түгендеп, рухани тірлікті тірегім деп таныса, көп мәселе шешімін табар еді.
Елдік іске бірігу, бұл бүгін ғана басталып отырған жоқ. Арғы ата-бабаларымыздан жалғасқан, «Қазақтың оқыған азаматтары, қазаққа осындайда қызмет етпегенде қашан қызмет етіп, пайдамызды тигіземіз?! Қазақ-ау! Оян!» (Әлихан Бөкейханов), «Оқусыз халық қанша бай болса да, біраз жылдардан кейін оның байлығы өнерлі халықтардың қолына өтпекші» (Ахмет Байтұрсынұлы) деген Алаш арыстарынан бастап, кешегі ұлт алыптары айтқан ұлағат айқын бағыт, бұлтақсыз жол болуы тиіс.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі Жарлығының мақсаты – сол арыстардың сара жолын өртеңге өскен қызғалдақтай ұрпаққа жеткізу. Бұған білектей бірлік, жұдырықтай жұмылып, намыс найзасына жанылған, тоты кетіп жарқыраған тірлік керек деп білеміз. Сол кезде ғана рухани құндылығымыз Хантәңірдің шыңындай биіктеп, біз де бар екенбіз, өзгенің қызыл-жасылына қызығудан арылу керек екен деген ұлы ұғым санамызға сіңері хақ.
Сүлеймен Мәмет,
жазушы-журналист,
Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері,
Алматы облысының Құрметті азаматы



