Адам саудасы – бүгінгі таңда әлем жұртшылығын алаңдатып отырған ең ауыр қылмыстардың бірі. Бұл – адамның бостандығына қол сұғып, оны алдау, қорқыту немесе мәжбүрлеу арқылы пайда табуды көздейтін заңсыз әрекет. Мұндай қылмыстың құрбандары мәжбүрлі еңбекке тартылып, құжаттарынан айырылып, еркін жүріп-тұру мүмкіндігінен шектелуі мүмкін. Сондықтан адам саудасының алдын алу – құқық қорғау органдарының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті.
Алматы облысы халық санының көптігімен, ауыл шаруашылығы, құрылыс, өндіріс, сауда және қызмет көрсету салаларының қарқынды дамуымен ерекшеленеді. Сонымен қатар өңір арқылы ішкі және сыртқы еңбек көші-қонының белсенді жүруі де белгілі бір тәуекелдерді арттырады. Осындай жағдайда азаматтардың құқықтық сауаттылығын күшейтіп, адам саудасының алдын алу бағытындағы түсіндіру жұмыстарын тұрақтыжүргізудің маңызы арта түседі. Қылмыскерлер көбіне жоғары жалақы, жеңіл жұмыс немесе шетелде еңбек етуге байланысты тиімді ұсыныстар арқылы адамдардың сеніміне кіреді. Кейбір жағдайда еңбек шарты жасалмайды, жұмыс беруші жеке құжаттарды өзінде қалдыруды талап етеді немесе еңбекақыны түрлі сылтаумен төлемейді. Мұндай белгілер адам саудасының алғашқы көріністерінің бірі болуы мүмкін. Сондықтан кез келген азамат күмәнді ұсыныстарға сақтықпен қарап, жұмысқа орналасар алдында жұмыс беруші туралы жан-жақты ақпарат жинағаны дұрыс.
Мамандардың айтуынша, адам саудасының құрбаны тек шетелге кеткен азаматтар ғана болмайды. Мұндай қылмыс еліміздің ішінде де кездесуі мүмкін. Кейбір адамдар заңсыз еңбекке тартылып, психологиялық қысымға ұшырайды немесе еркін жүріп-тұру құқығынан айырылады. Осындай жағдайлардың алдын алу үшін әрбір азамат өз құқықтарын жақсы білуі және күмәнді жағдайға тап болғанда немесе сондай оқиғаға куә болғанда құзырлы органдарға дер кезінде хабарлауы қажет. Алдын алу шаралары қарапайым сақтықтан басталады. Жұмысқа орналасу кезінде міндетті түрде еңбек шартын талап ету, жеке куәлік пен төлқұжатты бөгде адамдарға бермеу, жұмыс берушінің заңды қызметін алдын ала тексеру, шетелге шығатын жағдайда туыстарыңызға қайда баратыныңызды және байланыс нөмірлерін қалдыру – қауіпсіздіктің маңызды шарттарының бірі. Сондай-ақ әлеуметтік желілерде немесе түрлі интернет платформаларда жарияланған шектен тыс тиімді ұсыныстарға сын көзбен қараған жөн.
Алматы облысында адам саудасының алдын алу бағытында құқық қорғау органдары, прокуратура, жергілікті атқарушы органдар, білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау мекемелері бірлесіп жұмыс жүргізуде. Бұдан бөлек, үкіметтік емес ұйымдар да халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын ұйымдастырып, қиын жағдайға тап болған азаматтарға құқықтық, психологиялық және әлеуметтік көмек көрсетеді. Осындай өзара іс-қимылдың нәтижесінде адам саудасының тәуекелдерін төмендетуге және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік туады. Адам саудасына қарсы күресте қоғамның белсенділігі де ерекше маңызды. Көрші-қолаңның, туыстардың немесе таныстардың күмәнді жағдайда жүргенін байқаса, бейжай қалмай, тиісті мекемелерге хабарлау кейде бір адамның тағдырын сақтап қалуы мүмкін. Өйткені бұл қылмыс үнсіздікті жақсы көреді, ал дер кезінде көрсетілген көмек оның жолын кесуге мүмкіндік береді. Адамның өмірі, ар-намысы мен бостандығы – мемлекеттің ең басты құндылықтарының бірі. Сондықтан адам саудасының алдын алу бағытындағы жұмыстар бір сәтке де тоқтамауы тиіс. Құқықтық сауаттылықты арттыру, сақтық шараларын сақтау және қоғамның ортақ жауапкершілігін күшейту арқылы ғана бұл ауыр қылмыстың алдын алып, әрбір азаматтың қауіпсіз өмір сүруіне қолайлы орта қалыптастыруға болады.

